Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 00:49

Дарияш медбике

18.11.2023

488

0

«Қателеспесем, 2009 жыл. Жаңа нысанға енді көшіп келген кез. Оқушылар мектептің ауасына үйренісе алмағандықтан болар, бір күнде бірнеше бала талып қалатын. Бірде мектептің есігінен енгенім сол еді, жанұшыра атымды атап шақырған дауыс мені елең еткізді. Дереу талып қалған оқушының жанына барып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім» деп әңгімесін бастады медбике апай. Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға қарым-қабілетін арнап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын ақхалатты абзал жан Дарияш Әліпбаеваның Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте жұмыс жасап жатқанына 20 жылға жуықтаған.

2003 жылдан бастап білім орда­сындағы әр балаға өз бала­сындай қарап, үлкен жауапкершілікпен жұ­мыс жасайтын Дарияш Жарыл­қап­қызы бұл қызметті мінсіз әрі абы­роймен атқарып келеді. Мейірімділігі мен жылуы, шыдам­дылығы мен ма­мандығына деген адалдығы ар­қылы балалардың дер­тінен сауы­ғуына септігін тигізетін жан өз ісінің маманы. Басы ауырып, бал­тыры сыздаған әрбір жан білікті ма­ман­ның көмегіне жүгінеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салаға саналы ғұмырын арнап, ұстаз бен оқушының саулығы үшін уақытпен санаспай жұмыс жасайтын жанның еңбегі көпке үлгі.
– Бір күнде бірнеше бала ауырып, кем дегенде күніне 10-15 оқушы алдыма келеді. Қазіргі балалар өте әлсіз. Бір тиген тұмаумен қайта ауырған оқушылар да бар. 20 жылдың ішінде басымнан көптеген оқиғалар өтіп, бір күнде бірнеше мәрте жедел жәрдем шақырған күндер де болды. Алдыма келетін балалардың көбі бас және көз ауруымен ауырғандар. Өздеріңіз білетіндей, қазір еңбектеген ба­ла­дан еңкейген қартқа дейін теле­фонға тәуелді. Балалар түнімен те­лефон көріп қана қоймай, көзін аша салысымен теле­фонға қайта кіріп кететіні тағы бар. Соның сал­дарынан көптеген оқушы­мыз көзім ауырды деп жатады. Осы тұста біз оқушылардың ата-аналарына бала телефонға тәуелді болмас үшін тү­сін­дірме жұмыстарын жүргізіп, қан­дай да бір аурудың алдын алу мақ­сатында екпе алу керектігін ескер­теміз, – дейді медбике.
Иә, мектепте сапалы білім бе­румен қатар ел ертеңі болған жас­тар­дың денсаулығы да маңызды. Өмір жолын денсаулық сала­сымен ұштастырып, жас ұрпақтың саулығын басты назарда ұстайтын кейіпкеріміз қызметінде халықтың риза­шы­лығы мен алғысын алудан асқан ешқандай бақыт жоқ деп біледі.
А.ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: