Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:47

Сейітпенбет әулие

13.08.2023

721

0

Адам бойындағы қасиет пен мінез-құлық жаратылыс атаулыдағы ең тылсым күш екені анық. Әсіресе, бойдағы күш-қуат, ой-сананың мүмкіндігі, таным кеңістігі шексіз құпия күйінде қалып, ғылым да тереңіне бойлай алмай отыр. Ал ескі заманның тәпсірінде мұндай күштің қозғауы, адамның өзін бағамдауы Жаратқанды танудан басталатыны анық айтылған емес пе? Кезінде Кеңестік солақай саясаттың ықпалы елдегі көзі ашық білімдіні де, діни сауатты ғұламаны да темір торға тоғытып, жобаға күш салды. Салдарынан іліммен әлемді танып, біліммен таным кеңейткен қаншама ишан-молда қатігез жүйенің құрбаны болды. Әрине, мұның барлығы әулиелілік, көріпкелдік қасиеттерге ескінің қалдығы ретінде қараған түсініктен екені даусыз. Алайда осындай тыйым салу мен тосқауылға қарамастан тұлғалардың мұрасы мен өмірдерегі бүгінге дейін есен-сау жетіп, Тәуелсіздікте жаңа буынмен қайта табысты.

Бір анығы, әулиелік қасиет қазақы танымға да, діни түсінікке де жат емес. Себебі пайғамбарлар мен әулиелер, сынықшы, емшілер адам­­­­заттың жүріп өткен жолында же­­­тер­лік. Бұған киелі кітаптар мен аңыз-ертегілер дәлел бола алады. Ал тұла бойында ерекше тылсым, жұм­­­бақ қасиет дарыған әулиелерге келер болсақ, қазақ қоғамы ондай тұл­­­ғаларға құрмет білдіріп, ерекше маңыз бергенін байқаймыз. Ислам ді­нінде де бұл ұғым кең қолданылады. «Әулие» сөзі арабша «уали», көпше түрінде «аулийа» – Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы адам, Алла­ның қам­қорлығындағы адам, Алланың ме­йі­рімі түскен адам деген маңына біл­діреді. Содан болар, қазақ әулие­нің тілегі қабыл болады деп мән қойған
Осы орайда қасиетті Құран Кә­рімде әулие туралы бірнеше кел­тіре кетейік. Мәселен, Халифа Алтайдың аудармасында «Юныс» сүресінің 62 аятында: «Біліңдер! Расында Алла­ның достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды» (216 бет) деп, әулиенің Жаратқан Тәңірі алдында қан­шалықты қадір-қасиетке ие екен­дігін Алла Тағала өзі ескертеді. Ал «Әли Ғымыран» сүресінің 169 аятында: «Алла жолында өлтіріл­ген­дер­ді өлі деп ойлама, әрине, олар тірі. Раббыларының жанында олар ри­зыққа бөлендіріледі» (72 бет) десе, «Бақара» сүресінің 154 аятында: «Ал­ла жолында өлтірілгендерді олар өлі демеңдер, олар тірі, бірақ, сендер се­зіп біле алмайсыңдар» (24 бет) дейді.
Бұл аяттардан біз Алла жолында жүріп өлгендердің өлмейтіндігін біл­дік, оны бізге Жаратушының өзі ес­кертіп, олардың ризыққа бөлене­тін­дігін, бірақ біздің оларды тірі екендігін білмейтіндігімізді айтады. Халық ара­­сында аса беделге ие болған, ха­­лық жаппай зиярат ететін барлық әулиенің тарихына тоқталсақ, бә­рі­нің тарихы бір жерде үндеседі, яғни бәрі де хақ дініміз Исламды өр­кен­детуге өмірін қиған. Ал өмірін бір Алла жолына арнап дүниеден өт­кен­дерді Алла тағала: «Оларды өлді деп есептемеңдер, олар тірі, бірақ сендер біле алмайсыңдар, олар ри­зыққа бөленеді» деп ескерткендігі жоғарыда келтірілді. Сондықтан да халқымыздың әулиені зиярат етуі, құрметтеуі, қастерлеуінің бәрінің хақ Құранмен негізделген дәлелдері бар.
Мұның барлығын айтудағы себеп – әулиелік кие қонған ұлғаларды дұрыс тану. Мәселен, Қазақ арасындағы ислам дінін таратып, осы жолда өмірін сарп еткен Арыстан бап, Қожа Ахмет Иасауи, Масат ата, Укаша ата секілді арғы тегі хазірет пайғамбардан таралған әулилер ерекше ілтипатқа ие. Олардың тұқым-жұрағаттарын ха­лық «Қожа» деген әлеуметтік сы­тыға жатқызып, «ақсүйек» деп ар­дақ­тап келеді. Осы орайды дінді тарату жолына күш салып, Бұхараны имандылыққа шақырып, діни сауат берген Ер Сейітпенбет қожаның әу­лиелік жолына үңіліп көрелік.
Ер Сейітпенбет қожа шамамен 18 ғасырда өмір сүріп, 19 ғасырдың басында өмірден өткен. Аталған мәлі­мет әулиемензамандас болған тұлға­лардың өмір сүрген кезеңі мен аңыз әңгімелер негізінде нақытланған. Оған қоса мұрағаттардағы құжаттар да осы кезеңді меңзейді. Соның бірінде: «1803 жылы Орынбордың әскери-губернаторы кінәз Г.С.Волконскийдің тапсыруымен қазақтың үш жүзінің саны, мекені және баратын базары туралы Көбек Шүкірәліұлы мен Қазан татары Ғалы Шахмұратовтың берген мәлімдемесі бойынша: «Шөмекейдің Сөйін руының 4 бөлігінде 6 мың үй халқы бар керуендерді тонайды, Бұха­раны базарлап, сауда-саттық етеді» деген. Ел басылары: Кетебай би, Қорен батыр, Айтілес би, Жәрімбет билер болған. Жәрімбет бидің беделі мен ықпалы аралас-құралас көшіп жүрген Кете мен Шөмекей руларында ерекше орын алған. Сол заманда бұл елдің Сейтбенбетқожа деген пірі болған» деп көрсетілген(Материалы по истории Каз.ССР (1785-1828г.г.) т.IV, М., Л., 1940, с.514).
Ер Сейітпенбет қожаның азан ша­қы­рып қойған есімі Сайдмұхаммад екен. Әулиенің ата-бабасы қазіргі Қы­зылорда облысы Жаңақорған өңі­рін­де мекендеген. Өзі қа­­зақ Қо­ра­сан ата атаған Абдул Жа­лил­бабтың 34-­інші ұрпағы. Қо­ра­сан атаның ұлы Хусайннан (Сұлтан Хусайн) та­рай­­ды. Жазба шежіреге сүйенсек,, Сейітпенбет жастайынан білімге құш­тар болып, 13-14 жас шамасында медресені тамамдайды. Заманында әулиенің әкесі Қожажан қожа шө­ме­кейдің беделді адамдарымен бұ­рыннан етене таныс болса керек. Себебі рухани көсемдердің бәтуа­сына орай, Қожажан қожа кіші жүздің арасына жиі барып, дінді насихаттап тұрады екен. Бірде кіші жүз шөмекей руының ақсақалдары Қожажан қо­жаға сәлем бере келіпті. Қонақтар қай­тарында Қожажан қожадан ер жетіп отырған екі ұлы – Заман мен Сайдмұхаммедтің бірін өздерімен бірге жіберуін өтінеді:
– Біздің елде, өзіңіз білесіз, діни сауаты бар дамулла жоқ. Балаңызды піріміздей сыйлайық. Мешіт ұстасын. Медресе ашайық, балаларымызға дә­ріс берсі, – деп қолқалайды. Аз-кем ойланған қожа:
– Әуелі Аллаға, сосын өздеріңе тап­сырдым, – деп Сейітпенбетті шө­ме­кейлерге қосып жіберген екен.
Ұстаздың еткен Сейітпенбет қожа Ырғыз, Торғай, Жыланшық, Қарақой, Ұлғаяқ, Жыңғылдыөзек, Жабысай өзендерінің бойын ен жайлаған кіші жүз – алшын ішіндегі қаракесектің шөменінен тараған қалың шөмекейдің балаларын оқытып, мешіт ұстайды. Бұл жерлер – бүгінгі Ақтөбе облы­сының шығысы, Қарағанды облы­сының батысы, Қостанай облысының түстігі, Қызылорда облысының теріс­тігі. Осылайша арасында үлкен бе­делге ие болған қожа кейіні­рек қа­зіргі Қазалы, Қармақшы, Жала­ғаш ау­дандарының аумағында қоныс­танып, мұнда да мешіт басқарып, діни ілім таратуға мүмкіндік алған. Кейіннен әулие шаңырақ көтеріп, сол өңірде Мырза, Сұлтан, Әбдіжаппар, Батыр, Алмас, Міржан, Шоң атты ба­ла­лары дүниеге келеді. Арагідік білім іздеп және қажылық парызын өтеу үшін Бұхара, Хиуа, Херат, Мекке, Медине, Шам секілді қалаларға са­пар­лайды. Алайда тұрақты мекені шө­мекейден тарайтын алты Аспан мен бес Бозғұлдың ортасында болған екен.
Ел арасында Ер Сейітпенбет әу­лиенің кереметі туарлы аңыз көп. Ең көп таралғаны әулиенің 90 түйеге жүк боларлық сексеуілдің қызған оты­­ның үстінде отырып ара зікірін сал­ғаны екені. Бірде ел арасында «Мен қожамын» деп елден нәріз жинайтын күмәнді сәлделілер ауыл-елде қаптап кетіпті. Қожа сыйлаған халық бір таба нанының жартысын «қожамыз» дегеннің бәрінің, әруақты сыйлап, қолына ұстатады екен. Сөй­­тіп жүргенде кіші жүздің ақ­са­қалдары: «Нағыз қожа, шын әулие адам болса, бізге кереметін көр­сетсін. Тоқсан түйеге жүк болатын сек­сеуіл томарын (отын) үйіп, өртей­міз. Сол отқа қорықпай түскен адам­ды біз әулие деп білеміз» деп шарт қойыпты. Сонда өздерін «мен қожа­мын, әулиемін» деп жүргеннің біразы елден ғайып болған екен. Ал Сейітпенбет қожа әлгі шартты қабыл алып, әулиелігін көрсетіпті. Дәл осы оқиғадан соң халық әулиеге «Ер Сейіт­пенбет» деген атағын берген екен. Бұл оқиғаны академик-ғалым Сер­ғали Толыбеков «Қазақ шежіресі» кітабында былайша тарқатқан екен: «…От бірден-ақ лаулап жанып, тез құлашталған жалын аспанға шығып жа­нып, бірте-бірте бәсеңдейді. Қор­­шап тұрған халықтың екі көзі әулиеде. Біртіндеп қызыл жалын сая­бырлап, сағымданып, жанып жатқан оттың ішінен Сейітпенбет қажы көрі­неді. Қызыл шоқ сөніп, қарауыта бер­ген кезде ол аса таяғы қолында: «Иә, бабам!» деп аман-есен шығады. Жұрт: «Иә, Құдайлап» шулап, қол қусырып, қожаның аяғына жығылып, әулиешілігіне, кереметіне тәнті болып, құрбандық шалып, Сейітпенбетті пір көтереді».
Тағы бір деректе қожа оттан аман шықққанда шапанының шалғайының бір ұшы ғана күйіп, сарғайып қалған екен. Мұның мәнісін сұрағандарға әулие: «Қыз бала нәрестені алдыма алып отырғанымда шалғайыма дә­реті тиіп еді» деп жауап беріпті. Бұл Ер Сейітпенбет қожаның жаны да, киімі де пәк, мұнтаздай таза болған­дығынан дерек бергендей көрінеді.
Аталған оқиға жергілікті ақын-жыраулардың жырларында да кез­деседі. Мысалы атақты жырау Шо­раяқ­тың Омары өзінің толғауында:
«Кәрәмәтті кәмбіл пір,
Тебіренбей текке қалай тұр,
Жолыңа құрбан пендеміз.
Жақын жерден жат еттік,
Сейітпенбет атты азизді,
Тоқсан түйе томардан
Шарпылмай шыққан тәнамыз», – деп жырлайды.
Сейітпенбет қожаның «Ер Сейіт­пенбет» деп есімін алуы жайлы дерек көптеген дереккөзде расталған. Ел аузындағы әңгіме-аңыздар, жыр-дас­тандардан бөлек, С.Толыбеков, М.Мұқанұлы, А.Сейдімбек, Ш.Әбді­самат, Ш.Серікбайұлы, Х.Маданов, Ж.Әлқожаұлы, Ә.Қаба, Қ.Өтебайұлы, секілді ғалымдар мен қаламгерлер өз еңбектерінде мәліметті мақұлдағаны байқалады. Сондай-ақ Қарасақал Ерім­бет, Қаратамыр Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Базар жырау, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары сияқты шайырлар Ер Сейітпенбет қожаның есімін жыр­ларына қосқаны да сенім ұялатады.
Бұл туралы Базар жырау былай деп жырлайды:
Мына бір шолақ дүниеден,
«Әулие өлмес» дер едім.
Отқа салса, күймеген,
Залымдардың өмірі.

Бір шарпуы тимеген,
Арамды көңілі сүймеген.
Дін мұсылман баласын,
Кереметпен билеген.

Саһар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған.
Ол ерлердің тағаты,
Құдайына ұнаған.

Бабай түкті Шашты Әзиз,
Ер Сейітпенбет, Мағзаман,
Марал ишан, Сопы Әзиз,
Солардан да өткен сұм дүние, – дейді. Әрине, бұл – әулиенің кереметі мен қасиетіне иланған, куә болған тұлғалардың лепес көңілі.
Сонымен қатар Сейтпенбет қожа­ның ғаламатын дәлелдейтін аңыз-әңгімелердің тағы бірі Қарақ тауының етегінде Ер Сейітпенбет қожа, Марал ишан мен Жәрімбет әулие үшеуі­нің кездесуінде баяндалады. Заман­дас­тар бас қосқанда Марал ишан: «Біздің мәңгілік мекеніміз қай жерде болар екен?» деген сауалды ортаға салған. Оның жауабын Сейітпенбет қожа айтыпты. «Мен шөлде қалармын. Алыс қиянда жатқандықтан артымнан іздеушілерім аз болар. Марал, сен көлде қаларсың, кейін көл тартылар, сенің басыңа тағзым етушілер көп болар. Жәрімбет, сен осы Қарақ тауында атыңның алдыңғы тұяғы тұр­ған жерде боларсың, бірақ Қарақ тауының атын иеленбессің» дейді. Кейіннен әулиенің айтқаны айдай кедіп, жорығаны дөп шығыпты.
Осы орайда үш тұлғаның тоғысқан дәуірін Сәпен Аңсатов «Жәрімбет әулие» еңбегінде былайша сурет­тейді: «Негізінен Жәрімбет әулие өмір сүрген он сегізінші ғасыр еді. Ол заманда қазақ халқы үшін тілі, еркі өзінде, діні ислам арқылы ауызбірлігі жарасқан, имандылығынан ажыра­маған кезең болатын. Тілі мен діні өз еркінде болған халықтың рухы да биік. Ал рух – қамалың, қорғаның екені даусыз. Осы жағдайлар Ер Сейтпенбет қожа, Марал ишан, Жәрім­бет әулие сияқты халықты діни сауаттандырған, ислам нұрымен нұр­лан­дырған, рухани демеушілері болған тұлғаларды қалыптастырған».
Сейітпенбет қожа қартайған ша­ғында ауылы Қарақұмның арқа ше­тіне жақын Мұзбел деген биік белдің солтүстігіндегі Қоскүрең деп аталатын шалғынды қос табанға қонған сәтте дүние салыпты. Кейін жұрт бұл жерді «Қожа батпағы-Қос күрең» деп атап кеткен екен. Аңыз­дарда әулие көз жұмар алдында ба­лалары мен мүридтеріне мынадай аңыз айтыпты дейді: «Менің мүрдемді өзімнің ақ нарыма артып, басын бос қоя беріңдер. Түйе қай жерге шөксе, сонда жерлеңдер» депті. «Айдалаға шөксе қайтеміз? Жалғыз мола боп қалмайсыз ба?» деп алаңдапты жақындары. Сонда қожа: «Оған бола абыржымаңдар. Қырық күннен кейін қасыма досым Көккөз батыр келеді» – деген екен. Көп ұзамай әулие дүниеден өтеді. Ел-жұрт аманатқа сай амал етіп, Ер Сейітпенбет қо­жаның денесін ақ нарға жүктейді. Нар түйе ен даланы кесіп өтіп, Сыр­дарияға таяйды. Сонда ел тағы бір кереметке куә болады. Дария қақ айырылып, түйе өзеннің табанынан өтіп, Қызылқұмды бетке алады. Ұшан-теңіз тақырды басып өтіп, «Бас Сарбұлақ» (арғы жағын «Аяқ Сарбұлақ» деп атайды) деген жерге жетіп шөгеді. Әулие сонда жерленеді. Өзі айтқандай, жерлеу рәсімі болған мер­зімнен 40 күн өткенде Қызылқұмды мекен еткен батыр әрі ғұлама діндар, төлеңгіт руының көсемі Көккөз батыр көз жұмады. Батыр өлерінде өзін Ер Сейітпенбет қожаның қасына жер­леуін өсиет етеді. Туысқандары ба­тырдың өсиетін орындапты. Жыл­дар өте келе Бас Сарбұлақтағы қос мола үлкен қорымға айналады.
Осылайша қазақтың дін жолын­дағы тұлғасы, адалдық пен танымын кірлетпей, дін үкімін халыққа наси­хаттаған Ер Сейітпенбет әулие осы­лай дүние салыпты. Осылай өзінен кейінгі кзеңді де болжай алған қо­жа­ның қасиеті көп аузында мәңгі айты­лары сөзсіз. Қазіргі таңда Қызылқұм өңірінің үлкендері бата бергенде:
«Мәдинада – Мұхаммед.
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Ара шөлде – Ер Сейітпенбет,
Не керегін әзір ет», – деп әулие ба­баны қосатынын байқймыз. Бұл да болса саналы ғұмырын халықтың діни сауатын ашуға жұмсаған ерек тұл­ғаға деген құрмат екені анық.

А.БЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: