Ел ішінде қаржылық алаяқтардың қармауына түсіп, барлық жиған-тергенінен айырылып, сан соғып қалып жатқандар көп. Оған дәлел әлеуметтік желілерде алаяқтарға алданған азаматтардың жан-айқайына жиі көзіміз шалынатын болды. Тіпті жақын ағайын-туыстарымыздың, «Мен» деген сауатты азаматтардың да қаскөйлердің қақпанына түсіп қалғанын көзімізбен көріп жүрміз. «Байлықтың жолын көрсетеміз, тек ынтаңыз бен ниетіңіз болса жеткілікті. Хабарласыңыз!», «Ақша сал да еселеп қайтар», «Берешектен құтылуға көмектесеміз» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар. Жарнама арқылы хабарласа қалсаңыз хал-жағдайыңызды біліп, қыруар ақша уәде етіп, сізбен дос болуға әлек болады. Бәрінен бас тартсаңыз, екіншісі нөміріңізді алып, хабарласа кетеді. Әрине олардың жұмысы да сол, адам шақыру арқылы пайдасын арттырады. Себебі бүгінде көбінесе адамдар тез әрі жеңіл жолмен табысты болып, бірден мол ақшаға кенелуді армандайды. Бірақ қайдан, тегін ірімшік тек қақпанда екені белгілі емес пе? Десе де өткен жылы елді шулатып, қаншама жанның көз жасына себеп болған «Гарант 24 ломбард», жақында ғана анықталған «Финико» секілді қаржылық ұйымында болған шу халықтың әлі де қаржылық алаяқтарға қарсы иммунитеті қалыптаспағанын анық көрсетті.
Қаржылық алаяқтық дегеніміз не?
Қаржылық алаяқтық дегеніміз – алдау, сенімге қиянат жасау және заңсыз баю мақсатында түрлі айла-амалдар арқылы ақша айналымы саласында заңсыз әрекеттер жасау. Қаржылық алаяқтықтың арасында кең тарағаны банк карталарын пайдалану арқылы алаяқтық, интернет желісіндегі алаяқтық, ұялы телефондарды пайдалану арқылы алаяқтық және қаржы пирамидаларымен жасалатын алаяқтық.
Соңғы уақытта кең етек жайған алаяқтықтың бірі – үй немесе көлікке ақша жинауға көмектесеміз деген арамза пиғылмен адамдардың ақшасын иемдену әдісі. Әдетте мұндай қаржы ұйымдары жинақ бағдарламасына аздаған жарна енгізуді сұрайды. Бағдарлама аяқталған уақытта клиент мол табысқа кенелетініне уәде береді.
Мәселен, қатысушы бастапқыда 500 мың теңге салса, жарты жыл сайын 1,2 млн теңге сыйақы алады. Бұл ретте сыйақы мөлшеріне клиент шақырған адамдар саны мен олар салған ақша сомасы әсер етуі мүмкін. Осылайша белгілі бір қаржы жиналғанда алаяқ компания банкроттық жариялап, нарықтан ғайып болады.
«Адамнан қулық аспайды» демекші, әккі алаяқтар өзінің арам пиғылын іске асыру үшін кез келген ақпаратты ұтымды пайдалана біледі. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желідегі жаңалықтардан үнемі хабардар болады. Елдегі қаржы саласындағы барлық өзгерістер мен мемлекеттік бағдарламалармен танысып, тиімді талдайды. Сондықтан қаржылық сауаты төмен азамат мұндай алаяқтардың оңай олжасына айналады.
Құзырлы органдар не дейді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды құзырлы орындарға күшейтуді тапсырған болатын. Мәселенің өзектілігі аталған қылмыс түрлерін тіркеудің тұрақты өсуіне және жәбірленушілердің көптігіне байланысты екені сөзсіз. Әрине қаскүнемдерді түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай тұр. Дегенмен әр адамның бойында қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік деген түсініктерге салмақты көзқарас қалыптастыру, өзінің қаржысына өзі ғана иелік ететін сенімділік беру, түрлі алаяқтыққа ұрынып қалу тәуекелін азайту секілді азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шаралар тиісті органдар тарапынан үздіксіз жүргізілуде.
Мәселен, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жастарды қаржылық алаяқтықтан сақтандыру мақсатында өткен жылдың қазан айынан бастап «Қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында қала мектептері мен колледждерде семинар сабақтар өткізуді қолға алған. 2022 жылдың соңғы 3 айында 19 мектепте, 7 колледжге және университетте 29 кездесу өткізілсе, дәл осындай іс-шараларды оқу жылының аяғына дейін аудан мектептерінде өткізуді жоспарға қойып отыр.
Аталған мәселе бойынша Қазақтан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қолға алған жаңа жобасының бірі 2022 жылдан бастап қаржы пирамидалары мен алаяқтық сайттарын анықтау бойынша әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіле бастады. Сонымен қатар «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржы пирамидасы белгісі бар сайттар мен сілтемелерді бұғаттау үшін Қазақстан Республикасының цифрландыру министрлігі жанынан арнайы эксперттік топ құрылған. Өткен жылы қызылордалық мамандардың жұмысы нәтижесінде осы эксперттерге 526 сайт пен сілтемелерді бұғаттауға жолдама берілген, оның ішінде 60 сілтеме бұғатталып, 96 сілтеме эксперттің бақылауында, 333 сілтеме «қолжетімсіз» болған. Ал биыл екі айда 250 сайттың сілтемесі бақылауға алынып, 100 сілтеме эксперттермен бұғатталған.
Интернет алаяқтарынан қалай қорғану керек?
– 2022 жылы қаржылық алаяқтық белгілерімен Қызылорда облысы бойынша «Rogneda», «Не работа» және «Tiens» жобаларына қатысты 3 іс тіркелді. Тергеу реттілігімен екі материал полиция органдарына, 1 материал Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Десе де алаяқтарды іздегеннен алдын алу тиімді және оңай екені белгілі. Сондықтан азаматтарды қаржы мәселесіне келгенде өте сақ болуға үндеймін. Мынадай кеңестер беремін. Қаржы бойынша түскен ұсынысты қабылдамас бұрын сіз тыңғылықты зерделеңіз. Сондай-ақ өзіңізден кейін адам тіркегеніңіз үшін қомақты табыс ұсынса, жылдам және үлкен пайызбен түсім уәде етсе, әлеуметтік желідегі жарнамасы өте қарқынды болса, міндетті түрде тексеріңіз. Ал күмәндансаңыз «baiqa piramida» телеграмм ботта анықтауға болады. Егер сұрақтарыңыз туындаса, жедел желі жұмыс істейді, «Call center – 1458», – дейді Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бас маманы Бақыт Орданова.
Заман ағымына қарай алаяқтық қылмысы сан түрленіп, мың құбылуда. Бүгінде нарық пен жарнамалауды мықты меңгеріп алғандар «аңқау елге арамза молданың» кебін киіп жүр. Қазір қаржылық алаяқтықтың кең тараған түрі – интернет арқылы алдау. Интернеттегі қаржылық алаяқтықтың түрі де саналуан. Өйткені алаяқ өзінің олжасымен тікелей байланысқа түспей, арамза ойын монитор артында отырып-ақ жүзеге асыра береді.
Соның бірі – интернет арқылы сатып алу. Сатушы жалған немесе жарамсыз жеке куәлікті қолдана отырып, ақша аударымдары жүйесі арқылы тауарды төлеуді сұрайды. Ақша алған кезде алаяқ дереу жоғалады.
Жұлдызнама құрастыру. Пайдаланушыға сауалнаманы толтыру ұсынылады, содан кейін электрондық поштаға жұлдыз жорамалының өзі емес, көрсетілген нөмірге SMS хабарлама жіберу туралы хат жіберіледі. Мұндай хабарламаның құны бірнеше жүз теңге болуы мүмкін.
Тіркеме ретінде жасырылған вирус– файл немесе сілтеме. Оның мақсаты – төлем жүйелеріндегі сіздің шоттарыңыз бен банк карталарының деректері туралы деректерді жинау. Мұндай алаяқтықтан қорғану үшін хаттардағы сілтеме бойынша төлем жүйелерінің сайттарын ашпау қажет, мекен-жай жолағындағы URL мекен-жайын тексеріп, сілтеменің қайда апаратынын қарау маңызды. Сілтеме сенімді болып көрінсе де, мекен-жайларды ұйымдардың ресми сайттарының домендік атауларымен тексеру керек.
Сондай-ақ интернет арқылы сауда жасау кезінде жеке банктік картаны тек тексерілген сайттарды ғана пайдаланған жөн. Есепшоттардың құпия сөздерін хабарламай, оларды тек төлем жүйелерінің сайттарында енгізу қажет. Құпия ақпараты бар файлдарды қолжетімді немесе сенімсіз ақпарат құралдарында сақтамай, олардың бірнеше көшірмесін жасап отыру маңызды.
Сонымен қатар жұмыссыз жүрген азаматтарға жұмысқа орналастырамын деп ақша сұрап, алдап жатады. Мұндай жағдай орын алса, қашықтан жұмысқа орналасу кезінде ешқандай жарна төлемеген жөн.
Түйін. «Қаржы пирамидаларын құру мен қаржылық алаяқтық ойын жүзеге асыру үшін миллиондаған қаржылық сауаты төмен азаматтар болса жеткілікті. Алаяқтар қаржыдан қысылып, қиналып жүрген адамдарды алыстан танып, өтірік аяушылық танытып, өз қақпанына тез түсіреді. Расымен алаяқтардың ашкөздігі мен кей адамдардың сенгіштігі бұл мәселенің өзектілігін әлі де жоймай келеді. Сондықтан оңай жерде алтын жатпайтыны бәрімізге белгілі жайт. Ал табыс табу үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажет-ақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бақыттан бас айналдырар әңгімелерді естіп алып, бұйдасын ұстатқан бұзау секілденбей, қандай да бір іске ақша құймас бұрын оның нақты қандай компания екенін толығырақ біліп, ара-жігін ажыратып барып тіркелген дұрыс болады.
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!