Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 14 қараша, 05:24

Термеден тәлім алмаса…

11.10.2022

1172

0

Такси болмаған соң, қаларалық қоғамдық көлік іші лық толған. Бір қартаңдау кісі мінді. «Кешке қалып қоймайын, бір орын табылар» деді сенімді дауыспен. Бірақ әлгі кісінің сенімі ақталмады. Жастар орын бере қоймады. Алдында отырған жас келіншек міз бақпады. Автобустың артында отырған екі қыз бала орындарынан тұрып, «аға, мына жерге отырыңыз» деп сыпайылық көрсетті. Алғашында артқы орындықтарды жайсыз көргенімен амалсыз жайғасты. Сол кезде алдында отырған бір апамыз орнынан қозғалмаған жас келіншекке оқты көзін қадады. «Сен неге үлкен кісіге орын бермейсің? Тәрбиесіз». Әрине ол кісі бұл сөзді дауыстап айтқан жоқ. Бірақ сол сәттегі көзінен осы сөзді анық оқуға болатын еді…

Өткен ғасырларда өмір сүрген жыраулардың қаламынан туған қандай жырды оқысаң да тұнып тұрған тәлім. Соның ішінде Сыр сүлейлерінің арасында шоқтығы биік екі алып бар. Олар – халық «Балқы Базар» атап кеткен жырау Базар Оңдасұлы мен даңқты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Бір заманда өмір сүрген осы екі жыр дүлділінің туындылары бүгінде ұлтымыздың жауһарына айналды. Әрине сөз ұғатын құлақ және оны сіңіретін сана болса.
Балқы Базар:
Ханның бағы таярда,
Дұшпаны сырттан көбейіп,
Жанашыр досы аз қалар.
Бидің бағы таярда,
Үлгілі сөзден айырылып,
Әркімнің мінін қазбалар.
Байдың бағы таярда,
Танабын құдай тарылтып,
Қасынан қоңсы қозғалар.
Дүниені дос көріп,
Жиғаныңменен тірнектеп,
Өлгеніңде үстіңе,
Киерің үш қат бөз болар, – деп толғанып, қу дүниенің сағымына алданып, өмірін босқа өткізіп алатын пенде баласына философиялық ой салса, Тұрмағамбет:
Болсаңдар балаларым хатқа ұста,
Төрден жай аларсыңдар тұрмай тыста.
Төр түгіл төменнен де тимейді орын,
Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста, – деп жас ұрпақты білім алуға, ғылым, өнер үйренуге шақырады. Бұдан бөлек шайырдың төрт қатарлы рубайларының өзі Абайдың бір қара сөзінен кем түспейді. Мәселен, мына шумаққа зер салыңызшы:
Есерлік естен кетпес жасыңдағы,
Бақытты білу қиын басыңдағы.
Ерттеулі белдеудегі бедеу аттай,
Ініңнің қадірін біл қасыңдағы.
Інісі ағасының жағасынан алып, ағасы інісінің аяғынан шалған бүгінгі қоғамның «дертіне» шипа болар шумақ қой.
Бірде Базар жырау бүгінде көрші өзбек елінің тереториясында қалып қойған Тауелібай еліне қарай жолға шығыпты. Базардың сапарлайтынын күні бұрын естіген бір қарақшы соңынан ілесіпті. Бар мақсаты: елдің алақанында болған жырауды өлтіріп, астындағы сүліктей қара жорғасын иемдену болыпты. Қызылқұмның іші. Өзінен басқа тірі жан жоқ. Ауылдан ұзай бере Базар иығынан домбырасын алып көмейін шіреп тұрған жыр тығынын ағытады. Сексеуіл мен селеуді тасалап, ұрымтал сәтті күтіп келе жатқан қарақшы жыраудың дауысы естілгенде сәл тежеліп «Ақырғы мәрте жырлап қалсын. Бұзбайын. Қазір болса да өледі ғой», деп ойлап ілесе беріпті. Базардың домбырасының үні мен дауысы қосылғанда бүк түсіп жатқан иен даланың тамырына қан жүгіртіпті. Сөздерінің иінінен де, түйінінен де тәлім төгіледі. Анасынан қан уыстап туған қабағы қатулы қарақшының сәлден соң жүзі жылып, көңілі босап, жүрегі жібей бастапты. Екінші жырды да соңына дейін тыңдапты. Одан әрі үшінші, төртінші жырға ынтыға құлақ төсепті. Сөйтіп жүріп Жалпақтаудан өтіпті, Тамдыбұлаққа жетіпті. Жырауды ол жақтағы қалың қазақ құрақ ұшып қарсы алып, қадірлеп төрінде күтіпті. Әлгі қарақшы ымырт үйірілгенде ауыл шетіне атын байлап, Базар түскен үйге келіпті. Жиылған жұрт әңгімеден бір сәт дамылдағанда алқалаған көптің ортасына имене шығып, Базардың алдына келіп кешірім сұрапты. Өзінің арам пиығылынан жыраудың тәлімдері арқылы тиылып, жүрегі тазарғанын айтып, қарақшылық өмірді қоямын деп ант етіпті. Расында кейіннен сол жігіт жырауға атқосшы болыпты деседі…
Әлгі автобустың жүргізушісі жолаушылар үшін Сыр сүлейлерінің термесін қосты. Жастар жағы тыжырынып, құлаққаптарын іздеп кетті. Үлкен кісілердің өзі «даңғырлатпай дауысын бесеңдетші» деп жақтырмай қалды. Тіпті бір егделеу әйел жүргізушіге «Қайрат Нұртастың әндері жоқ па?» деп қалды. Ал біз терме тыңдамайтын қоғамнан, тұнық тұмадан сусындамаған ұрпақты орын бермегені үшін кінәлап, тәлім-тәрбие талап етіп жүрміз…

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: