Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 05:20

Балғын бишілер бағындырған белес

10.10.2023

1232

0

Би – жанның ырғағы, әдемілік айғағы. Қазақтың би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазыналарымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тыныс-тіршілігін, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.

Өткен аптада Қызылорда қала­сындағы Асқар Тоқмағанбетов атын­дағы мәдениет үйінде Шымкент қа­ласының «Бағым-М» би үйірмесі жас өнерпаздардың өнерге деген құлшынысын арттырып, қазақ би әлемін дамыту және хореография ма­мандығына деген құрметін арт­тыру мақсатында «Dance art» рес­публикалық конкурсын ұйымдас­тырған болатын. Аталған байқауға Түркістан, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласынан, аудан, ауылдарынан 41 би тобы қа­тысты. Қатысушыларға Қы­­зылордаға танымал белгілі хо­реограф Гүлбану Елубайқызы мен Әсел Бекзатханқызы төрелік етті.
Бұл байқауға аудан абыройын арқалап саналуан сайыстарда бақ сынап, облыстық, республикалық, ха­лықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарымыз, аудандық өнер мектебінің «Хореография» класы оқушыларынан құралған «Art-Action» би тобы қатысты. Кіл мықтылар бас қосқан байқауда за­ма­науи биімен көпшіліктің көңілінен шығып, әділқазылардың ыстық ықы­ласына бөленген жалағаштық жас өрендер би сайысында бас жүлде иеленді. Мың бұралған бишілеріміз әділқазы алқаларын таңдай қақтырып, 50 мың теңге қаржылай жүлде қорын еншілеп, «Бүгінгі байқаудың фавориті Жалағаштық бишілер» деген мақтауды да естіп қайтты.
Сондай-ақ байқауда «Art-Action» би тобының жетекшісі Айбарша Бек­байқызы да халықаралық би сайы­сында «Үздік жетекші» номинациясы­мен марапатталды.
Бекзат өнер саналатын би әлеміне бала күннен әуес болған Айбарша Бекбайқызы бойжеткен соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық кол­леджінде білім алып, еңбек жолын 2018 жылдан бері аудандық өнер мектебінде бастаған, талантты жас бүгінде шығармашылығын шыңдап, біршама жетістіке қол жеткізді.
– Бұл байқау әр ай сайын әр облыста ұйымдастырылып тұрады. Біз кешегі Қызылорда қаласында өткен жарысқа бірінші рет қатыссақ та оқу­шыларым қарсыластарынан жеңісті жұлып алды, бас жүлдені иелендік. Бұл байқауға өздеріңіз білетіндей, заманауи бимен қатыстық. Жарысқа бір апта ғана уақыт қалғанда жаңадан келген биге деген қызығушылықтары жо­ғары екі оқушымды қостым. Биге ар­найы макет дайындадық. Топтағы Айлин оқушымның анасы сыйлық ре­тінде би барысында пайдаланатын кеменің макетін дайындап берді. Осы тұста ата-аналарға ерекше алғы­сымды білдіргім келеді. Себебі олар әр сайыста үнемі менің жанымнан табылып, көмектесіп жүреді. Бұл да ата-аналардың өнерге деген құл­шынысы мен құрметі деп ой­лаймын. Биді шығару барысында тө­гілген тер мен жаңа идеялар өз жемісін беріп, оқушыларым сенімімді ақтады. Жарыста билейтін билерді 3-4 ай бойы дайындап барып шығарамын. Себебі дайындық барысында қойылған қи­мылдар келесі күні ұнамай қалып, жиі өзгерістер енгізуге тура келеді. Осы байқауға қатысқандар хореография класы бойынша 3 класста оқитын оқу­шыларым. Мен негізі би қоюмен емес, сабақ берумен айналысамын. Осы мамандықты оқушыларымның бойы­на толық сіңіріп шығу – менің басты міндетім. Классика, халық-сахналық, музыка сауаттылығы, ритмика, за­ма­науи, Қазақстан хореографиясы апта сайын өткізіледі, – дейді жетекші Айбарша Үсейн.
Еңбек жолында түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келе жатқан «Art-Action» би тобының шығармашылық қоржынында «Ерке сылқым», «Хорезм», «Жастар», «Қа­­рақшылар», «Шашу», «Қуыр­­шақтар», «Орыс» және т.б түрлі ұлт өкілдерінің биі бар.
«Өнер талантты өсіреді» дейді дана халық. «Art-Action» би тобының же­текшісі хореограф Айбарша Бек­байқызының балғын бишілері бүгінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жас өнерпаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Себебі жетекшісі Айбарша «темірдей тәртіп жеңіске жетелейді» дейді. Ұстаздарынан алған білімімен, үйреткен ілімінің арқасында аудан намысын әрі қарай да қорғап, биік шың­дарды бағындыруды мақсат еткен «Art-Action» би тобының алар асуы алда.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: