Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жұма, 22 қараша, 12:00

Қызылша қаулап барады

12.12.2023

561

0

Қазақстанда қызылшаның эпидемиялық жағдайы әлі де тұрақсыз, жыл басынан бері елімізде 20 188 қызылша жағдайы тіркелген. Оның 81 пайызы – 14 жасқа толмаған балалар, 3,4 пайызы жасөспірімдер арасынан болса, 15,4 пайызы – ересектер. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова осылай деді.

Аймақта 1 182 адам
дертке шалдыққан

Спикердің сөзінше, бұл дертке шалдық­қандар барлық аймақта анықталған. Науқастардың 1 182-сі Қызылорда облы­сына тиесілі. Басқарма басшысы дертті дендетпеудің тиімді тұсы оған қарсы вакцина екенін айтады.
Айта кетейік, ауданда қызылшаның алғашқы диагнозымен 19 жағдай анық­талған. Оның 7-еуі зертханалық жолмен нақтыланып отыр. Ауданның бас санитары қызылша індетіне шалдыққандардың ба­­сым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандар екенін айтады. Олардың саны жалпы сыр­қаттанушылықтың 74 пайызын құрайды.

Дерт дендемесін десек…

– Оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмеген­­дер үлесі – 36 пайыз, егілетін жасқа жет­пегендер үлесі – 36 пайыз, вакцина­циядан бас тартқандар үлесі – 15 пайыз. Сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен екпе алмай жүргендер көрсеткіші 8 пайызды құрайды. Бұдан бөлек 2 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екені анықталды, – дейді басқарма басшысы.
Спикер ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да барын жоққа шы­ғар­майды. Алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 до­засын алған, яғни ағзада толық имму­нитет қалыптаспағандар арасынан ау­ру­ды жұқ­тырып алу деректері орын алып отыр.

Аудандағы ахуал қалай?

Аудан бойынша анықталған қызыл­шаның басым бөлігі, яғни 10 жағдай Жа­лағаш кентінің үлесінде. Ауылдық елді мекендерге келсек, Бұқарбай батыр, Жаңа­­дария, Мәдениет ауылдарынан 2 жағдайдан анықталса, Мақпалкөл, Ақсу және Есет батыр ауылдарынан 1 жағ­дайдан тіркелген.
– Қызылша ауруы бойынша эпиде­миологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының әлсіреп, екпе­ден бас тартушылар санының ар­туымен байланыстырады. Себебі ұжым­дық иммунитет бәсеңдеген сайын ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында – екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар, – дейді Г.Айымбетова.
Спикердің сөзінше, бүгінде қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру бойынша алдын алу ша­ралары тұрақты жүргізілуде. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылы 1 қарашадағы №7 Қаулысына сәйкес, елімізде қызылша ауруының сыр­қат­танушылығының, таралуының алдын алу мақсатында 6 қарашадан бас­тап 6 ай­дан 10 ай 29 күнге дейінгі ба­ла­ларды және 24 қарашадан бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі ба­ла­ларды ауруға қарсы қосымша егу басталған.
Ауданда бүгінге дейін қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундаумен 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі 275, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі 2 127 бала екпемен қамтылған. Сонымен қатар 55 жасқа дейінгі 90 медициналық қызметкер де қызылшаға қарсы қосымша жаппай егумен қамтылған.

Қызылша қандай кесел?

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақым­далуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамға ауа там­шы­ларымен жөтелгенде, түшкір­генде, сөй­­лескенде жұғады. Қызылшамен ауыра­тын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қа­тынаста болған жағдайда екпе алмаған адам­дардың дертті жұқтыру қаупі өте жоғары.
Ол пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Меди­ци­налық көмекке кеш жүгінгенде және қы­зылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен, яғни қызба, бас ауруы, әлсіздікпен аурудың алғашқы белгілері пайда болады. Бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті рес­пираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеген абзал.
– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, сондықтан екпе тегін жүргізіледі. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен қоса қолданылады. Негізінен дертті дендетпеудің тиімді жол вакцина қабылдау болып табылады. Сондықтан халық мамандардың кеңесіне құлақ асса дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай, уақыт өткен сайын елімізде ахуал күрделеніп келеді. Бұған мамандар ғана емес, қарапайым халық та бейжай қарамауы керек, – дейді басқарма басшысы.
Гүлзираш Айымбетова брифинг со­ңын­­да БАҚ өкілдерінің «Бұл дерт­тің өршу себебі не, мамандар кеселдің алдын алуда нендей шаралар қа­был­дау­да және оның жемісі бар ма, алдағы уақытта дертті тұсау үшін қайт­пек керек, дертке шалдыққандарға үй жағ­дайын­да ем қабылдауға бола ма?» деген сынды бірқатар сауалын да жауап­сыз қалдыр­мады. Түптеп келгенде маман кеңе­сінен ахуал күрделенбес үшін екпе қабыл­дау­дың маңызы жоғары екенін аңғардық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: