Қызылордада облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сырбойылықтарды Қала күні мерекесімен құттықтады.
Құрметті қызылордалықтар!
Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Сұлу Сырдың жағасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қызылорда бүгінде қайнаған құрылыс алаңына айналуда.
Жүздеген әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар салынды, ескі ғимараттар жаңарды, дарияның сол жағалауы игеріліп, бас қаланың үлгісімен дамуда.
Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы арқасында көшелер кеңейіп, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Жаңа мектептер мен мәдени нысандар, саябақтар салынды. Қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңа автобустар әкелінді.
Туған қаланы көркейтудегі демеушілер үлесін ерекше атап өткен жөн. Олар әуежай терминалын, «Анаға тағзым» орталығын салып, тұрғын үйлердің қасбетін көркемдеу, аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, балаларға арналған ойын алаңдарын орнату, Орталық алаңды жаңғырту сияқты ауқымды жұмыстарды атқаруда.
Бұл Қызылорданың келбетті, заманауи, таза қала болғанын қалайтын, қолдан келгенше бар ынтасымен көмек көрсететін жандардың бастамасымен жүзеге асуда.
Қадірлі қала тұрғындары!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек», деген болатын.
Қала – өз үйіміз. Қамқорлықпен қарап, жанашырлық таныту әрбіріміздің азаматтық борышымыз.
Жыл өткен сайын Қызылорданың халық саны да, аумағы да өсіп келеді. Халықтың игілігі, қызылордалықтардың жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін атқарылатын жұмыстың ауқымы да ұлғая түспек. Оны жүзеге асыру үшін бәрімізге «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» бірлік, қажырлы еңбекқорлық, туған қаламызға деген жанашырлық керек.
Тарихтан тамыр тартқан, болашаққа қол созған туған қаламыз өсіп-өркендей берсін!
Мереке құтты болсын!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!