Титов шағын ауданының тұрғыны Сабыр Болатбекұлы күзгі науқан соңында жалағаштық шаруалар ұйымдастыратын жәрмеңкені асыға күтетіндер қатарында. Бастапқыда күнделікті тұтынатын өнімдерін арзан бағаға алуды дәстүрге айналдырған ол желтоқсанның басында қыстық азығын қамдап алады екен. Кешегі сенбіде де Сәкең сауданың көркін қыздырып, жәрмеңкеде төбе көрсетті.
– Қазір базар бағамына сенім жоқ, бүгін арзан бағаға сатып алған өніміңді ертең сатушы «пәленбай теңге» деп тұрса, таң қалмаңыз. Міне, біздің жәрмеңкені асыға күтетініміз де сондықтан. Биыл осыған дейін ұйымдастырылған жәрмеңкелердің ешқайсысынан шет қалғаным жоқ. Бірақ көбіне Жалағаштың балығын сатып алатынбыз. Азды-көпті бақша өнімдерін де алатынымыз тағы бар. Жылдағы дәстүр бойынша енді қыстық азығымызды біржола қамдап алуға келіп отырмыз. Қап-қап картоп, сәбіз, пияз, асқабақ секілді бірқатар бақша өнімін молынан алдық. Сапасы жоғары, бағасы арзан өнімді таңмен таласа алып жатқандар жалғыз біз емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі жәрмеңке саудасы қызып тұр. Шаруа адамдарына рахмет, жыл сайын бізді науқан қорытындысында қуантып отырады. Келер жылы да жалағаштықтардың қырманы тасысын дейміз, елде болса ерінге тиеді деген бар, бүгін сол сөздің шындығына көз жеткізіп отырмыз, – дейді ол.
Сәкең айтқандай, расында бүгінгі жәрмеңке осыған дейінгілерден бөлек болды. Несін жасырамыз, орталықтан келіп молынан әкетуге әзірлерін де көзіміз шалды. Алайда бұл осы шаһар тұрғындарына үлестірілуі керек, сондықтан ондай пысықайлардың әрекетіне ұйымдастырушылар тарапынан жол берілмеді. Таңнан түстен кейінге дейін халықтың өзі-ақ таласып әкетті.
– Жаңадарияның қарбызы қай сөреде, – дейді алпысты алқымдаған ардагер.
– Қызылша, асқабақ алмасаңыз, жаңа қарбыздың соңын мен сатып алдым, – деді қаракөз қарындасымыз.
– Қап!
Осымен диалог үзілді. Ақсақалды да түсінуге болады, биыл жылдағыдан 4-5 есе бақша өнімдерін баптаған жаңадариялық бағбандардың қарбызына кейде ауданда отырып өзіміз де қол жеткізе алмай қаламыз. Осының өзі шалғай ауылдағы бақша өнімдерінің сапасы қандай екенінен хабар беріп тұрғандай.
Ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов те сол жерден табыла кетті.
– Бұл жолы ауылдан көп өнім келмеді-ау, елдің ауызында Жаңадария жүр ғой, – дедім.
Ауыл әкімінің ауызын бақсақ, бұл үйреншікті жағдай екен. Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеге шалғай ауылдан мол өнім келгенімен бірінші болып солардың сөресі босайтын көрінеді.
– Ауылдан әдеттегідей өнім келді, бірақ түске дейін халық таласып әкетті. Бұл үйреншікті жағдай ғой, басқалардан артық өнім әкелсек те бірінші болып біздің сөре босайды. Бүгін 4 жүк көлігімен бақша өнімдерін алып келдік. Бірақ сауданың көркі қызды, түске дейін көлігіміз босап қалды. Алдағы уақытта да осындай бақша өнімдерін әкелеміз. Баяғы елдің ауызында жүрген Жаңадарияның өнімі әлі де сапасын жоғалтқан жоқ, оған бүгінгі саудада көз жеткізуге болады. Келер жылы да бағбандар бақша салудың қамын жасап жатыр. Алдағы уақытта да елді арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етеміз, – дейді ауыл әкімі.
Иә, расында кешегі жәрмеңкеде қыстың алғашқы айы басталғасын ба, шаруалардың саудасы жүрді. Әдеттегідей барлық өнім базар бағамынан 10-15 пайыз төмен болды. Бірақ осынша тауардың өтуіне бағадан бұрын бақша өнімдерінің сапасы әсер етсе керек.
Айта кетейік, сенбідегі жәрмеңкеге ауданнан 60 жүк көлігімен жалпы құны 39 млн 320 мың теңгені құрайтын 163,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Бақша өнімдерінен бөлек балық, сиыр, жылқы еттеріне де сұраныс мол болды. Ұйымдастырушылар арзан әрі сапалы өнімдермен шаһар тұрғындарына алдағы уақытта да қуаныш сыйлайтынын айтады.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!