Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 12:03

Сырдария – өлкенің өзегі

30.01.2024

569

0

Жылда арнасының тасу қаупі бар Сырдария өзені облыс әкімінің жіті бақылауында. Жексенбіде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария өзеніндегі су дең­гейін тікұшақтан бақылап, дайын­дық жұмыстарымен танысты. Маман­дар­дың айтуынша, қазір Шиелі ауданы Қар­ғалы елді мекенінен 7 шақырым тө­мен «Таштоп» учаскесіне дейінгі Сыр­дария өзенінің иіндерінде мұз ұстасқан. «Төменарық» су бекетінде күр жүруде. Еске салсақ, облыс аумағында 29 ықтимал су басу аймағы анықталған. Бұл аймақтарға қала және аудан әкім­діктері 364 арнайы техника және 1 102 адам күші бар 116 жауапты мекемені бекітті. «Қазавиақұтқару» акционерлік қо­ға­мымен жасалған келісім-шартқа сәйкес 1 тікұшақ дайындыққа келтіріл­ген. Биылға мұз жаруға және қап алуға облыс бюджетінен 14,8 млн теңге бөлінді.

Қала және аудан әкімдіктерінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, су тас­қынына қарсы пайдаланылатын мате­риалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанармай және 139 902 қап сақтаулы. Сондай-ақ 17 710 бау қамыс, 5 865 пашын және 2 381 қарабура мен т.б. қажетті мате­риал­дар қоры жасақталған. Қажет бол­ған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қа­былдау эвакуациялық пункті дайын. Аймақ басшысы өзендегі жағ­дайды тұрақты бақылауда ұстап, тиісті дайын­дық жұмыстарын уақытылы қолға алуды тапсырды.

Сырдария туралы дерек

Бастауын Қырғызстан мемлекетінен алатын Сырдария бассейні Өзбек­стан­ның бірнеше облыстарын кесіп өтіп, Түркістан, Қызылорда өңіріне жетіп жы­ғылады. Яғни Тянь-Шань сілем­де­рі­нен Арал теңізіне дейінгі аумақты қам­тиды. Өзеннің жалпы ұзындығы – 2219 шақырым, су жинайтын алабы 462 мың шаршы ша­қы­рым, бастауын тау дең­гейінен жо­ға­ры 3300-4400 м биік­тікте жатқан тау­лы өңірден алады. Ала­бында өзен суын то­лықтырушы, жалпы ауданы 2208 шар­шы шақырым болатын 1713 мұз­дық бар.
Қазақстан жеріндегі, яғни Оңтүс­тік Қазақстан және Қызылорда облыс­тары алабы негізінен құмды келеді. Қы­­зыл­құмның солтүстік және Арал Қара­құмның оңтүстігімен ағады. Сыр­дарияның 130-ға жуық саласы бар, Қазақстандағы ірілері – Келес, Құрке­лес, Арыс және т.б.
Сырдария негізінен қар және аздап мұздық, жауын-ша­шын суымен толы­сады. Жылдық ағы­ны­ның 20,7 пайызы көктемде, 47,3 пайы­зы жазда-күзде, 32 пайызы қыста өтеді. Дең­гейі сәуір айынан көтеріле бас­тайды, маусым-шілде айларында ең жо­ғары шегіне жетеді. Содан кейін суы азая түседі. Жылдық орташа су мөлшері Қы­зылорда қаласының тұсында арна­сымен секундына 673 м3, сағасына таяу жерде, яғни Қазалы қаласы тұ­сында 446 м3 су өтеді. Өзен Түркістан қа­ласына дейін желтоқсаннан бастап қатып, наурыздың аяқ кезінде мұз ери бастайды. Мұзының қалыңдығы ақпан-наурыз айларында 66-68 см-ге жетеді.

Тарих не дейді?

Ежелгі дәуірден бері Сырдария өзе­нінің атауы сан мәрте өзгерген. Жазба деректер бойынша біздің дәуі­рі­мізге дейінгі ІІІ ғасырда ол скиф тілінде «Силис», А.Македонскийдің жауын­гер­лері «Танаид» деп те атаған. Бұл атау скифтердің «дон-өзенінің» сөзбе-сөз атауы еді. «Силис» атауы туралы С.Т.Кляшторный мынадай пікір айтады. Мәлімет бойынша ХІХ ғасырдың ортасында Сырдария атырауында 3 мыңға жуық көл болғаны айтылды. Сыр­дария бойы ежелгі заманнан бері халық тығыз қоныстанған, суармалы егін­ші­лік кеңінен дамыған мәдениет ошақта­ры­ның бірі болып табылады.
Көне грек жазбаларында Сырдария өзені «Яксарт» деп аталған. Ал Әл-Беруни ке­­зеңіне дейін «Хасарт» делінсе, Орта Азияға арабтардың келуімен «Сейхун» деп аталған. Сыр бойын алғаш зерт­теген орыс саяхатшылары Д.Гла­дышев және И.Муравиннің жазба есеп­те­рін­де Сырдария деп жазылған. 1880-1890 жылдары аралығындағы газет тігін­­де­ріндегі Сырдария өзені туралы де­рек­терден Сыр бойы, әсіресе Ақме­шіт өңірі көп өзгерістерге түскені байқалады.
Өзен арнасын алғашында оң­түс­тік-батысқа, кейін солтүстік-батысқа қа­рай өзгерткен. Оның ескі ар­на­лары 1831 жылғы карта бойынша бүгінгі ар­насы мен Іңкәрдария арнасын құ­рап, Арал теңізіне барып құй­­ға­нын, Сыр­дария және Жаңадария аңғарла­ры­ның жалғасы Арал теңізі­нің астын­­да қалғанын ғалым­дар дерек­термен дәлелдеп тұжы­рым­­да­­ған.
Бұл тұжы­рым­дар бойынша Сырда­рия­ның ең ал­ғашқы арналары­ның бірі – Ің­­кәр­дария. Бұл өзен бүгінде құм­мен кө­міліп қалған, су келетін тармақта­ры­­ның ізі білінер-білінбес. Ака­де­мик С.Толс­­товтың зерт­теулерінде Сыр­да­рия­­­ның төменгі ағы­сында суар­малы жер­­­дің бүгінгіден төрт есе көп болғаны айтылады.
XVIII-XIX ғасырда және 20 ғасырдың орта кезінде Сырдария өзенінде су тасу жиі болған. Бізге жеткен деректер өзен суының 1879, 1889, 1903, 1907, 1908, 1921, 1922, 1925, 1950, 1960 жылдары қатты тасығанын дәлелдейді. Бұл құбылыс 2003-2004 жылдардың көктемінде қайталанды. Өзенді зерт­теу­шілердің бірі Н.А.Северцев 1859 жылы Сырдария өзенінің Қазалы қа­ла­сының тұсындағы енінің 100-200 сажан болғанын, сондай-ақ 1857 жылы Жаңа­дария өзеніндегі қатты ағысты көргенін жазады. Ол жылдар Сырдария өзенінен тартылған 600-дей арық болған.
1958 жылы Жаңадария, 1961 жылы Қуаңдарияның арнасымен су аққан. Бүгінде ізі сақталған Аламесек, Жа­мандария сияқты өзен-көлдер бойы­мен XIX ғасырда шағын кемелер жүзген. Бүгінгі Сырдария аңғарын реттеп, сулы егіс­тік пен шабындықтарды суаруға жә­не суландыруға тиімді пайдалану үшін өзен бойында бірнеше бөген мен ка­нал салынған. Өзен суының ке­йінгі 20-30 жыл ішінде қарқынды иге­рілуіне байланысты 1975-1980 жыл­дардан бас­тап Сырдария Арал те­ңізіне жетпей тартылып қалатын болды. Қа­зіргі уақытта Сырдария өзені ала­бы­ның суын мемлекетаралық бөлу ха­лық­ара­лық үйлестіруші су шаруашылық ко­мис­сия­сының бақы­лауымен жүргі­зіледі.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: