«Қателеспесем, 2009 жыл. Жаңа нысанға енді көшіп келген кез. Оқушылар мектептің ауасына үйренісе алмағандықтан болар, бір күнде бірнеше бала талып қалатын. Бірде мектептің есігінен енгенім сол еді, жанұшыра атымды атап шақырған дауыс мені елең еткізді. Дереу талып қалған оқушының жанына барып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім» деп әңгімесін бастады медбике апай. Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға қарым-қабілетін арнап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын ақхалатты абзал жан Дарияш Әліпбаеваның Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте жұмыс жасап жатқанына 20 жылға жуықтаған.
2003 жылдан бастап білім ордасындағы әр балаға өз баласындай қарап, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасайтын Дарияш Жарылқапқызы бұл қызметті мінсіз әрі абыроймен атқарып келеді. Мейірімділігі мен жылуы, шыдамдылығы мен мамандығына деген адалдығы арқылы балалардың дертінен сауығуына септігін тигізетін жан өз ісінің маманы. Басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір жан білікті маманның көмегіне жүгінеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салаға саналы ғұмырын арнап, ұстаз бен оқушының саулығы үшін уақытпен санаспай жұмыс жасайтын жанның еңбегі көпке үлгі.
– Бір күнде бірнеше бала ауырып, кем дегенде күніне 10-15 оқушы алдыма келеді. Қазіргі балалар өте әлсіз. Бір тиген тұмаумен қайта ауырған оқушылар да бар. 20 жылдың ішінде басымнан көптеген оқиғалар өтіп, бір күнде бірнеше мәрте жедел жәрдем шақырған күндер де болды. Алдыма келетін балалардың көбі бас және көз ауруымен ауырғандар. Өздеріңіз білетіндей, қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонға тәуелді. Балалар түнімен телефон көріп қана қоймай, көзін аша салысымен телефонға қайта кіріп кететіні тағы бар. Соның салдарынан көптеген оқушымыз көзім ауырды деп жатады. Осы тұста біз оқушылардың ата-аналарына бала телефонға тәуелді болмас үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қандай да бір аурудың алдын алу мақсатында екпе алу керектігін ескертеміз, – дейді медбике.
Иә, мектепте сапалы білім берумен қатар ел ертеңі болған жастардың денсаулығы да маңызды. Өмір жолын денсаулық саласымен ұштастырып, жас ұрпақтың саулығын басты назарда ұстайтын кейіпкеріміз қызметінде халықтың ризашылығы мен алғысын алудан асқан ешқандай бақыт жоқ деп біледі.
А.ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!