Әр саланың ел дамуына қосар үлесі зор. Соның ішінде елмен елді жалғастырып отырған көлік саласы қашан да елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің маңызды бөлшегі. Ал республиканың дамуының көрсеткіші саналатын құрылыс саласының серпін алуы бүгінде көңіл қуантады. Кешегі тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары жер-жерде кірпіші қаланған ғимараттардың барлығы осы сала мамандары жұмысының нәтижесі болса, шойын жолда шыңдалған теміржол қызметкерлерінің еңбегі ерен.
Жалпы кез келген жұмыстың өз маманы болады. Ал біз айтып отырған құрылыс саласында жүргендердің, ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Бүгінде құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасымен қаланған әрбір ғимарат кент келбетіне көрік беріп, халыққа қызмет көрсетіп тұр. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, жауапкершілігі мол қос сала қызметкерлерінің еңбегі де елеусіз қалған емес. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов көлік қызметкерлері мен құрылысшылар күні мерекелеріне орай қабылдау өткізіп, сала ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Қабылдау барысында аудан әкімі Асқарбек Есжанов елмен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының маңызы зор екенін жеткізді. Ауданның, ауылдың сәнін келтіріп, айшықтандырып тұрған құрылыстарға қолтаңба қалдырып, өңір аумағында әлеуметтік және өндірістік нысандарды сапалы және мерзімінде іске қосуға атсалысып жүрген мәртебелі мамандық иелерінің құрылыс саласында еңбек етіп жүргенін айтты.
– Бүгінде ауданда жолаушылар тасымалы қызметін 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік көрсетеді. Ерекше айта кетерлігі, Жаңадария, Аққыр бағыттары облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне енгізілді. Субсидия беру мерзімі 3 жылға белгіленіп, Жаңадария бағытына бір жылға 2 млн 373 мың теңге, Аққыр бағытына 2 млн 738 мың теңге, барлығы 5 млн 110 мың теңге аудан бюджетінен қаралып, төленіп отыр. Аудандағы маңызы зор тағы да бір көлік түрі ол – теміржол. Аудан бойынша тәулігіне 100 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар темір жол вокзалы 2013 жылдан бастап жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ 2023 жылдың І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 3 млрд 350 млн теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 134,6 пайызға артқан.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері ауданымызда құрылыс саласы қарқын алды. Жалағаш ауданында әлеуметтік салада 17 медициналық ұйымдар, 7 мектеп, 28 балабақша, 45 спорттық кешендер мен балалар ойын алаңдары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешілді, – деген өңір басшысы Асқарбек Темірбекұлы қос саланың мамандары мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алғысын, облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын және аудан әкімінің алғысын табыс етті.
Рас, көлік саласының қызметкерлері барлық өңірмен байланысты орнатуда елеулі әрі тынымсыз еңбек етсе, өңірімізде атқарылып жатқан барлық игілікті істердің басында құрыш қолды құрылысшылардың жүргенін білеміз. Ауданның құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстарда, саланы алға жылжытып, құрылыс сапасының артуында сала ардагерлерінің де өзіндік қолтаңбасы мен үлесі бар.
Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев аудан тарихында өз қолтаңбасын қалдырып, адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген сала қызметкерлерінің еңбегін айрықша атап өтсе, көлік саласын дамыту мен жетілдіру ісіне көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп келген Қасым Жұбатыров және құрылыс саласының ардагері Болатбек Жәнібеков қос саланың да атқарар жұмысы жауапкершілікті талап ететінін айтып, мереке қарсаңында арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!