Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 30 қараша, 05:38

Президент шыршасы: Балалар қуанышқа бөленді

26.12.2023

561

0

Күн сайын өзімізге есеп бермесек те, жыл соңында 365 күннің есебін бір-ақ беретін уақыт келеді. Жыл қалай өтті? Несімен есте қалды? Қандай жетістіктерге жеттік? Осындай сұрақтарға жауап іздейміз. Оқушылар да дәл солай, үздік оқып, мектептің белсенді өміріне араласып, білім, спорт, өнерде жетістікке жеткен оқушылар жыл соңында алғысқа бөленіп, ынталандырылады. Балалардың жыл сайын асыға күтетін мерекелерінің бірі – Жаңа жыл. Өйткені Жаңа жылда ойыншықтармен безендірілген шырша, ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар оқушыларға тамаша көңіл-күй сыйлап, армандарына жан бітіріп, түрлі сыйлықтар үлестіреді.

Осы орайда жаңа жыл қарсаңында мерекені асыға күтетін оқушыларға арналған Президент шыршасын ұйым­дастыру дәстүрге айналған. Жексенбіде өткен «Қош келдің, Жаңа жыл» атты Пре­зидент шыршасына аудандардан 200 бала шақырылды. Мерекелік іс-ша­рада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев Мемлекет басшысының бүлдір­шін­­дер­ге арналған жаңажылдық құт­­­тық­­тауын жеткізді.

– Бүгін республикамыздың барлық аймағында Президент шыршасы өту­де. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Мен өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр аза­маттар аз емес. Жастарымыз атқа­ры­лып жатқан ауқымды жұмыстың, ре­фор­малардың игілігін міндетті түрде көреді. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдай жасауымыз керек. 31 жыл бұрын бастау алған ҚР Президентінің шыршасына осы уақытқа дейін біздің өңірден 4 мыңға жуық бала қатысты. Еліміздің басты шырша тойын мерекелеу үшін сіздер де облысымыздың әр ауылынан келдіңіздер. Бұл салтанатты шара – Президентіміздің өздеріңдей өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі, – деді аймақ басшысы.

Шыршаға келген аймағымыздың оқушылары өнерге бай, жан-жақты екен. Оқушылар әртүрлі қызықты ойын ойнап, ән шырқады, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлық алды. Сондай-ақ қонақтарға арнайы фотосессия ұйымдастырылды.

Айта кетейік, ауданнан Президент шыр­шасына 9-13 жас аралығындағы 9 оқушы барып, мерекелік концертті көріп қайтты. Әрине мерекелік шыршаға бару оңай емес. Жыл бойы үздік оқы­ған, тәрбиесі оңды, сондай-ақ көпба­лалы отбасында тәрбиеленетін, қор­ған­шылық және қамқоршылықтағы ба­лалар жолдама алған.

– Президент шыршасы қызықты өтіп жатыр, қатыс­қаныма қуаныштымын. 1 күнде көптеген дос таптым. Бар­лығы да өнерлі екен. Осындай мүмкіндік беріп, білім үй­реткен мұғалімдеріме алғыс айтамын.
Шырша, шырша,
Шамдарыңды жарқырат.
Би билейміз, айнала,
Балаларды таңырқат.
Тілеймін мен бар әлемге,
Дос көп болсын, Жаңа жыл.
Ата-әже, әке-шеше,
Құтты болсын, Жаңа жыл, – деп аудандағы Әл-Фа­раби атындағы №201 мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Ер­батыр Мергенбайұлы мерекелік өлеңімен көңіл-күйін жеткізді.

Облыста 280 мыңға жуық бала бар. Олар 680 балабақша және 325 мектепте білім мен тәр­бие алады. Оқушылардың мектепке қатынауына жа­қын, ың­ғайлы болу үшін биыл қаладағы 4 мектеп жаны­нан қосымша ғи­ма­раттар салынды, 2 жаңа мектеп іске қо­сыл­ды. Ел Пре­зидентінің бастамасымен қолға алынған «Жай­лы мек­теп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салы­на­ды.

Дарынды балалардың талабын шыңдауға баса мән беріліп келеді. Биыл Қызылорда қаласы мен Қар­мақшы ауданында мамандандырылған мектеп-лицей, интернаттар жұмысын бастады. Сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-ма­те­матика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орын­дық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының ірге­тасы қаланды. Алдағы жылы Жаңақорған және Шиелі ау­дан­дарында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы басталады.
Соңғы екі жылда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындау мақса­тында «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны ұйымдас­ты­рылуда. Лагерьде облыстың 1000-ға жуық дарынды оқу­шысы кәсіби мамандардың көмегімен білімін жетілдірді.

Биыл 102 сырбойылық өрен халықаралық, респуб­­ликалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олим­пиа­далардың жеңімпазы атанды. Облыстың пәндік олим­пиадалық командасы жаратылыстану-математика бағыты бойынша командалық есепте республикада ІІ орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді.

Балаларды әлеуметтік қолдау және қауіпсіз орта қалыптастыру да басты назарда. Аймақта бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылған. Көмекке мұқтаж отбасыларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында 37087 балаға 41 мың теңгеден, барлығы 1,3 млрд теңгеге бір реттік қаражат берілді. Балаларды қауіпсіз, жайлы көлікпен тасымалдау үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: