Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 08:45

Қаңғыбас итті қорғайтын заң бар, ал адамды ше?

28.02.2023

1694

0

«Көшеде қызыма бір дәу төбет шабуыл жасапты. Құдай сақтап, тісі тимепті әйтеуір. Қабаған итті неге босатып жібересіздер? Көше кезген қаңғыбас бұралқы иттерден құтыла алмайтын болдық. Балаларымыз үшін алаңдаймыз».

Бұл – қаңғыған бұралқы иттерден мезі болған кент тұрғындарының жанайқайы.

Иә, иесіз иттің қоғамға зияны қазіргі таңда мемлекет үшін басты мә­селенің бірі болғаны сөзсіз. Бү­гінде көше кезіп жүрген қаңғыбас иттер тұрғындар үшін қауіп төндіріп отыр. Олар тістеп қана қоймай, жұқ­палы ауруларды тасымалдаушы, ал құтыру бел­гі­лері байқалғанда адам­ға агрес­сивті шабуылдайды. Мұның сал­дары адам өліміне алып келуі де мүмкін.

Жалпы, қаңғыбас ит пен мысық кө­бінесе асыраушысы жоқ болғаннан немесе иесін жо­ғал­тып, адасып ке­ту­ден пайда болып жатады. Мұн­дай иесіз жүрген ит әр жерді пана­лап, күл-қоқыстың арасында түрлі қал­дықтармен қоректеніп, күн көре­ді. Осыдан кейін үй жануарының ағ­за­сында түрлі жұқпалы аурулар туындайды.

Соңғы уақытта қаңғыбас иттер­дің қатысуымен болып жатқан талай келең­сіз оқиғалардан әлеу­меттік желі арқылы хабардармыз. Оның ішінде әсіресе балалардың бұралқы иттен зардап шеккенін естіп, көріп жүрміз. Ал қоғамда аталған мәселенің көтері­луінде шек жоқ, бірақ нақты іс жоқ.

Балаларға қауіп төндіруде

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды» демекші, жергі­лікті халық тарапынан кент көшелерінде жүрген қаңғыбас ит пен мысықтың адам өміріне, оның ішінде бала өміріне қауіп төндіруі жайлы арыз-шағым көбейген. Көше кезген бұралқы иттер аудандағы орталық көшелерде, мектеп, аурухана ғимараттарының, саябақ­тар­дың маңын­да топтасып жүреді. Тұрғындар мектепке баратын балалары үшін уайымдап, аман-есен барып келуін тілеп, сабақ бітісімен баланың алдынан күтіп алуды жөн көретінін айтуда. Бала түгілі үлкен адамдар үшін де қаңғыбас иттердің кесірінен жүріп-тұру қиынға соққан.

«Үйіміздің маңында иттер қаптап жүр. Адам жүре алмайды. Балалардың сабаққа, үйірмеге баруы қиын. Бұл туралы кімге шағымдансақ болады?» дейді кент тұрғындары.

Жергілікті халықтың сөзінше, көше иесіз ит-мысыққа толған, тіпті қорала­ры­­на кіріп, қоқыстарды шашып кететін болған.

«Бала-шағамыз үй сыртында ой­най­ды, кейде тіпті үйге кіре алмаймыз. Тайыншыдай төбет­тердің көшеде адам талағанына талай рет куә бол­дық. Әсіресе түнгі мезгілде болып жатады. Кімге жүгінетінімізді білмейміз. Амал­сыз «Фейсбук» парақшасына жа­зып отырмын. Соған бір шара қол­дан­саңыздар» дейді әлеуметтік желі қолданушылардың бірі.

Мәселе қайтсе шешіледі?

Аталған мәселе бойынша редакция тарапынан тікелей Қызыл­орда облы­сы­ның ветери­нария басқармасы ма­ман­дарына бірқатар сауал жолдаған бо­ла­тын­быз. Қызметкерлердің айтуын­ша, тұр­ғын­дардан түскен арыз-ша­ғымдар бойынша жауапты ма­ман­дар тарапынан тиісті шаралар қабыл­дануда. Сондай-ақ қаңғы­бас иттер­ден зардап шеккен азамат­тар­дың шағымы бойын­ша Call-центр 30-16-64 телефон нөмірі жұмыс жасап, арнайы бригадалар қызмет етуде.

– Көктем мезгілі де келді, күн жылыса, иттер балалайды. Онсызда көп қараусыз иттің саны одан сайын өсетін болды. Иә, мәселе қиын. «Жануарларға жауапкершілікпен қа­рау туралы» Заң бойынша біздің мекеме тарапынан иесіз ит-мысықты аулап, жою үшін қажетті барлық қару-жарақ тәркіленді. Ал жаңа заңда қараусыз қалған ит-мысықты иесі табылғанша, 2 айға дейін ұстау көзделген. Бірақ бізде жануарларды уақытша ұстау пункті, жануарларға арналған оңалту орталығы секілді кешендер жоқ. Осы үлкен мәселеге айналып отыр. Тұрғындар тарапынан нара­­зылық көбеюде. Әрине тұр­ғындардың қауіпсіздігі бірінші орында. Қазіргі күні мектеп, бала­бақша айналасы, адам көп шоғырланатын қоғамдық орын­­дар басты назарға алы­нып, қызметкерлеріміз күніне бір рет бақылап шығады. Қару пай­далануға тыйым салынған­дықтан, иттерді бұ­ғаттауда дротик яғни уақытша жансыздандыратын дәріні де қолдан­дық. Бірақ кей­бір тұрғындар тара­пынан бұған қарсылық болды. Десе де жақын уақытта бұл мәселе толықтай шешілуі тиіс. Иесіз иттер адамға шабуыл жа­сап, өміріне қауіп төндірген жағ­дайда арыз-шағымдарын өңір­лік ветеринарлық станцияға хабар­ласып айта алады, – дейді Қызыл­орда облы­сы­ның ветери­нария басқармасының өкілі Ақниет Нұрланқызы.

Жоғарыда айтып өткендей, об­лыста қаңғыбас және иесіз қалған үй жануарларына арналған арнайы уақытша ұстау орындары мен панажайлар жоқ. Осы мәселе бойын­ша алдағы уақытта бекітілген ережелерге сәйкес, пана­жайлардың құрылысын салу мен басқа да жұмыстар заң­да белгіленген тәртіп бойынша атқа­рылмақ.

Қазіргі таңда Шиелі ауданын­дағы бір бос тұрған ғимарат қаңғыбас және қараусыз қалған ит-мысықтарды қарапайым тип­тегі уақытша ұстау орны ретінде дайындалған. Сонымен қатар Қызылорда қаласында да жер телімі нақтыланып, Қызыл­орда қаласы әкімдігімен тиісті жұмыс­тар жүргізілуде.

Панажай мәселесі бойынша қар­жыландыруға кәсіп­керлер тарапынан да қызығу­шылық бар көрінеді. Келешекте осындай панай­жайларды әр өңір­де салу жоспарда бар. Әрине аталған жұмыстардың шы­ғынын өтеуге, сондай-ақ жаңа заңды толыққанды іске асыруға қы­руар қаржы керегі айтпасақ та белгілі. Осы ретте айтылған мәсе­лелер бойынша бюджеттен қаржы бөлуді басшылыққа алуға облыс әкімдігіне ұсыныс та жасалыпты. Алдағы уақытта қаржы мәселесі толықтай шешімін таппақ.

Құтырған иттен қалай қорғанамыз?

Мал дәрігерінің айтуынша, көк­тем мезгілінде иттердің құтырма ауруы қатты асқынады. Айтуынша, осы мезгілде иттер ашушаң, агрес­сивті күйде болады. Ал келеңсіз жағдай орын алса, міндетті түрде мал дәрігерін шақырту керек. Ол бұл жағ­дайды тіркеп, шабуылдаған итті 10 күн бақылайды екен.
– Құтырма ауруы көктем мез­гі­лінде асқынады. Алыс ау­мақ­тарда, адам тұрмайтын жерлер­де, қоқыс төгетін алаңдарды мекен­дейтін иттердің құтырманы жұқтыру қаупі басым. Беті аулақ, егер үй иттері немесе қаңғыбас иттер шабуылдаса, уақыт өткізбей бірден жараға жасыл дәріні жағып, жедел жәрдем қызметін шақырып, құтырмаға қарсы барлық антибиотикті қабылдау керек. Со­сын біз итті міндетті түрде 10 күн бақылаймыз. Өйткені ит құтырма жұқтырған болса, ол 10 күн ішінде өліп қалады. Сол кезде сараптама жүргізу үшін анализ аламыз. 3-4 күн ішінде сараптаманың қоры­тындысы шығады да, арнайы анық­тама береміз, – дейді мал дәрігерлері.

Мәселені жаңа заң шеше ала ма?

Қаңғыбас иттердің мәселесі бойын­ша елімізде жаңа заң қабыл­данды. Бұл заң азаматтар тарапынан талқыланды, әлі де талқылануда. Нәтижесінде қазақстандықтардың қаңғыбас иттерге қатысты көзқарасы қақ жарылды. Бірінші тарап «Иесіз үй жануарларынан келетін қауіп көп, сондықтан оларды аулап, атып болсын санын азайту керек» десе, келесісі «Иесіз ит пен мысықты өлтіру – жауыздық, мемлекет гуманизм қағи­даларын сақтап, бұларға пана тауып беру керек» дейді.
Әрине қоршаған ортаны қорғау, жануарларға жанашыр­лық таныту адамзат үшін ортақ міндет екені түсінікті. Осы орайда Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қа­­рау туралы» заң қабылданды. Енді дамыған елдер секілді бізде де жануарларға деген қөзқарас өз­гер­мек. Яғни жаңа заң бойынша «Ит-мысықтарды асырау және се­руен­дету қағидалары, қаңғыбас ит­тер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары» деген сөздер «Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары» деген сөздермен ауыс­қан. Сол себепті қазіргі кезде елде қаң­ғыбас иттер мен мысықтарды ау­лау және жою жұмыстары тоқтап тұр.

Сонымен бірге жануарды азап­тауға, қинауға, өлтіруге және тө­бе­лестіруге, ветеринарлық опера­цияларды наркозсыз жүргізуге жол берілмейді. Керісінше оларға дер кезінде көмек көрсетілуі керек. Ал адамдар осындай әрекеттерге барса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе Қылмыстық ко­декске сәйкес бір жылға бас бостан­дығынан айыруға дейін жазаланады.

Үй жануарларын ұстау бойынша тиісті талаптар мен ережелер де бар. Олардың негізгілері жануарды асырап, бағып күткен соң, ол жануар адамның жауап­кершілігінде болады. Яғни жануардың қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеу, вете­ри­нариялық-санитариялық қағи­даларды сақтау, оларға уақытылы жағ­дай жасалуы тиіс.

Құжаттандыру міндетті

Кентте көпқабатты үйлерге қара­ғанда жер үйлердің саны басым. Жер үй болған соң мал асырайтыны бар. Сол себепті үйге қарауыл болсын деп ит асырайды. Бірақ тұрғындар мына жайтты естен шығарып алады. Жаңа Заң бойынша иелігінде жеке тұрғын үйі бар тұлғалар иттерін ауласында ұстап, кіреберіс дарбазада үйде иттің бар екені туралы ескерту белгісі болуы қажет. Иттерін құжаттандырып, яғни паспорт алып, уақытымен егу жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ал қоғамдық орындарда, көшелерде жетектеуші иесіз жүрген иттер мен мысықтар қараусыз, қаңғыбас деп саналады.

Жыл сайын тұрғындар жиын­да­рында, әлеуметтік желі­лерде ит ұстау ережесі түсін­ді­ріліп, ба­сылымға жазылып жүр­гені­мен ау­дан­дағы ит асырау­шылардың басым бөлігі бұған нем­құрайлылықпен қарай­ды. Кей­­­біреулер иттерін құжаттан­дырғанымен аулада байлап ұста­майды. «Ауылға не құжат керек?» деген сөз де айтып жатады. «Ит ұстаудың мәні осы екен» деп итаяққа тамақ қалдықтарын құяды да әрі қарай бақылаусыз қалдырады. Ал қараусыз жүрген ит көшеде жүрген басқа да иттерге қосылады да адамдарға шабуылдайды. Үйдегі балалармен ілесіп мектепке барады да басқа иттер­мен төбелесіп, оқушыларға қауіп төн­діреді. Келеңсіз жағдай орын ала қалса, иелері өздерінің бағып жүрген иттерін «менікі емес» деп ақталады.

Түйін: «Бұралқы итті аяймыз, ал адамдардың қауіп­сіз­дігіне кім кепіл болады?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Десе де, егесіз иттің көбеюіне кейде тұр­ғын­дардың өздері де себепші. Үй жануарына жауапсыз қарап, қараусыз жіберетіндер көп. Ал оқыс оқиға орын алса, кінәліні із­дей­тініміз тағы бар. Сондықтан аудан тұрғындары асыраған итіне аса жауапкершілікпен қарап, үй жануар­ларын ұстау және серуендету қағи­даларын бұзбағаны абзал. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер иттің мойнында қарғыбауы болып, адамдарға зиянын тигізіп жатса, сол иттің егесі заң тарапынан кінәлі болып есептеледі.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: