Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 01:38

Майталман механизатор

16.01.2024

433

0

– Оңай жерде олжа бар деп пе едің, қиындыққа адал еңбекпен тө­теп бермей, жұмысыңның жемісін көре алмайсың, – деді ол қасындағы көмек­шісіне.
Болат ағамызға Берденнің көмекші болғанына да көп уақыт болмапты. Әрбір ісіне майталман механизатордың көңілі толмайтыны содан шығар, сірә. Бірақ алдындағы ағасының ақы­­лын ал­са, аудандағы ауыл ша­руа­шы­лы­ғы­ның мықты маманы бола­тынына күмән жоқ.
Не керек, еңбек адамының жұмы­сымен танысу үшін онымен диалог құ­руға бел будық. Бірақ көмекшісіндей «сөз естіп қаламыз ба?» деген күдігіміз де жоқ емес. Аман-саулық сұрасқан бойда кейіпкеріміз шешіле сөйледі. Ауы­зын бақсақ, Бөкең техниканың тілін мең­герген майталман маман екен.
Болат Шіміріковтің ауыл шаруа­шылығы саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Ақсулық аға­мыз өңір­дегі «Ақбозтай» фермер қожа­лы­ғын­да механизатор болып жұмыс жа­сайды. Аяздың беті қайтып, жердің тоңы жібігеннен Бөкеңе тыным жоқ. Көктем басталғаннан жер жыртып, оны сүдігерлейді, каналдарға су келе баста­ғаннан тұқып себеді, ал жаздай шөп орып, пресс басады.
Кейіпкеріміздің күзде күрішке орақ салу жұмыстарына білек сы­бана кі­рі­сетіні айтпаса да түсінікті. Күзгі науқаннан кейін механизатор дема­лады десеңіз қателесесіз. Себебі оны аязды күндері де шаруашылықтың басқа да жұмыстары күтіп тұр. Осынша жауапкершілікті арқалаған майталман маманның шаршаған кезі болмапты. Керісінше жасы ұлғайса да жастарға үлгі болып жүр.
– Қазір салада жұмыс ауыр деген адамды өзім жалқау деп есептеймін. Біздің кезімізде қалай еді, ескірген техникалардың бірін іске қоссаң, екіншісі қирап жатады. Оны жөндеуден өткізсең, келесі күтіп тұр. Не керек, көп уақытымыз көліктің ішінде емес, астында өтетін. Бірақ солай жүріп, мол астықты жауын-шашынға ысырап қылмадық. Қазір ше, бүгінде сала жұмысы жүйеленген. Шаруашылықтар заманауи техникалармен жарақталған. Тек еңбек ету керек. Жаңа көмекшіме де кейіп жатқаным осы ғой, – дейді ол.
Білікті һәм тәжірибелі маман қай кезде де үлкен сұранысқа ие. Елуді еңсерген ағамыз бұл сөзімізге дәлел. Басшылыққа «мен шаршадым, ендігі кезек жастардікі» деп талай ескертіпті. Бірақ төраға Абай Боранқұловтың мұндай майталман механизатордан айырылғысы жоқ.
Шаруашылық басшысы әр жылдары күзгі науқанның қорытындысында ең­бекте озат дала дарабоздарына ай­лы­ғынан бөлек қаржылай сыйақы үлес­тіреді. Олардың соңы 500-600 мың теңгедей қаражатқа ие болса, алды бірнеше млн теңгеге дейін қол жет­кізеді.
Бір қызығы, Болат Шіміріков солардың ешқайсысынан құр қал­мапты. Бұдан оның әр жылды та­бысты қорытындылайтынын аңғару қиын емес. Биыл да Бөкең еңбекте озат шығып, 2 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Адал еңбектің өтеуі деген осы шығар, сірә.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: