Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Бейсенбі, 18 сәуiр, 20:32

Қаһарлы қыс амалдары

02.02.2021

2136

0

Ата-бабаларымыз күнделікті өмірден жинақтал­ған тәжірибелерімен жыл сайын жұлдыздардың қозғалуынан болатын табиғаттың кейбір өзгерістерін зерттеп, оның жыл сайын дәл уақытында қайталанатынын бақылап отырған. Соған қарай шаруа жайын қамдаған, тіршілігін түзеген. Тіпті халықтық болжамның дәл келетіні сонша әр айдағы орындалатын амалдарды да уақытына дейін біліп отыратын болған. Көбіне аспандағы жұлдыздардың, оның ішінде үркер шоқжұлдызының қозғалысына қарай болжам жасалатын. Сол секілді қаһарлы қыс айларында да орындалатын амалдар бар. Енді солардың халық аузында жүрген бірнешеуіне тоқталып кетсек…

Қыстың алғашқы айы – желтоқсан. Бұл айдың басында қырбастың қызылы деп аталатын алғашқы аяз болады. Қар қалың әрі тұтас түскеннен кейінгі болатын алғашқы аяз күндері осылай аталған. Болжаушылардың айтуынша, қырбастың қызылы үш-бес күнге созылып, сонан соң аяз беті қайта бастайды. Бұл күндері қолдағы малды аяз беті қайтқанша өріске тым ұзатып жаймайды. Желтоқсанның 15-20 күндері ауа райы күрт өзгеріп, ақбөкендер мен қарақұйрықтардың текелері үйірге түсіп, бір-бірімен қосақталатын кезең «Киіктің матауы» аталған. Тап осы кезеңде нөсерлеп жаңбыр жауып, сасай болған ақбөкеннің текелері сасық иісінен тазарады екен. Бұл кезеңдерде жауын-шашын болмай қалса, текелердің көздері ағарып, өліп кетуі де мүмкін. Бұл кезеңді «Киіктің мойын жуары» атаған. Желтоқсанның 22-сі ең қысқа күн, астрономиялық жыл басы. Желтоқсанның алғашқы күні күн райы жылы болса, айдың бірінші он күні жылы, түсте салқындап, бұрқасын көтерілсе, бұл құбылыс ай ортасында қайталанар, ал кешке қарай боран күшейсе, қыс ұзаққа созылмақ, алғашқы қар нығыз не жаңбырмен араласып түссе, жаз ылғалды, құр қылаулап тұрса, жаз қуаң болар. Бұл айда таң шапағы қызғылттанса, жел тұрады, күн құлақтанып батса, ертеңіне күн салқындайды, айдың айналасы шеңберленсе не бұлт желге қарсы көшсе, қар жауады, ал қар жапалақтап жауса, күн бұлыңғырланып, күн бұзылады. Күн құлақтанып, түтін тік ұшса, жұлдыздар анық көрініп, жиі жымыңдаса, аяқ басқан қар қатты сықырласа, будақ бұлттар көкжиектен өркештене көтеріліп көрінбей кетсе, аяз боларын біле бер. Тынық күннің өзінде шыршаның құрғақ, ұзын бұтақтары иілсе, күннің айналасы шеңберленсе, боран соғуының белгісі деп біл. Желтоқсанның 25-і мен 5 ақпан аралығы, сақылдаған сары аяздар болатын әсіресе қаңтардың соңғы күндері, ең суық 40 күн «Қысқы шілде» немесе «Кіші шілде» аталған.

Күннің таласуы қаңтар айы кіргенде орындалатын амал. Бұл да ата-бабаларымыздан жеткен амал, тылсым табиғаттың бір ерекшелігі деуге болады. Халықтың айтуынша, «күн бой көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді. Қыс шілдесі деген амал да қаңтардың соңғы күндеріне сәйкес келеді. Бұл күндері қаһарлы қыс күшіне мінеді. Нағыз қыс келіп, сақылдаған сары аяз басталады. Мұны қазақтар «қыс шілдесі» деп атайды. 25 желтоқсан мен 5 ақпан аралығындағы қара суық тоқырау кезең осы амал болып табылады.

Ақпан – екінші ай. Қыстың, әрі жылдың соңғы айы. «Ақпан қазақтың «ақ ықпа» деген сөзінен шыққан» дейді халық. Бұл ай – қыстың ең ауыр әрі қаһарлы кезі. Қатты суық, аяз, үскірік, дүлей борандар осы айда болады. «Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан, ақпан, Қырлан» деген қаңтар ақпанға бәрін тапсырып кетеді екен» деген сөздер де кездеседі. Ақпан – жылдың ең қысқа айы, кейде 28, кейде 29 күнмен бітіп отырады. 29 күнмен бітетін кезі төрт жылда бір келеді. Халық бұл айды үрейлі жағдайда өткізеді. Өйткені тарихтағы жұттар, ел азықсырап, мал арықтап қалатын қиын жағдайлар дәл осы айда орын алған екен. Бір жағынан ақпанда күн ұзарады. Ақпанда күн ат адым ұзарады» деген сөз осыдан қалса керек. Жалпы ақпан айының қысы ақырып келеді. «Ат құлағы көрінбейтін борандар» осы айларда күш алады. Ал ақпан-тоқпан амалы көктемнің басына сәйкес келеді. Осы амалдан кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз деп атайды. Яғни күннің көзі шуақтанып, ашық күндері түс қайта жібіңкіреп тұратынын халық осылай бейнелеген.

Сонымен бірге ақпан айының басқа айлардан ерекшелігі 28 күннен тұратыны болса, төрт жылда бір 29 күнмен аяқталады. Бұл жыл «кібісе жылы» деп аталады. Кібісе жылының пайда болуы ежелгі Мысырдан бастау алған. Жұлдыздардың жай-күйін терең зерттеген египеттік ғалымдар күндерді жаңылмай санай отырып, халыққа Сүмбіленің туатын мезгілін дер кезінде ескерткен. Осындай санақтың нәтижесінде өзіміз бүгінгі күні қолданып жүрген күнтізбе пайда болды. Сөйтіп, ғалымдар күн мен түннің теңелу уақытының арасын жыл деп атады. Жылдың төрт мезгілін аңғарып, бір жылды жылдың мезгілдеріне сәйкес төртке бөлді. Бұған қоса, ғалымдар өздерінің зерттеуінде әр үш жылдың 365 күнге аяқталып, ал әрбір төртінші жылдың күн саны алдағы үш жылда бір күннің артық қалуы салдарынан 366 күнге толатынын дәлме-дәл есептеп шығарды. Міне, осыдан келіп «Кібісе жыл» деп атайтын жыл пайда болды. Ал төрт жылда бір рет қайталанып келетін басы артық бір күн ақпан айының үлесіне тиді.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: