Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:45

163,3 тонна өнім сатылды

04.12.2023

448

0

Титов шағын ауданының тұрғыны Сабыр Болатбекұлы күзгі науқан соңында жалағаштық шаруалар ұйымдастыратын жәрмеңкені асыға күтетіндер қатарында. Бастапқыда күнделікті тұтынатын өнімдерін арзан бағаға алуды дәстүрге айналдырған ол желтоқсанның басында қыстық азығын қамдап алады екен. Кешегі сенбіде де Сәкең сауданың көркін қыздырып, жәрмеңкеде төбе көрсетті.

– Қазір базар бағамына сенім жоқ, бүгін арзан бағаға сатып алған өніміңді ертең сатушы «пәленбай теңге» деп тұрса, таң қалмаңыз. Міне, біздің жәрмеңкені асыға кү­те­тініміз де сондықтан. Биыл осы­ған дейін ұйымдастырылған жәр­меңкелердің ешқайсысынан шет қалғаным жоқ. Бірақ көбіне Жала­ғаштың балығын сатып алатынбыз. Аз­ды-көпті бақша өнімдерін де ала­тынымыз тағы бар. Жылдағы дәс­түр бойынша енді қыстық азығы­мызды біржола қамдап алуға келіп отырмыз. Қап-қап картоп, сәбіз, пияз, асқабақ секілді бірқатар бақ­ша өнімін молынан алдық. Сапасы жоғары, бағасы арзан өнімді таң­мен таласа алып жатқандар жал­ғыз біз емес. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, бүгінгі жәрмеңке саудасы қы­­зып тұр. Шаруа адамдарына рах­­мет, жыл сайын бізді науқан қорытындысында қуантып отырады. Келер жылы да жалағаштықтардың қырманы тасысын дейміз, елде болса ерінге тиеді деген бар, бүгін сол сөздің шындығына көз жеткізіп отырмыз, – дейді ол.
Сәкең айтқандай, расында бүгінгі жәр­меңке осыған дейінгілерден бө­лек болды. Несін жасырамыз, ор­та­лықтан келіп молынан әкетуге әзір­лерін де көзіміз шалды. Алайда бұл осы шаһар тұрғындарына үлес­тірілуі керек, сондықтан он­дай пы­сықайлардың әрекетіне ұйым­дастырушылар тарапынан жол бе­рілмеді. Таңнан түстен кейінге дейін халықтың өзі-ақ таласып әкетті.
– Жаңадарияның қарбызы қай сөреде, – дейді алпысты алқым­да­ған ардагер.
– Қызылша, асқабақ алмасаңыз, жаңа қарбыздың соңын мен са­тып алдым, – деді қаракөз қарын­дасымыз.
– Қап!
Осымен диалог үзілді. Ақсақал­ды да түсінуге болады, биыл жыл­дағыдан 4-5 есе бақша өнім­де­рін баптаған жаңадариялық бағ­бандардың қарбызына кейде ау­данда отырып өзіміз де қол жеткізе алмай қаламыз. Осының өзі шалғай ауылдағы бақша өнімдерінің сапа­сы қандай екенінен хабар беріп тұр­ғандай.
Ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов те сол жерден табыла кетті.
– Бұл жолы ауылдан көп өнім келмеді-ау, елдің ауызында Жаңа­да­рия жүр ғой, – дедім.
Ауыл әкімінің ауызын бақсақ, бұл үйреншікті жағдай екен. Ап­та сайын ұйымдастырылатын жәрмең­кеге шалғай ауылдан мол өнім кел­генімен бірінші болып солардың сө­ресі босайтын көрінеді.
– Ауылдан әдеттегідей өнім кел­ді, бірақ түске дейін халық та­ла­сып әкетті. Бұл үйреншікті жағ­дай ғой, басқалардан артық өнім әкел­сек те бірінші болып біздің сө­ре босайды. Бүгін 4 жүк көлігімен бақ­ша өнімдерін алып келдік. Бі­рақ сауданың көркі қызды, түске дейін көлігіміз босап қалды. Ал­дағы уақытта да осындай бақша өнім­дерін әкелеміз. Баяғы елдің ауы­зында жүрген Жаңадарияның өнімі әлі де сапасын жоғалтқан жоқ, оған бүгінгі саудада көз жеткізуге болады. Келер жылы да бағбандар бақша салудың қамын жасап жатыр. Алдағы уақытта да елді арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етеміз, – дейді ауыл әкімі.
Иә, расында кешегі жәрмеңкеде қыстың алғашқы айы басталғасын ба, шаруалардың саудасы жүрді. Әдеттегідей барлық өнім базар бағамынан 10-15 пайыз төмен бол­ды. Бірақ осынша тауардың өтуі­не бағадан бұрын бақша өнімде­рінің сапасы әсер етсе керек.
Айта кетейік, сенбідегі жәрмеңке­ге ауданнан 60 жүк көлігімен жал­пы құны 39 млн 320 мың теңгені құ­рай­тын 163,3 тонна ауыл шаруа­шылығы өнімдері жеткізілді. Бақша өнімдерінен бөлек балық, сиыр, жыл­­қы еттеріне де сұраныс мол болды. Ұйымдастырушылар арзан әрі сапалы өнімдермен шаһар тұр­ғындарына алдағы уақытта да қуа­ныш сыйлайтынын айтады.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: