Жылда арнасының тасу қаупі бар Сырдария өзені облыс әкімінің жіті бақылауында. Жексенбіде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария өзеніндегі су деңгейін тікұшақтан бақылап, дайындық жұмыстарымен танысты. Мамандардың айтуынша, қазір Шиелі ауданы Қарғалы елді мекенінен 7 шақырым төмен «Таштоп» учаскесіне дейінгі Сырдария өзенінің иіндерінде мұз ұстасқан. «Төменарық» су бекетінде күр жүруде. Еске салсақ, облыс аумағында 29 ықтимал су басу аймағы анықталған. Бұл аймақтарға қала және аудан әкімдіктері 364 арнайы техника және 1 102 адам күші бар 116 жауапты мекемені бекітті. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісім-шартқа сәйкес 1 тікұшақ дайындыққа келтірілген. Биылға мұз жаруға және қап алуға облыс бюджетінен 14,8 млн теңге бөлінді.
Қала және аудан әкімдіктерінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, су тасқынына қарсы пайдаланылатын материалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанармай және 139 902 қап сақтаулы. Сондай-ақ 17 710 бау қамыс, 5 865 пашын және 2 381 қарабура мен т.б. қажетті материалдар қоры жасақталған. Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын. Аймақ басшысы өзендегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, тиісті дайындық жұмыстарын уақытылы қолға алуды тапсырды.
Сырдария туралы дерек
Бастауын Қырғызстан мемлекетінен алатын Сырдария бассейні Өзбекстанның бірнеше облыстарын кесіп өтіп, Түркістан, Қызылорда өңіріне жетіп жығылады. Яғни Тянь-Шань сілемдерінен Арал теңізіне дейінгі аумақты қамтиды. Өзеннің жалпы ұзындығы – 2219 шақырым, су жинайтын алабы 462 мың шаршы шақырым, бастауын тау деңгейінен жоғары 3300-4400 м биіктікте жатқан таулы өңірден алады. Алабында өзен суын толықтырушы, жалпы ауданы 2208 шаршы шақырым болатын 1713 мұздық бар.
Қазақстан жеріндегі, яғни Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары алабы негізінен құмды келеді. Қызылқұмның солтүстік және Арал Қарақұмның оңтүстігімен ағады. Сырдарияның 130-ға жуық саласы бар, Қазақстандағы ірілері – Келес, Құркелес, Арыс және т.б.
Сырдария негізінен қар және аздап мұздық, жауын-шашын суымен толысады. Жылдық ағынының 20,7 пайызы көктемде, 47,3 пайызы жазда-күзде, 32 пайызы қыста өтеді. Деңгейі сәуір айынан көтеріле бастайды, маусым-шілде айларында ең жоғары шегіне жетеді. Содан кейін суы азая түседі. Жылдық орташа су мөлшері Қызылорда қаласының тұсында арнасымен секундына 673 м3, сағасына таяу жерде, яғни Қазалы қаласы тұсында 446 м3 су өтеді. Өзен Түркістан қаласына дейін желтоқсаннан бастап қатып, наурыздың аяқ кезінде мұз ери бастайды. Мұзының қалыңдығы ақпан-наурыз айларында 66-68 см-ге жетеді.
Тарих не дейді?
Ежелгі дәуірден бері Сырдария өзенінің атауы сан мәрте өзгерген. Жазба деректер бойынша біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда ол скиф тілінде «Силис», А.Македонскийдің жауынгерлері «Танаид» деп те атаған. Бұл атау скифтердің «дон-өзенінің» сөзбе-сөз атауы еді. «Силис» атауы туралы С.Т.Кляшторный мынадай пікір айтады. Мәлімет бойынша ХІХ ғасырдың ортасында Сырдария атырауында 3 мыңға жуық көл болғаны айтылды. Сырдария бойы ежелгі заманнан бері халық тығыз қоныстанған, суармалы егіншілік кеңінен дамыған мәдениет ошақтарының бірі болып табылады.
Көне грек жазбаларында Сырдария өзені «Яксарт» деп аталған. Ал Әл-Беруни кезеңіне дейін «Хасарт» делінсе, Орта Азияға арабтардың келуімен «Сейхун» деп аталған. Сыр бойын алғаш зерттеген орыс саяхатшылары Д.Гладышев және И.Муравиннің жазба есептерінде Сырдария деп жазылған. 1880-1890 жылдары аралығындағы газет тігіндеріндегі Сырдария өзені туралы деректерден Сыр бойы, әсіресе Ақмешіт өңірі көп өзгерістерге түскені байқалады.
Өзен арнасын алғашында оңтүстік-батысқа, кейін солтүстік-батысқа қарай өзгерткен. Оның ескі арналары 1831 жылғы карта бойынша бүгінгі арнасы мен Іңкәрдария арнасын құрап, Арал теңізіне барып құйғанын, Сырдария және Жаңадария аңғарларының жалғасы Арал теңізінің астында қалғанын ғалымдар деректермен дәлелдеп тұжырымдаған.
Бұл тұжырымдар бойынша Сырдарияның ең алғашқы арналарының бірі – Іңкәрдария. Бұл өзен бүгінде құммен көміліп қалған, су келетін тармақтарының ізі білінер-білінбес. Академик С.Толстовтың зерттеулерінде Сырдарияның төменгі ағысында суармалы жердің бүгінгіден төрт есе көп болғаны айтылады.
XVIII-XIX ғасырда және 20 ғасырдың орта кезінде Сырдария өзенінде су тасу жиі болған. Бізге жеткен деректер өзен суының 1879, 1889, 1903, 1907, 1908, 1921, 1922, 1925, 1950, 1960 жылдары қатты тасығанын дәлелдейді. Бұл құбылыс 2003-2004 жылдардың көктемінде қайталанды. Өзенді зерттеушілердің бірі Н.А.Северцев 1859 жылы Сырдария өзенінің Қазалы қаласының тұсындағы енінің 100-200 сажан болғанын, сондай-ақ 1857 жылы Жаңадария өзеніндегі қатты ағысты көргенін жазады. Ол жылдар Сырдария өзенінен тартылған 600-дей арық болған.
1958 жылы Жаңадария, 1961 жылы Қуаңдарияның арнасымен су аққан. Бүгінде ізі сақталған Аламесек, Жамандария сияқты өзен-көлдер бойымен XIX ғасырда шағын кемелер жүзген. Бүгінгі Сырдария аңғарын реттеп, сулы егістік пен шабындықтарды суаруға және суландыруға тиімді пайдалану үшін өзен бойында бірнеше бөген мен канал салынған. Өзен суының кейінгі 20-30 жыл ішінде қарқынды игерілуіне байланысты 1975-1980 жылдардан бастап Сырдария Арал теңізіне жетпей тартылып қалатын болды. Қазіргі уақытта Сырдария өзені алабының суын мемлекетаралық бөлу халықаралық үйлестіруші су шаруашылық комиссиясының бақылауымен жүргізіледі.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!