Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 13:20

Қаламды серік еткен дәрігер

24.12.2023

330

0

«Медицина саласында қызмет ете жүріп, қаламды жанымнан тастамай, «мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев жырлағандай, шығармашылықпен айналысуымның да өзіндік мәні бар. Қазақ қай кезде де өнер мен шығармашылықтан кенде емес. Мақсатым – жазба ақындар жыр-мүшәйрасында аудан атын үлкен додаларда шығару» деп бастады әңгімесін Дінмұхамед Жаңбырбай.

Иә, кейіпкеріміз ақ парақ пен қа­ламды жанына серік ете жүріп, ау­дан­дық емхананың ем-шара кабине­тінде қызмет етеді. Таңғы 8.00-ден 10:00-ге дейін аудан тұрғындарынан олар­дың саулығы үшін түрлі талдау сарап­тамаларын ала­тын кейіпкерімізді ар­найы іздеп бардық.
Оның айтуынша, халық саулығының сақшысы, мамандықтың асылы меди­цина саласында қызмет ету бала күннен бергі арманы екен. Кейіпкеріміздің бұл салада 5 жыл­дан астам тәжірибесі бар. Десе де жас маман үнемі ізде­ніс үстінде жүріп, білімін жетілдіріп оты­рады.
– Қазіргі таңда тері ауруларының көп болуына байланысты күніне 20-дан аса науқас келсе, соның 95 пайызы дерматолог маманына көріну үшін тал­­дау жасатады. Көбіне меке­меде жұ­мыс жасайтын кісілер, яғни мұғалім­дер, балабақша қызметкерлері, әскерге ба­ра­тын азаматтар санитарлық тексе­руден өту үшін жылына бір немесе екі рет талдау жасатуға келеді. Талдау әр науқастың сырқат түріне байланысты тамырдан немесе саусақ ба­сынан алы­нады, – дейді Дінмұхамед Ба­қыт­бекұлы.
Ол пандемия кезінде көпшіліктің көңілін тауып, індеттің бетін қайтару жо­лында қажырлы еңбек етіп, тұрғын­дарды сақтық шараларын сақтауға ша­қырды. Ауру өршіп, індет дендеген уақытта кеселдің алдын алуға барынша атсалысып, карантин ережесіне ба­ғынуды да насихаттады.
Өлшеусіз еңбек – ауруды жеңбек бүгінде,
Тәуелсіз күн кеш, сырқатқа сен де үңілме.
Ақ халат киген абзал жандарың тұрғанда,
Дертіңе шипа табылар халқым, түңілме!

Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлаймын,
Жақсы жандарды жаманға еш қимаймын.
Кеселге қарсы көлденең егер тұрмасам,
Дәрігерге сай абырой қалай жинаймын?
Халық денсаулығы үшін медицина саласын таңдаған жанның бірі білсе, бірі білмейтін ақындық өнері де бар. Ол студенттік шағынан бастап қолына қалам алып, ақ қағазға сыр шертуді жанына серік еткен.
– 2013 жылы студенттік жылдарым басталды. Ең алғаш қолыма қалам ұстап, өлең шығаруыма әжемнің 71 жасы арқау болды. Содан бері түрлі тақырыпта қалам тербеп, қалам-қағазбен дос болдым. Таңды-таңға жалғап, көз алдымда болған оқиғаны ойша қоры­тып, түн ортасы ауғанда қара өлеңнің жүгенін қос қолдап тартсам да тоқтата алмай қалатын кездер болады. Кейде таныстарым арнау, таныстыру шығарып беруімді өтінеді. Түсінгенім өзімді қанша қинағаныммен кейде ша­быт келмесе, өтініш арқылы өлең шы­ғара алмайды екенмін. Себебі шабыт өті­ніш­пен кел­мейді. Таныстарыма осы жағ­­дайды түсіндіре алмай, ренжітіп ал­ған кездерім де болды, – дейді жас ақын.
Иә, ақын болу оңай емес. Өз жүре­гіңнің үнін тыңдай отырып, жүрек түкпіріндегі сырды қағаз бетіне түсіру үшін сөзді сүзгіден өткізу қажет. Яғни қаламынан маржандай төгіліп тұрған сөздің астарында терең мағына бо­луы керек. Себебі ақындық өнер – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Жүрегі жырға толып, жанары жақсылықты ғана кө­ретін кейіпкеріміз өмірін өлеңмен өріп, түрлі тақырыпта қалам тербеп жүр.
Оқырманға ұшқыр ой, тың туындыла­рымен танылып, көптің көңілінен шығып жүрген жас ақынның жеткен жетістіктері де жоқ емес. Аудан намысын облыстық, республикалық байқауларда қорғап жүрген кейіпкеріміз әлі талай додаларда топ жармақ. Ақ қағазға түйдек-түйдек жыр жолдарымен сыр шертіп жүрген Дін­мұхамед Жаңбырбай алдағы уақытта шы­ғармашылығынан жинақ шығаруға ниет­ті. Қос саланы қатар алып жүрген оның бұл ісі көпке үлгі.


Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: