Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 14:05

Алтынай – үздік оқырман

03.02.2024

412

0

Кітап – адамзат баласының баға жетпес байлығы. Ғылымның қайнар бұлағы. Шығыс ойшылы Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Л.Толстой «Жақсы кітап оқу ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деген. Ал Абай атамыз «Танымның бар тамашасы кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп насихаттайды. Алайда соңғы уақытта жастарымыз кітап оқудан шетте қалып, қол үзіп бара жатқаны рас.

Осы орайда 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мек­теп» жобасын қолға алған бо­латын. Ал был­тыр аталған жобаға үлес қосу және оқушылар мен мұғалімдер арасында кітап оқу мәде­ние­тін насихаттау мақ­са­­тында А.Байтұрсынұлы атындағы бі­­лім ака­демиясының ұйымдас­тыруы­­­мен елімізде «Үздік оқыр­ман» мұ­ға­­лімдер байқауы өтті. 3 мың ұстаз қа­тысқан республикалық бай­қауға ау­дан абыройын арқалап З.Жар­қынбаев атындағы №202 орта мек­тептің орыс тілі және әдебиеті пә­нінің мұғалімі Алтынай Медеуова қатысқан.
– Кітап оқуға деген құштарлығым бала кезден пайда болды. Алдым­дағы аға-апаларыма қарап, 3 жа­сым­да әліппені оқып, 5 жасымда «Бал­дыр­ған», «Парасат», «Ақжелкен» де­­­ген журналдарды оқитынмын. Ке­йін ертегі, әдеби кітаптар оқи бас­тадым. Негізі үйде анам кітапты жиі оқи­ды. Кітаптар жинақталған арнайы сө­ресі болатын. Бірде сол сөреден «Абай жолы» романының І және ІІ то­мын көріп оқымақшы болғанда анам «саған бұл шығарманы оқуға әлі ерте, кейін оқисың» деп бермей қойды. Ол кезде мен небәрі 3-ші сы­нып оқитынмын. Анамның қарсы бол­ғанына қарамастан шығармаға де­ген қызығушылығым арта түсті. Со­дан бірде анамның рұқсатымен кі­тапты қо­лыма алып, жалықпастан 3 күн бойы шығарманың алғашқы то­мын оқып бітірдім. Біздің бала кезі­міз­де қазіргідей кітап қолжетімді емес еді. Сондықтан болар, кейде кі­тап­ты ұр­лап оқитынбыз. Мәселен, бірде көр­­шімнің үйінің терезесінің алды­нан Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» ро­манын көріп қалдым. Сұрасам бермей қояр деген оймен, күртешемнің ішіне тығып алып, ұрлап шыққаным есімде. Үйге барып оқып болған соң көршімнен кешірім сұрап, кітабын табыстағанмын, – дейді Алтынай Мансұрқызы.
Байқауға қатысушылар ІІ кезең бойынша сынға түскен. І кезеңде олар 2023 жылдың қаңтар мен сәуір аралы­ғында ұйымдастырушылар тарапынан іріктелген 5 кітапты оқып, 15 сәуір күні онлайн формат арқылы тікелей эфирде сұраққа жауап берген. Мәселен, олар Д.Исабековтің «Гауһар тас» повесін, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» ро­манын, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын, И.Тургеновтың «Әке­лер мен балалар» романын, және Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!» повестін оқыған. Қатысушыларға әр кітаптан 2 сұрақ беріліп, әр сұраққа кемі 200 сөзден тұратын эссе арқылы жауап берген.
ІІ кезең мамыр мен қазан айы аралығында өткен. Бұл кезеңде қа­тысушылар Б.Соқпақбаевтың «Ба­ла­лық шаққа саяхат» повестін, М.Әуе­зовтың «Қилы заман» атты тарихи повестін, Б.Майлиннің «Күлпәш» по­вестін, А.Сент-Экзюперидің «Кішкентай шахзада» атты ертегі-повестін, және О.Бальзактың «Жергілікті дәрігер» ро­ма­нын оқыған.
– Осы байқауда маған оқуға ауыр болған Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» атты тарихи повесті. Аты айтып тұрғандай, ол тарихи повесть болғандықтан тілі ауырлау әрі тү­сініп оқу қиын болды. Ал ерекше әсер сыйлаған Шерхан Мұртазаның шоқ­тығы биік туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романы. Шығармада Айшаның күнделікті күйбең тірлігі арқылы сол замандағы қасіретті, қиын­дықты, әділетсіздікті көресіз. Ол кезде тұрмыстық заттарға деген тапшылық көп болған ғой. Отты тұтататын күкірт болмағасын тұтанған оттың шо­ғын өшірмей келесі күнге дейін сақтаған. Бір күні алай-дүлей боран болған кезде үйінде шоқ өшіп қалып, анасы баласын көрші ауылдан шоқ әкелуге жұмсайды. Әлгі бала бір үйден кішкене бір шоқты сұрап алып, оны шелектің ішіне салып өшірмей үйіне әкеліп тұтатқан екен. Осы романдағы әр оқиға маған ерекше әсер сыйлады, – дейді ол.
Бір жылға созылған байқау нә­ти­жесінде 3 мың қатысушының арасынан 50 ұстаз «Үздік оқырман» деп танылған. Айта кетейік, мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз осы бай­қауда 335 балл жинап ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ ол 300 мың теңге қаржылай сыйақы иеленген. 12 қатысушы ІІІ орын иеленіп, 100 мың теңге, 6 қатысушы ІІ орын иеленіп, 300 мың теңге, 2 қатысушы І орынға лайық деп танылып, 400 мың теңге сыйақыны жеңіп алған. Мұнан бөлек 30 қатысушыға ынталандыру сыйлығы мен 60 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталған.
Жеңімпаздар қорытынды кезеңде кітап оқу мәдениетіне қатысты ше­берлік сағаттар мен семинарларға қатысып, ұлттық кітапханамен та­нысты. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев өз білімін жетілдіріп, көп кітап оқуының арқасында бірнеше тілді еркін меңгерген. Кейіпкеріміздің айтуынша, кітап оқудың ерте-кеші жоқ. «Тек оны қолға алып, парақтап оқу қажет» дейді. Кітап жас ұрпақтың рухани байлығы мен ой-өрісін да­мытудағы тәрбие құрал екенін естен шығармағанымыз жөн.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: