Кітап – адамзат баласының баға жетпес байлығы. Ғылымның қайнар бұлағы. Шығыс ойшылы Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Л.Толстой «Жақсы кітап оқу ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деген. Ал Абай атамыз «Танымның бар тамашасы кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп насихаттайды. Алайда соңғы уақытта жастарымыз кітап оқудан шетте қалып, қол үзіп бара жатқаны рас.
Осы орайда 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алған болатын. Ал былтыр аталған жобаға үлес қосу және оқушылар мен мұғалімдер арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында А.Байтұрсынұлы атындағы білім академиясының ұйымдастыруымен елімізде «Үздік оқырман» мұғалімдер байқауы өтті. 3 мың ұстаз қатысқан республикалық байқауға аудан абыройын арқалап З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынай Медеуова қатысқан.
– Кітап оқуға деген құштарлығым бала кезден пайда болды. Алдымдағы аға-апаларыма қарап, 3 жасымда әліппені оқып, 5 жасымда «Балдырған», «Парасат», «Ақжелкен» деген журналдарды оқитынмын. Кейін ертегі, әдеби кітаптар оқи бастадым. Негізі үйде анам кітапты жиі оқиды. Кітаптар жинақталған арнайы сөресі болатын. Бірде сол сөреден «Абай жолы» романының І және ІІ томын көріп оқымақшы болғанда анам «саған бұл шығарманы оқуға әлі ерте, кейін оқисың» деп бермей қойды. Ол кезде мен небәрі 3-ші сынып оқитынмын. Анамның қарсы болғанына қарамастан шығармаға деген қызығушылығым арта түсті. Содан бірде анамның рұқсатымен кітапты қолыма алып, жалықпастан 3 күн бойы шығарманың алғашқы томын оқып бітірдім. Біздің бала кезімізде қазіргідей кітап қолжетімді емес еді. Сондықтан болар, кейде кітапты ұрлап оқитынбыз. Мәселен, бірде көршімнің үйінің терезесінің алдынан Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романын көріп қалдым. Сұрасам бермей қояр деген оймен, күртешемнің ішіне тығып алып, ұрлап шыққаным есімде. Үйге барып оқып болған соң көршімнен кешірім сұрап, кітабын табыстағанмын, – дейді Алтынай Мансұрқызы.
Байқауға қатысушылар ІІ кезең бойынша сынға түскен. І кезеңде олар 2023 жылдың қаңтар мен сәуір аралығында ұйымдастырушылар тарапынан іріктелген 5 кітапты оқып, 15 сәуір күні онлайн формат арқылы тікелей эфирде сұраққа жауап берген. Мәселен, олар Д.Исабековтің «Гауһар тас» повесін, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романын, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын, И.Тургеновтың «Әкелер мен балалар» романын, және Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!» повестін оқыған. Қатысушыларға әр кітаптан 2 сұрақ беріліп, әр сұраққа кемі 200 сөзден тұратын эссе арқылы жауап берген.
ІІ кезең мамыр мен қазан айы аралығында өткен. Бұл кезеңде қатысушылар Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повестін, М.Әуезовтың «Қилы заман» атты тарихи повестін, Б.Майлиннің «Күлпәш» повестін, А.Сент-Экзюперидің «Кішкентай шахзада» атты ертегі-повестін, және О.Бальзактың «Жергілікті дәрігер» романын оқыған.
– Осы байқауда маған оқуға ауыр болған Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» атты тарихи повесті. Аты айтып тұрғандай, ол тарихи повесть болғандықтан тілі ауырлау әрі түсініп оқу қиын болды. Ал ерекше әсер сыйлаған Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романы. Шығармада Айшаның күнделікті күйбең тірлігі арқылы сол замандағы қасіретті, қиындықты, әділетсіздікті көресіз. Ол кезде тұрмыстық заттарға деген тапшылық көп болған ғой. Отты тұтататын күкірт болмағасын тұтанған оттың шоғын өшірмей келесі күнге дейін сақтаған. Бір күні алай-дүлей боран болған кезде үйінде шоқ өшіп қалып, анасы баласын көрші ауылдан шоқ әкелуге жұмсайды. Әлгі бала бір үйден кішкене бір шоқты сұрап алып, оны шелектің ішіне салып өшірмей үйіне әкеліп тұтатқан екен. Осы романдағы әр оқиға маған ерекше әсер сыйлады, – дейді ол.
Бір жылға созылған байқау нәтижесінде 3 мың қатысушының арасынан 50 ұстаз «Үздік оқырман» деп танылған. Айта кетейік, мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз осы байқауда 335 балл жинап ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ ол 300 мың теңге қаржылай сыйақы иеленген. 12 қатысушы ІІІ орын иеленіп, 100 мың теңге, 6 қатысушы ІІ орын иеленіп, 300 мың теңге, 2 қатысушы І орынға лайық деп танылып, 400 мың теңге сыйақыны жеңіп алған. Мұнан бөлек 30 қатысушыға ынталандыру сыйлығы мен 60 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталған.
Жеңімпаздар қорытынды кезеңде кітап оқу мәдениетіне қатысты шеберлік сағаттар мен семинарларға қатысып, ұлттық кітапханамен танысты. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев өз білімін жетілдіріп, көп кітап оқуының арқасында бірнеше тілді еркін меңгерген. Кейіпкеріміздің айтуынша, кітап оқудың ерте-кеші жоқ. «Тек оны қолға алып, парақтап оқу қажет» дейді. Кітап жас ұрпақтың рухани байлығы мен ой-өрісін дамытудағы тәрбие құрал екенін естен шығармағанымыз жөн.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!