Соңғы жылдары Жалағашта жол құрылысы қарқын алып, бірқатар ішкі көшелердің де сапасы жақсарғанын байқауға болады. Ел ішіндегі мәселелердің басым бөлігі де осы жол сапасына қатысты. Бір жағынан халықтың да талап-тілегінің ескерілгені тиімді. Әлбетте аяқ су, алдағы жылу маусымына қатысты атқарылатын жұмыстарды да пысықтап алған абзал. Осы ретте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлымен сұхбаттасып, ауданда биыл қанша көше асфальтталды, алдағы жылдың еншісінде жол құрылысына қатысты жаңа жобалар бар ма, кенттегі әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары көңіл көншіте ме, алдағы жылу масымына дайындық барысы қалай, осы және өзге де бірқатар сауалдың түйінін тарқаттық…
– Ғабит Ерболұлы, ауданда республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қанша шақырым жол бар және олардың сапасы қай деңгейде? Сұхбатымызды осы сауалдардың жауабымен бастасақ…
– Ауданда республикалық маңызы бар 50 шақырым жол бар, 100 пайыз қанағаттанарлық жағдайда. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 60,6 шақырым жол бар, олар да 100 пайыз қанағаттанарлық жағдайда деп айта аламын. Ал аудандық маңызы бар 130,3 шақырым жолдың 115 шақырымы, яғни 87 пайызы қанағаттанарлық, 15,3 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Елді мекендерде ұзындығы 239,9 шақырымды құрайтын, 228 ішкі көше бар. Оның 172,9 шақырымы, яғни 72 пайызы қанағаттанарлық, 67 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
– Биыл ауданда жол құрылысы қарқын алғанын жақсы білеміз, халықтың талап-тілегіне арқау болған осы мәселені шешуге қанша қаражат қаралды және нәтижесі қалай?
– 2023 жылы жалпы құны 1 млрд 133,5 млн теңгені құрайтын бірнеше жоба қолға алынды. Нәтижесінде 40 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Оның ішінде Ақсу ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу, Есет батыр мен Жаңадария ауылы аралығын жалғайтын жолды орташа жөндеу және Жаңаталап-Аққыр аралығындағы жолды күрделі жөндеу жұмыстары бар. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.
– Биыл елді мекендердегі сапасы төмен ішкі көшелердің құрылысына қатысты қанша жоба қаржылай қолдау тапты?
– Бүгінгі таңда жалпы құны 1 млрд 996,6 млн теңгеге 31,7 шақырымды құрайтын 29 көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Жалағаш кентінің 12 ішкі көшесін күрделі жөндеу, Мөрәлі Шәменов ауылының 1 көшесін күрделі жөндеу, Бұқарбай батыр ауылының 3 көшесін орташа жөндеу, Аққұм ауылының 10 көшесін күрделі жөндеу және Еңбек ауылының 3 көшесін орташа жөндеу жұмыстары бар. Осыған дейін аудан әкімімен халықтың кездесуінде ел көтерген мәселелердің басым бөлігі осы жол сапасына қатысты болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Алдағы жылдары да ауданда жол құрылысы қарқын алады деген жоспар бар.
– Дәуімбайдағы ағайынның теміржол арқылы өтетін аспалы көпір мәселесін көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болды, биыл осы мәселеге қатысты жоба да қолға алынған. Теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысының қазіргі қарқыны қалай?
– Негізінен бұл жобаның жалпы құны 328,7 млн теңгені құрайды. Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысына биыл облыстық бюджеттен 184,8 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда көпірге орнатылатын темір конструкциялары дайындалып, көпірдің екі бетіне бетон құю жұмыстары аяқталуда. Мердігер мекеме – «Гулнур МК» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Altimus» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Проект Сервис» ЖШС. Бұйыртса, бұл жоба да ел игілігіне беріледі.
Бұл елдің көптен күткен арманы болатын. Себебі шойынжолды кесіп өтіп, кент орталығына келу тұрғындар үшін қауіпті болатын. Сондықтан халықтың бұған қатысты талап-тілегі орынды деп есептеймін. Алдағы уақытта мәселе толығымен шешімін тауып, халықтың бергі бетке қатынауында ешқандай кедергі болмайды.
– Жуырда аудан әкімі елді мекендердегі халықпен кездесулерінде Ақсу мен Мөрәлі Шәменов ауылына көгілдір отын жеткізу бойынша жобалар қолға алынатынын айтты. Қос елді мекенде газ құрылысы қашан басталады?
– Жалпы аудан бойынша газдандыруға қатысты 4 жобаға 65,5 млн теңге қаралды. Оның ішінде Мөрәлі Шәменов елді мекенін газдандыру жұмыстары да бар. Жобаның жалпы құны 684,1 млн теңгені құрайды. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Бұл жоба өтпелі болып табылады. Сондықтан 2024 жылы да жалғасады. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрай сервис» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы – «Жамбылагрогазпроект» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары басталып кетті.
Мұнан кейін жаңа өзіңіз айтып өткен Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстары да бар. Жобаның жалпы құны 545,2 млн теңгені құрайды. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралды. Бұл жоба да өтпелі, яғни 2024 жылы да жұмыстар жалғасады. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрай сервис» ЖШС, сондай-ақ авторлық қадағалаушы – «Прикаспийское управление строительства-Шымкент» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары басталып кетті.
– Енді бір аттасақ, жылу маусымы да басталғалы отыр. Аудандағы қоймаларда қатты отын қоры қанша, оның бәрінен хабардармыз. Ал әлеуметтік нысандардың жылу қазандығын көгілдір отынға ауыстыруда биыл қандай жобалар қолға алынды, осыған тоқталсаңыз…
– Аудандағы «Наркескен» спорт клубының жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру жолымен қазандықты реконструкциялау жобасы бар. Жобаның жалпы құны – 16 млн теңге. Мердігер мекеме – «КомпанияГазСтрой» ЖШС. Газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудандық кітапхананың қазандығын көгілдір отынға ауыстыруды да биыл қолға алған болатынбыз. Жобаның жалпы құны 12,3 млн теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «КомпанияГазСтрой» ЖШС. Газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Мұнан бөлек Жалағаш кентіндегі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейін табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықты реконструкциялау жұмыс жобасына жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыс жобасы бойынша облыстық бюджеттен 3,528 млн теңге бөлінді. Жоба әзірленіп, ведомстводан тыс сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысы биыл 7 қарашада дайын болады. Кент орталығындағы №246 орта мектепті табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықты реконструкциялау жұмыс жобасына жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыс жобасы бойынша облыстық бюджеттен 3,641 млн теңге бөлінді. Жоба әзірленіп, ведомстводан тыс сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысы биыл 31 қазанда дайын болады.
– Соңғы жылдары аяқ су мәселесі күрделеніп келеді. Бұл – аграрлық өңір саналатын біздің аудан үшін айтарлықтай мәселе. Осыған қатысты қандай жобалар қолға алынуда?
– Расында мұндай мәселе бар, бұл тек біздің ауданда, облыста немесе елімізде ғана орын алып отырған мәселе емес. Аяқ су мәселесі басқа да мемлекеттерде күрделеніп келеді. Десе де оның шешіміне қатысты бірқатар жобалар қолға алынуда. Мәселен, Қаракеткен ауылына 2 және Жаңаталап ауылына 3 техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен 82,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қаракеткен елді мекенінде 2 дана техникалық су ұңғымаларын қазу бойынша мердігер мекемелер «Энергиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС болып табылады. Қазіргі таңда бұрғылау жұмысы аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жаңаталап елді мекенінде 3 техникалық су ұңғымасын қазу бойынша да жоба биыл басталған болатын. Елді мекендегі 1-ТВ техникалық су ұңғымасының «Табабер» ЖШС арқылы бұрғылау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. 2-ТВ техникалық су ұңғымасы «Энергиянұр» ЖШС арқылы жүргізілетін болады. Ал 3-ТВ техникалық су ұңғымасын да аталған серіктестік жүргізеді. Бұрғылау жұмыстары аяқталып, алдағы уақытта іске қосылады.
Ауданда осындай жобалар қолға алынуда. Оның барлығы ел игілігіне жарату үшін жүзеге асып жатыр. Алдағы жылдары да жарқын жобалар жалғасын табады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!