Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Дүйсенбі, 22 шiлде, 00:04

Жарқын жобалар ел игілігіне

10.10.2023

268

0

Соңғы жылдары Жалағашта жол құрылысы қарқын алып, бірқатар ішкі көшелердің де сапасы жақсарғанын байқауға болады. Ел ішіндегі мәселелердің басым бөлігі де осы жол сапасына қатысты. Бір жағынан халықтың да талап-тілегінің ескерілгені тиімді. Әлбетте аяқ су, алдағы жылу маусымына қатысты атқарылатын жұмыстарды да пысықтап алған абзал. Осы ретте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлымен сұхбаттасып, ауданда биыл қанша көше асфальтталды, алдағы жылдың еншісінде жол құрылысына қатысты жаңа жобалар бар ма, кенттегі әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары көңіл көншіте ме, алдағы жылу масымына дайындық барысы қалай, осы және өзге де бірқатар сауалдың түйінін тарқаттық…

– Ғабит Ерболұлы, ауданда республикалық, облыстық және ау­дандық маңыздағы қанша шақы­рым жол бар және олар­дың сапасы қай деңгейде? Сұхбатымызды осы сауалдардың жауабымен бас­тасақ…
– Ауданда республикалық маңызы бар 50 шақырым жол бар, 100 пайыз қанағаттанарлық жағдайда. Сон­дай-ақ облыстық маңызы бар 60,6 ша­қырым жол бар, олар да 100 пайыз қанағаттанарлық жағдайда деп ай­та аламын. Ал аудандық маңызы бар 130,3 шақырым жолдың 115 ша­­қы­рымы, яғни 87 пайызы қа­на­ғат­танарлық, 15,3 ша­қы­рымы қанағаттанарлықсыз жағ­дай­да. Елді мекендерде ұзындығы 239,9 ша­қы­рымды құрайтын, 228 ішкі көше бар. Оның 172,9 шақырымы, яғ­ни 72 пайызы қанағаттанарлық, 67 ша­қы­рымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.


– Биыл ауданда жол құрылысы қарқын алғанын жақсы білеміз, халықтың талап-тілегіне арқау бол­ған осы мәселені шешуге қан­ша қаражат қаралды және нәти­жесі қалай?
– 2023 жылы жалпы құны 1 млрд 133,5 млн теңгені құрайтын бірнеше жоба қолға алынды. Нәтижесінде 40 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Оның ішінде Ақсу ауылына кі­ре­беріс жолды орташа жөндеу, Есет батыр мен Жаңадария ауылы ара­лығын жалғайтын жолды орташа жөн­­деу және Жаңаталап-Аққыр ара­лығындағы жолды күрделі жөндеу жұ­мыстары бар. Қазіргі таңда ас­фальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.
– Биыл елді мекендердегі са­пасы төмен ішкі көшелердің құры­лысына қатысты қанша жоба қар­жылай қолдау тапты?
– Бүгінгі таңда жалпы құны 1 млрд 996,6 млн теңгеге 31,7 ша­қырымды құрайтын 29 көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Жалағаш кентінің 12 ішкі көшесін күрделі жөндеу, Мөрәлі Шәменов ауылының 1 көшесін күрделі жөндеу, Бұқарбай батыр ауылының 3 көшесін орташа жөндеу, Аққұм ауылының 10 көшесін күрделі жөндеу және Еңбек ауылының 3 көшесін орташа жөндеу жұмыстары бар. Осыған дейін аудан әкімімен халықтың кездесуінде ел көтерген мәселелердің басым бөлігі осы жол сапасына қатысты болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Алдағы жылдары да ауданда жол құрылысы қарқын алады деген жоспар бар.

– Дәуімбайдағы ағайынның те­міржол арқылы өтетін аспалы көпір мәселесін көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болды, биыл осы мәселеге қатысты жоба да қолға алынған. Теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған ас­палы көпір құрылысының қазіргі қарқыны қалай?
– Негізінен бұл жобаның жалпы құны 328,7 млн теңгені құрайды. Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысына биыл облыстық бюджеттен 184,8 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда көпірге орнатылатын темір конструкциялары дайындалып, көпірдің екі бетіне бетон құю жұмыстары аяқталуда. Мердігер мекеме – «Гулнур МК» ЖШС, тех­никалық қадағалаушы – «Altimus» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Проект Сервис» ЖШС. Бұйыртса, бұл жоба да ел игілігіне беріледі.
Бұл елдің көптен күткен арманы болатын. Себебі шойынжолды кесіп өтіп, кент орталығына келу тұр­ғындар үшін қауіпті болатын. Сон­дықтан халықтың бұған қатысты та­лап-тілегі орынды деп есептеймін. Ал­­дағы уақытта мәселе толығымен ше­­шімін тауып, халықтың бергі бетке қа­ты­науында ешқандай кедергі бол­майды.
– Жуырда аудан әкімі елді мекен­дердегі халықпен кездесу­лерінде Ақсу мен Мөрәлі Шәменов ауылына көгілдір отын жеткізу бойынша жобалар қолға алынатынын айт­ты. Қос елді мекенде газ құры­лысы қашан басталады?
– Жалпы аудан бойынша газдан­дыруға қатысты 4 жобаға 65,5 млн теңге қаралды. Оның ішінде Мөрәлі Шәменов елді мекенін газдандыру жұмыстары да бар. Жобаның жалпы құны 684,1 млн теңгені құрайды. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Бұл жоба өтпелі болып табылады. Сондықтан 2024 жылы да жалғасады. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрай сервис» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы – «Жамбылагрогазпроект» ЖШС. Қа­зіргі таңда құрылыс монтаждау жұ­мыстары басталып кетті.
Мұнан кейін жаңа өзіңіз айтып өткен Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстары да бар. Жобаның жалпы құны 545,2 млн теңгені құрайды. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралды. Бұл жоба да өтпелі, яғни 2024 жылы да жұ­мыстар жалғасады. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, тех­никалық қадағалаушы – «Нұрай сервис» ЖШС, сондай-ақ авторлық қада­ғалаушы – «Прикаспийское уп­рав­ление строительства-Шымкент» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс монтаж­дау жұмыстары басталып кетті.
– Енді бір аттасақ, жылу маусымы да басталғалы отыр. Аудандағы қоймаларда қатты отын қоры қанша, оның бәрінен хабар­дармыз. Ал әлеуметтік ны­сандардың жылу қазандығын кө­гіл­дір отынға ауыстыруда биыл қандай жобалар қолға алынды, осыған тоқталсаңыз…
– Аудандағы «Наркескен» спорт клубының жылу жүйесін көгілдір отынға ауыс­тыру жолымен қазандықты рекон­струкциялау жобасы бар. Жобаның жалпы құны – 16 млн теңге. Мердігер мекеме – «КомпанияГазСтрой» ЖШС. Газдан­дыру жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сон­дай-ақ аудандық кітапхананың қа­зан­дығын көгілдір отынға ауыстыруды да биыл қолға алған болатынбыз. Жо­баның жалпы құны 12,3 млн тең­гені құрайды. Мердігер мекеме – «КомпанияГазСтрой» ЖШС. Газ­дан­дыру жұмыстары толығымен аяқта­лып, пайдалануға берілді.
Мұнан бөлек Жалағаш кентіндегі мемлекет және қоғам қайраткері Темір­бек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейін табиғи газға ауыс­тыру жолымен қазандықты реконс­трукциялау жұмыс жобасына жо­ба­лау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыс жобасы бойынша облыстық бюджеттен 3,528 млн теңге бөлінді. Жоба әзірленіп, ведомстводан тыс са­­раптамадан өтуде. Сараптама қо­­ры­­тындысы биыл 7 қарашада дайын болады. Кент орталығындағы №246 орта мектепті табиғи газға ауыс­тыру жолымен қазандықты ре­кон­струк­ция­лау жұмыс жобасына жо­балау-сме­талық құжаттар әзірлеу жұмыс жобасы бойынша облыстық бюд­жеттен 3,641 млн теңге бөлінді. Жоба әзірленіп, ведомстводан тыс са­рап­тамадан өтуде. Сараптама қоры­тындысы биыл 31 қазанда дайын болады.
– Соңғы жылдары аяқ су мәселесі күрделеніп келеді. Бұл – аграрлық өңір саналатын біздің аудан үшін айтарлықтай мәселе. Осыған қатысты қандай жобалар қолға алынуда?
– Расында мұндай мәселе бар, бұл тек біздің ауданда, облыста немесе елімізде ғана орын алып отыр­ған мәселе емес. Аяқ су мәселесі басқа да мемлекеттерде күрделеніп келеді. Десе де оның шешіміне қа­тыс­ты бірқатар жобалар қолға алы­нуда. Мәселен, Қаракеткен ауы­лы­на 2 және Жаңаталап ауылына 3 тех­ни­калық су ұңғымасын бұр­ғы­лау жұ­мыс­тарына облыстық бюджет­тен 82,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қа­ракеткен елді мекенінде 2 дана тех­никалық су ұңғымаларын қазу бойынша мердігер мекемелер «Энер­гиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС бо­лып табылады. Қазіргі таңда бұрғы­лау жұмысы аяқталып, іске қосу жұ­мыстары жүргізілуде. Жаңаталап елді мекенінде 3 техникалық су ұңғы­масын қазу бойынша да жоба­ биыл басталған болатын. Елді ме­кендегі 1-ТВ техникалық су ұңғы­масының «Табабер» ЖШС ар­қылы бұрғылау жұмыстары аяқта­лып, пай­далануға берілді. 2-ТВ техникалық су ұңғымасы «Энергиянұр» ЖШС ар­қылы жүргізілетін болады. Ал 3-ТВ тех­никалық су ұңғымасын да аталған серіктестік жүргізеді. Бұрғылау жұ­мыстары аяқталып, алдағы уақытта іске қосылады.
Ауданда осындай жобалар қолға алынуда. Оның барлығы ел игілігіне жарату үшін жүзеге асып жатыр. Алдағы жылдары да жарқын жобалар жалғасын табады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: