«Медицина саласында қызмет ете жүріп, қаламды жанымнан тастамай, «мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев жырлағандай, шығармашылықпен айналысуымның да өзіндік мәні бар. Қазақ қай кезде де өнер мен шығармашылықтан кенде емес. Мақсатым – жазба ақындар жыр-мүшәйрасында аудан атын үлкен додаларда шығару» деп бастады әңгімесін Дінмұхамед Жаңбырбай.
Иә, кейіпкеріміз ақ парақ пен қаламды жанына серік ете жүріп, аудандық емхананың ем-шара кабинетінде қызмет етеді. Таңғы 8.00-ден 10:00-ге дейін аудан тұрғындарынан олардың саулығы үшін түрлі талдау сараптамаларын алатын кейіпкерімізді арнайы іздеп бардық.
Оның айтуынша, халық саулығының сақшысы, мамандықтың асылы медицина саласында қызмет ету бала күннен бергі арманы екен. Кейіпкеріміздің бұл салада 5 жылдан астам тәжірибесі бар. Десе де жас маман үнемі ізденіс үстінде жүріп, білімін жетілдіріп отырады.
– Қазіргі таңда тері ауруларының көп болуына байланысты күніне 20-дан аса науқас келсе, соның 95 пайызы дерматолог маманына көріну үшін талдау жасатады. Көбіне мекемеде жұмыс жасайтын кісілер, яғни мұғалімдер, балабақша қызметкерлері, әскерге баратын азаматтар санитарлық тексеруден өту үшін жылына бір немесе екі рет талдау жасатуға келеді. Талдау әр науқастың сырқат түріне байланысты тамырдан немесе саусақ басынан алынады, – дейді Дінмұхамед Бақытбекұлы.
Ол пандемия кезінде көпшіліктің көңілін тауып, індеттің бетін қайтару жолында қажырлы еңбек етіп, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды. Ауру өршіп, індет дендеген уақытта кеселдің алдын алуға барынша атсалысып, карантин ережесіне бағынуды да насихаттады.
Өлшеусіз еңбек – ауруды жеңбек бүгінде,
Тәуелсіз күн кеш, сырқатқа сен де үңілме.
Ақ халат киген абзал жандарың тұрғанда,
Дертіңе шипа табылар халқым, түңілме!
Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлаймын,
Жақсы жандарды жаманға еш қимаймын.
Кеселге қарсы көлденең егер тұрмасам,
Дәрігерге сай абырой қалай жинаймын?
Халық денсаулығы үшін медицина саласын таңдаған жанның бірі білсе, бірі білмейтін ақындық өнері де бар. Ол студенттік шағынан бастап қолына қалам алып, ақ қағазға сыр шертуді жанына серік еткен.
– 2013 жылы студенттік жылдарым басталды. Ең алғаш қолыма қалам ұстап, өлең шығаруыма әжемнің 71 жасы арқау болды. Содан бері түрлі тақырыпта қалам тербеп, қалам-қағазбен дос болдым. Таңды-таңға жалғап, көз алдымда болған оқиғаны ойша қорытып, түн ортасы ауғанда қара өлеңнің жүгенін қос қолдап тартсам да тоқтата алмай қалатын кездер болады. Кейде таныстарым арнау, таныстыру шығарып беруімді өтінеді. Түсінгенім өзімді қанша қинағаныммен кейде шабыт келмесе, өтініш арқылы өлең шығара алмайды екенмін. Себебі шабыт өтінішпен келмейді. Таныстарыма осы жағдайды түсіндіре алмай, ренжітіп алған кездерім де болды, – дейді жас ақын.
Иә, ақын болу оңай емес. Өз жүрегіңнің үнін тыңдай отырып, жүрек түкпіріндегі сырды қағаз бетіне түсіру үшін сөзді сүзгіден өткізу қажет. Яғни қаламынан маржандай төгіліп тұрған сөздің астарында терең мағына болуы керек. Себебі ақындық өнер – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Жүрегі жырға толып, жанары жақсылықты ғана көретін кейіпкеріміз өмірін өлеңмен өріп, түрлі тақырыпта қалам тербеп жүр.
Оқырманға ұшқыр ой, тың туындыларымен танылып, көптің көңілінен шығып жүрген жас ақынның жеткен жетістіктері де жоқ емес. Аудан намысын облыстық, республикалық байқауларда қорғап жүрген кейіпкеріміз әлі талай додаларда топ жармақ. Ақ қағазға түйдек-түйдек жыр жолдарымен сыр шертіп жүрген Дінмұхамед Жаңбырбай алдағы уақытта шығармашылығынан жинақ шығаруға ниетті. Қос саланы қатар алып жүрген оның бұл ісі көпке үлгі.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!