Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 01:08

Туған жері – тұғыры

10.08.2022

735

0

Жалағаш кентінде тұратын жеке кәсіпкер Залман Мәжиеваны жас кезінен жақсы білемін. Өйткені екеуміз Мәдениет ауылының киелі топырағында дүниеге келген төл перзентіміз. Оның жасы менен біраз кіші болатын, ауыл орталығындағы мектеп-интернатта оқыдық. Ұлты шешен болғанымен қазақ мектебінде оқып, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеп, қасиеттерін бойына сіңіріп өсті. Ата-анасы көп жыл Мырзабай ахун мешіті жанында қоныстанып, мал бағып, егін егіп, еңбек етті. Сол жылдары менің әкем де колхоздың малын бағып, біраз жыл көрші болдық. Сондықтан ата-анасын, бауырларын да жақсы танимын.

Сексенінші жылдардың соңында ту­ған-туыстарының шақыруымен қо­­ныс аударуға көштің басын Шешен­станға бұрады. Қазақ халқының қа­ра­пайым қонақжайлылығын кө­ріп құ­да-жекжат болып, бауыр басып қал­­ған олар, ауылдастарымен әрең қош­­та­сады. Кавказ жеріне барып туыста­рымен қауыш­қан Мәжиевтер әулеті Қа­зақ­стандағы достарымен хат жазып, хабарласып тұрады. Қайда жүрсең де кіндік қаның тамған туған жердің топырағы ыстық қой. Кавказда жүріп туысқандарымен қауышып, қуанса да Залман жат жердің тіршілігіне көндіге қоймайды. Бірге өскен достарын ойлап, туған жерге аңсары ауа берген. Ақыры 1986 жылы туған еліне Қазақстанға қайтып оралады. Дос­тарымен кездесіп, арқа-жарқа әңгі­мелеседі. Қолынан іс келеді. Аудан ор­талығындағы «Талапкерде» біраз жыл тігінші болып қызмет жасайды. Елі­міз егемендік алғаннан кейін еркіндік бе­ріліп, кәсіпке бет бұрады. «Нан жемек болсаң, отын тасудан ерінбе» демекші, алғашқы кездері оқушыларға керекті оқу құралдарын әкеліп сатты. Сұраныс көбейді. Содан кейін қызмет аясын кеңейтіп, бұрынғы әмбебап дүкені жа­нындағы екі ғимаратты сатып алып дүкен ашты. Бұл дүкендерде құрылыс мате­риалдары, оқу құралдары, ыдыс-аяқтар, теледидар, жиһаздар дейсіз бе, жалпы киім-кешектерден басқа тұрмысқа қажетті заттардың бәрі бар. Қалаға шапқылап шаршамай іздегенің осы жерден табылады. Шүкір, халықтың сұранысын орындап қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қазір не көп, кәсіпкер көп. Кәсіпкер Залман Мәжиева жайлы ерекше айтып жатуымның өзіндік себебі бар. Біріншіден, ол екеуміз бір ауылда туып-өскен жерлеспіз. Сол себептен аға-қарындастай сыйласып, амандық-саулық сұрасып, күнделікті өмірде араласып тұрамыз. Екіншіден, осы Залман 1830-1916 жыл­дары өмір сүрген көріпкел әулие Мырзабай ахунды өз көзімен көрген жан. Әрине, пендеміз ғой, осыдан жүз жыл бұрын өмірден өтіп кеткен ахунды көріп, тілдесіпті дегенге көпшілік сенбеуі де мүмкін. Шынымен де адам баласының болашағын болжап, тағдыр-тауқыметін тап басып айту қиын. Ол тек бір Алла Тағалаға аян. Адам баласы өмір сүрген қоғамда ой түбіне жете алмайтын тыл­сым дүниенің таңғажайыбына тап ке­летін кездері де болады. Бәрімізде пен­деміз, бір ғаламат құдірет күштің бар екеніне сенсек те көзбен көрмеген соң, естіген әңгімелерге сенер-сен­бе­сімізді білмей дүдәмал күйде бола­ты­нымыз рас. Сол сияқты Залман қа­рын­дасымның Мырзабай ахунды тірі кейпінде көргенін естігенде шынымен де ойланып қалдым.
– Серік аға, ахунды көргенімді кез келген кісіге айта бермеймін. Сіз бір игілікті істі қолға алып, Мырзабай ахун жайлы деректер жинап жүр екенсіз. Енді Сізге елден естігенімді емес, өз көзім­мен көргенімді айтайын, – деп Залман әңгімесін бастады.
– Әлі есімде, 1995 жылы Шешенстанға ата-анамның қасына қайта көшіп бар­дым. Үй шаруасына араласып, ата-ана­ма көмектесемін. Туған-туыстарым да осы жақта, күнделікті хабарласып, ара­ласып тұрамыз. Сол жылы күз айы­ның қоңырқай күндерінің бірі болатын. Мен сатыға шығып, үйдің сыртын әктеп жатқанмын. Анам да жанымда күйбеңдеп өз шаруасымен айналысып жүр. Бір қарасам ауланың қақпасы ашы­лып жұпыны киінген диуана бей­несіндегі бір кісі кіріп келеді екен, жүзі таныс секілді көрінді. – Анашым, ана кісіге қараңызшы, – дедім дауыстап. Анам да орнынан тұрып, жалт қарады. Сол кездері үй аралап жүретін қайыршы-тәжіктер көп болатын, солардың бірі шығар деген ой келді маған. Көкөніс, бақша еккен жерімізді айналып көрген ол жаныма келді. Мен де сол кезде: – Ата, мынаны алыңыз, – деп жүз рубл ұсындым. Сонда әлгі кісі: – Қызым, мен қайыршы емеспін, бірақ шын ниетпен берген садақаны алайын. Саған айтарым, бұл жақта да жағдайың жақсы екен. Бірақ сен Қазақстанға қайтуың керек. Ырзық-несібең сол жақта күтіп тұр, – деді де қақпаға қарай беттеді. Туған елге не үшін келуім керек деген сауалды қойғым келіп дереу артынан жүгіріп шықтым. Бірақ ол кісі әп-сәтте көзден ғайып болды. Кіммен сөйлестің, жүз рублді кімге бердің? Аталап қақпаға қарай жүгірдің ғой. Сен есіңнен ауышайын дедің бе, – деп анам сұрақтың астына алып жатыр. Мен көргенімді, бейтаныс кісіге 100 рубл бергенімді айттым. Бір таң қалғаным қасымда тұрған анам әлгі кісіні көрмепті. Анам болса айтқаныма сенер -сенбесін білмей аң-таң болып тұрды да үйге кіріп кетті. Мен түс көрген­дей орнымда отырып ойланып қалдым. Өзгелерге көрінбейтін бұл жұмбақ кісі кім болды екен? Сәлден кейін білдім, дәл осы кісіні бірнеше рет түсімде көрген екенмін ғой. Сонда барып бетпердесі таныс кісі Мырзабай ахун екеніне көзім жетті. Сол сәтте бала кезімдегі бір оқиға есіме түсті.
Мәдениет ауылында дүниеге келген мен ол кезде 5 жаста болатынмын. Бәрі есімде, бір күні ауылдан шығып адасып кеттім. Қай бағытқа бара жатқанымды өзім де білмеймін. Әйтеуір бір құдірет күш алға сүйреп жүре беріппін. Әй­теуір бір мешітке келіп сонда түнеп шыққанымды білемін. Әкемнің айтуын­ша, азаннан кешке дейін мені бүкіл ауыл болып іздейді. Бірақ айнала қалың жыңғыл, шеңгел болған соң таба алмайды. Әкем Таша екінші күні атына мініп тағы да іздеп шығады. Ка­налдарды жағалап біраз жерді сүзге­німен нәтиже болмайды. Кешкі іңірге дейін іздеп баладан түңілген әкесі аты­ның басын ауылға қарай бұрады. Кенет, сол ауылдан 4-5 шақырым жерде орналасқан Мырзабай ахунның ескі мешіті жақтан темір есіктің ашылып, қайтадан тарс етіп жабылғандай бо­лады. Алғашқыда мән беріп көңіл бөлме­ген екен. Сол дауыл қайта қайта­ланады. Сосын аң-таң болып ме­шітке қарай жақындап келеді. Міне, қызық осы кезде айналасы ну тоғай айда­ладағы мешіттен мен шығыппын. Бейне бір оң қолымнан біреу қолтықтап келе жатқан секілді дейді әкем. Бірақ мен ол кісіні көрдім. Мешітте қанша уақыт жатқанымды білмеймін. Бір кезде ақ киімді сәлделі үлкен кісі жаныма келіп: – Қызым, тұра ғой, үйіңе қайт, -деп қолымнан жетектеп әкеліп әкеме табыс етті де өзі ғайып болды. Бірақ әкеме ол кісі көрінбепті. Міне мен де сол көрінген кісі құдірет иесі әруақты Мырзабай ахун екенін есейіп ер жеткен соң барып білдім, – деген Залман сәл-пәл ойланып отырып, әңгімесін одан әрі жалғады. Сонымен 1995 жылы ата-анаммен ақыл­­дасып, рұқсатын алып, туған же­рім Жала­ғашқа келіп, кәсібімді қайта жалғас­тырдым. Мырзабай мешітіне ба­рып мал шалып, құран оқып қайт­тым. Содан кейін күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп бірнеше жыл мешітке бара алмай қалдым. Бір күні түс көрдім, түсімде бір ақала, бір қарала екі жылан бір-бірімен жалғасып шұбатылып мені айналып өтті де жоқ болып кетті. Сол түсті тағы да көрдім. Бірақ қанша сұсты болғанмен әлгі жыландардан қорыққан емеспін. Содан қай күні екені есімде жоқ, бір қыз іздеп келді.
– Залман деген сіз бе?
– Иә, менмін.
– Мырзабай мешітіне көптен бері бар­мапсыз. Сізді атаңыз іздеп жатыр ғой.

Жөн сұрастық. Әлгі қыз Семей облысынан екен, өзі де тегін емес тәуіп көрінеді. Содан кейін ықыласым ауып көп ұзамай сіңлім Сәлиманы жаныма алып Мырзабай мешітіне бардым. Ол кезде мешітке жөндеу жұмысы жүрмеген кез. Мешіттің кезінде сүт зауыты, кейін дүкен болғанын бала кезімізде көрдік. Мал бағып отырған әкем Ташаның мешіттің жанындағы шеген құдықты жөн­деп пайдаланғанымызды да біле­тінмін. Сол жылы ахунның шөбересі Ораз мешітке шырақшы болып келіп жатыр екен. Ораз, Сәлима мен үшеуміз сол құдықтың басына бардық. Біраз жыл қараусыз қалғанмен құдықтың беті жабулы екен. Ашып қарасақ тұнып тұрған су көрінеді. Әруақ жатқан жерді кезінде көптеген жандар пайдаланып игілігін көрген құдықтың суын ішкім келіп кетті. Сол жерде тұрып Ораз, Сәлима және мен үшеуміз қасиетті құдықтың суын бірге ішіп, туған бауырдай сыйласуға сөз бердік. Құдықтан батырып тартып алынған жарты шелек суды мен бастап іштім. Мөп-мөлдір, мұздай екен. Менен кейін Ораз бен Сәлима ішті. Содан кейін мешітке беттедік. – Мешітке кіргенде көздеріңе екі жылан көрінуі мүмкін, қорқып жүрмеңдер, – деді Ораз. Сіңілім Сәлима жыланнан қатты қорқатын еді, мен кірмеймін деп безек қақты. Ораз екеуміз оны мешітке кіруге әрең көндірдік. Мешітке кіріп келгенімізде бірі есіктің ішкі босағасында, екіншісі төрде ирелеңдеп жатқан екі жыланды көріп таңырқап қалдым. Таңырқаған себебім, түсімде көріп жүрген ақала, қарала екі жылан осы жерде жатыр. Біз ішке енгенде екі жыланда төрге дейін ирелеңдеп барып жоқ болып кетті. Сол кезде сәл кідіріп қалған Сәлима да ішке кірген еді. Ол қарала жыланның құйрығын ғана көріп қалыпты. Жататын ұясы бар шығар деген оймен жыландардың кіріп кеткен жерін қарадық. Ол жерде тесік те, саңылау да жоқ. Сол жерде әруаққа құран оқып шықтық. Сонда білдім, әруақты ата түсіме еніп менен құран дәметіп жүреді екен ғой. Содан кейін жылына екі-үш рет мешітке барып, құран бағыштап қайтамын. Имандылық үйін жөндеуге әк, сыр беріп көмегімді көрсетіп тұрамын. Бірақ мен біреуге бергенімді, жасаған жақсылықтарымды ешкімге айтпаймын. Өйткені, мешітке көмек беру – үлкен сауап. Ал шариғатта сауапты іс насихаттауға жатпайды.
Менің Мырзабай ахунды көріп тілдескенімді айтсам, екінің бірі сене бермейді. Әрине оларды да түсінемін, сенсе де, сенбесе де өздерінің еркі ғой. Кез келген әруақ түсіңе еніп, әртүрлі бейне кейпінде көрінуі мүмкін. Қалай болғанда да Алла тағаланың құдіретіне ешкім шек келтіре алмайды. Мен көзіммен көргенімді айтамын. Қазақстан көлемінде жүрсем де, шет елге жол сапарға шықсам да жанымда бір көбелек ұшып жүреді. Оны көргендер қанша рет үркітіп қумақ болса да қайтып келе береді. Сол әруақ бірде көбелек, бірде шегіртке болып мінген көліктеріме жармасып жанымнан қалмайды. Оны өзім көріп ішімнен сезіп отырамын. Өйткені қайда жүрсемде Мырзабай атамның әруағы жолымды ашып, желеп-жебеп отырады. Шүкір, әруақ қолдаған соң жұмысым алға басып, кәсібімді жүргізіп келемін. Алланың алдында да, адамның алдында да арым таза. Өмірімде өтірік айтып, біреуді алдап, ақысын жеген жан емеспін. Адал қызмет етіп, халқымның алғысын алып келемін, – деп Залман әңгімесін аяқтады.
– Мырзабай ахунның түр-түсін көре алдың ба? – деп сұрадым. – Иә, көрдім, бірақ бетіме тура қарамады. Қалың қара қасы бар, орта бойлы ақсақалды кісі. Бет әлпеті аппақ та емес, қара да емес, еуропалықтарға ұқсайды. Басындағы сәлдесі мен қоңыр түсті шапанын анық көрдім, – деді Залман.
Мен бір сәт ойланып қалдым. Әңгіме­нің әсер еткені соншалық, өзімді басқа бір әлем­де жүргендей сезініп, Алланың елші­сімен тіл­дескендей болдым. Он сегіз мың ғаламды жа­ратқан құдіреттің құпиясын еш­бір жұмыр басты жан иесі аша алмайтыны белгілі. Ұлы Абай айтқандай: «Алла тағала ол өлшеусіз, біздің санамыз өлшеулі. Өл­шеусізбен өлшеуліні білуге бола ма? Адам ба­ласының маңдайына жаратушымыз мін­деттерін орындап, ақ жолынан ауыт­қымай жүру ғана жазылған екен. Бірақ Алла тағала ерек­ше ықыласы түскен сүйген құлдарына жа­ратылыстың құ­пия­ларының кейбір сырынан хабардар ететін сияқты. Мен білетін Залман қа­рын­дасым ешкімнің ала жібін атта­май, Алланың ақ жолымен келе жатқан жүрегінде иманы бар адал жандардың бірі. Мен оның әңгімесінің әрбір сөзін ынта ықыласыммен тыңдап отырып, шүбәсіз сендім.

Cерік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: