Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 08:35

Спортшылар сынға түсті

31.10.2023

754

0

Спорт – ел мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Ауданда салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорттық шаралар ұйымдастыру бір жолға қойылған. Оны жанына серік етіп, аудан намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап, үлкен жетістікке жетіп жүрген саңлақтарымыз да жоқ емес. Аудан орталығында басталған «Алтын дән – 2023» салтанатты шарасы жәрмеңкеден соң спорттық сайысқа ұласты.

Шарада аудан әкімі Ардақ Ибраи­мов ауданның на­мысын жоғары дең­гейде қорғап жүр­ген спортшыларға әр­кез қолдау көр­сетуге дайын екенін жеткізді.
«Шынықсаң, шымыр боласың» де­мекші, спорт адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт.
Аудан спортшылары «Алтын күз» ме­рекесінде қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту сайыстары бойынша бақ сынасты. Аталған үш спорт түрі­нен өткен тартысты додаға кент пен ауыл­дардан 100-ге жуық спортшы қа­тысты.
Күрес – тарихы терең спорт тү­рінің бірі. Қазақтың ешбір тойы мен мерейлі мерекесі ұлттық ойындарсыз өтпеген. «Алтын күз» мерекесінде де аудан спортшылары аталған спорт түрінен мықтылығын дәлелдеп бақты.


Жас та болса дзюдо мен қазақ күресінен биік белестерді бағын­ды­рып, үлкен додаларда аттары ата­лып, бүгінде жаттықтырушы бо­лып қаншама шәкірттің білікті бап­кері атанып жүрген ақсулық Ұлас­хан Алпысбай мен Шыңғысхан Әбіл­хасенұлы тартысқа толы ойынның үздік үштігін түйіндеп, сайысты қоры­тын­­ды­ласа, қарсыластарын шақ кел­тір­мей, жауырыны жерге тимеген па­луан Ақылбек Серік өз шеберлігімен боз­­кілемнің шаңын шығарып, жүлделі І орынды иеленді.
Қайсарлығы қанында, тектілігі та­мырында тулаған жастардың сайыс барысында бір-бірінен ай­ласын асы­рып, тактикаларын шебер қол­дануын көр­генде бойларында на­мысты қол­дан бер­мейтін қасиеттерін аң­ғардық. Мұнан кейін спорттық сайыс гір спортымен жалғасты.
Гір тасын көтеруден спорт­шылар 70 және 70 келіден жоғары салмақтар бойынша сынға түсті. Өздеріңіз білетіндей, бұл спорт түрінен жала­ғаштық жастар биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем етуде. Бұл спорт сайысында 70 кг салмақ дәрежесіндегі гір тасын көтеруде Нұр­ислам Орынбасар І орынды, Ислам Мажиев ІІ оырнды иеленсе, Әзиз Ербол ІІІ орынға тұрақтаған болатын. Ал 70 келіден жоғары салмақта Нұрлан Сенбеков І орын иеленсе, Қай­сар Төлеген ІІ орын, Абдулхасан Сей­тенов ІІІ орынмен сайысты қоры­тындылаған болатын.
Бұл спортты жанына серік еткен спортшыларымыз өздеріңіз біле­тін­дей жуырда Өзбекстан мемле­кетінің Хиуа қаласында өткен Әлем чем­пионатында ел намысын қорғап, Әлем чемпионы атанған бо­латын. Бағы мен бабы келіскен Қайсар Төлеген бүгінге дейін өзіне ар­тылған сенім мен үмітті ақтап, былтыр Үндістанда өткен Әлем чем­пионатында қола медаль қанжы­ғалап, екі мәрте Азияның чемпионы бол­ған Қайсар биыл Хиуа қаласында өткен Әлем чемпионатында ел мерейін үстем етіп І орынды иеленді.

– Жалпы гір спортымен 7 сынып­тан бері айналысып келемін. Ме­нің сол уақыттан бері бапкерім Абдул­ха­сан Жанатұлы жаттықтырады. Бі­лікті бапкерімнің берген тәлімінің арқа­сында бойдағы күшті қабілетпен бай­ла­­ныс­тырып, бұған дейін де талай до­да­ларда жеңіс тұғырынан көріндім. Салада жеткен барлық жетістігім сол жаттығу залында өткен күндердің жемісі деп білемін. Бүгінгі «Алтын күз» мерекесіне арналған спорттық шарада жүлделі ІІ орынды жеңіп алдым. Барша достарымды жеңісімен құттықтаймын, – дейді жеңімпаз Қайсар Төлеген.
Спорттық шаралар легі арқан тар­тыспен қорытындыланды. Жеңісті жол­­дан жығылмайтын ақсулықтар бұл жолы ІІІ орынға тұрақтады. Ал мемлекет және қоғам қай­раткері Темірбек Жүргенов атын­дағы №123 мектеп-лицейінің жастары ІІ орын­ды иеленсе, «Талап» шаруа қо­жа­лығының еңбеккерлері І орынды жеңіп алды.
Кіл мықтының басын қосқан бұл спорттық сайыста бар ынта-жі­гер­­­імен, жеңіске деген құлшынысымен жеткен жеңім­­паздарға ау­­дандық мә­дениет және спорт бө­лімінің бас­шысы Шарабан Қа­лы­баев алғыс хат, медаль­дар, де­меу­шілердің қаржылай сыйа­қысын табыстады.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: