Сыр елі өнердің мөлдір бұлағы болса, оның ішінде Жалағаш – ұлттық салт-дәстүрін, ән-күйі мен жыр-термесін қайнар бұлағына сақтап қана қоймай, дамытып келе жатқан аудан. Бауыржан Момышұлы айтқандай, өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманымен қиялы, жалпы болмысы. Жас жеткіншектерді өнерге баулып, үлкен өмірге қанат қағуына аудандық өнер мектебінің қосқан үлесі зор. Талай жастың талабын ұштап жүрген өнерлі орданың бүгінде бағындырған белесі көп.
Оқушылардың дарынын ұштап, бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілетін арттыруда өнер мектебі 1971 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатыр. Сырт көзге шағын мектеп болып көрінгенімен, ішкі қызу жұмыстары ондағы ұстаздар мен оқушыларға ғана мәлім.
Былтырдан бастап еңсесі биік, жылы әрі жарық, жаңа нысанға қоныс аударған өнер ұжымында қазіргі таңда 8 арнайы класс бойынша 15 мұғалім жұмыс жасайды. Олар домбыра, хореография, баян, прима, қобыз, бас домбыра, дәстүрлі ән салу, домра-прима, флейта кластары бойынша кенттегі және аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардан келетін 131 оқушыны өнерге баулиды. Өмірін өнермен байланыстырған өрендер мұнда өзі қалаған аспабы бойынша 5 жыл білім алып, таңдауы бойынша аспап, теориялық пәндер қатарындағы сольфеджио, музыка әдебиеті, хор және ансамбль сабақтарына қатыса алады. Мектепте арнайы аспап кластарымен қатар акт залы, дыбыс жазу студиясы, теориялық пәндер, ансамбль кабинеттері қарастырылған. Директоры Рақымбет Төлегенұлының айтуынша, 2022-2023 оқу жылы өнер мектебі табысты болған. Себебі бұл оқу жылында жарысқа барған балалар жүлдесіз қайтпапты. Олар облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында, «Ақ шағала», «Қайнар бұлақ» хореографиялық фестиваль-байқауында, «Күй табиғаты» байқауында үздіктер қатарынан көрінген. Сондай-ақ республикалық «BALA Fest» және «Жас жұлдыз» байқауынан бас жүлде иеленсе, «Астана-Арай», «Hello Winter Fest», «Әлемді аялаған – Ана!», «Мәңгі жаса, жаңғырған ұлы далам», «Атадан мұра» атты байқаулардан да алғашқы үштіктен көрінген. Бұдан бөлек халықаралық «Бозторғай», «Жеті өнер» VI балалар шығармашылығында, «Жас жұлдыз» өнер бәйгелерінде жүлделі орындарға лайық деп танылған.
Айта кетейік, аудандағы өнер мектебін бітірген оқушылар музыкалық колледждерге түсе алады. Себебі мұндағы ұстаздар оқушылар білімін музыкалық колледжде жалғастыруға ниетті болса, 5 жылдық білімді 7 жылға дейін ұзартуға дайын екенін, музыкалық колледждің алғашқы курсында алатын білімді тереңдетіп оқытады.
– Жалағаш өнер мектебі аудандағы балалар ордасы болып табылады. Жаңа ғимаратқа көшкелі оқушыларымыздың саны артып келеді. Жалпы ауданда кенжелеп қалған дәстүрлі ән айту өнерін дамыту мақсатында биыл жаңадан клас ашылып отыр. Әр класқа әр жастан талантына қарай қабылдаймыз. Қазіргі таңда мектепте 131 бала оқып жатыр, бірақ ұжым 200 балаға дейін оқытуға қауһарлы. Ендігі біздің мақсатымыз – үрмелі аспаптар класын ашу, – дейді өнер мектебінің директоры Р.Досманов.
«Өнер өміршең» демекші, майталман мамандардан білім алып, іргетасы мықтап қаланған шәкірттен түбінде таудай талант шығатыны бәрімізге белгілі. Мұнда таланты мен талабын ұштастырып, өнерін өмір өзеніне айналдырған өрендердің көзінен үлкен жеңіске деген құлшынысты көрдік. Өнер ордасында болған бір сағат уақыттың ішінде балалар бізді бойындағы дарыны мен талантына тәнті етті.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!