Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентінде орналасқан нысандарды аралап, дербес бөлім мекемелердің жұмыстарымен танысты. Алдымен құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің ғимаратымен танысып, бөлім басшысына сапалы қызмет көрсету үшін жайлы ғимараттың қажет екенін ескертті. Алдағы уақытта кент орталығынан халыққа қолайлы жерге көшу қажеттігін жеткізді.
Аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға жетелейтін «Б.Құлтекенов» атындағы жабық бассейннің қызмет сапасы Ардақ Ибраимовтың назарынан тыс қалмады. Ел игілігіне салынған жаңа ғимаратты ұқыпты, күтіп ұстаумен қатар жаттығу залын сапалы спорттық жабдықтарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Мұнан кейін аудан әкімі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Мансап» орталығында болды. Халық үшін қазіргі таңда өзектілігі жоғары нысан басшылары мен мамандарына маңызға ие салада сапалы қызмет көрсету үрдіске айналу қажеттігін айтты.
Жалағаш кенті Желтоқсан көшесіндегі еңселі ғимараттардың бірінде қазіргі таңда Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдері бірге орналасқан. Аталған нысанның қаскелбетін қалпына келтіру үшін, ішкі жаңалау жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірлеу тапсырылды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі де аталған ғимараттың сол жақ бөлігінде жұмыс жасауда.
Аудан әкімі туған жердің тұғырын биік ұстап, талай додада топ жарып жүрген жас өрендердің мекеніне айналған Мәдениет және спорт бөлімінің, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі мен «Руханият» орталығының жұмыстарына оң бағасын берді. Бұл тұста «Наркескен» спорт клубына демеушілік есебінен жасалып жатқан оң өзгерістерін ерекше айтып өтті. Сондай-ақ Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығынан қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардан жақсылыққа бастауда жаңа жобалар мен ұтымды ұсыныстар күтетінін жеткізді.
Жуырда ғана жөндеу жұмыстары жасалған Жалағаш кенті әкімі аппараты мен «Жалағаш жаршысы» газетінің ғимараттарына табан тіреген Ардақ Ибраимов ақпараттық дәуірде «Жалағаш жаршысы» газетінің ерекше маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ аудандық сайлау комиссиясы орналасқан ғимаратқа да арнайы барған Ардақ Әбдіғаппарұлы бұл нысандағы бөлімдер жұмысымен де танысты. Ал аудандық экономика және қаржы бөлімінің ғимаратына жөндеу жұмыстарын жасау қажеттігін жеткізді. Нысандарды аралау барысында айтылған тапсырмалардың уақытылы орындалуы сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!