Бейсенбіде ауданда «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу барысында 2024 жылғы су тасқынында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күш-құралдарының дайындық барысы пысықталды.
Жалағаш кентінде Сырдария өзенінің жағалауында, Ақсу ауылдық округінде ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстарына Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Руслан Қайрақбаев қатысып, ауданның азаматтық қорғау қызметтеріне, төтенше жағдай қызметі күштеріне саптық қарау жұмысын жүргізді.
Оқу-жаттығу барысында Сырдария өзенінің арнасына толуы салдарынан орын алуы мүмкін тасқынды жою мақсатында, қамыс, қада, құм қаптармен бөгеу және осал аймақтарды күшейту жұмыстарына жеке құрам жұмылдырылды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі арқылы оқиға орны турникеттермен қоршалып, күзетке алынды. Инженерлік, өртке қарсы қызметтері мен барлау тобының құрамалары дамбының жырған жерлеріне құмды қапқа салып, бөгеу жұмыстарын жүргізді.
Оқу-жаттығу кезінде Ақсу ауылындағы Сырдария өзенінде сең жүру, мұз кептеліс әсерінен дария деңгейі көтеріліп, Ақсу ауылын су басу қаупі төнді. Қауіпті аймақта «Ақсу ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ ғимараты, №116 орта мектеп ғимараты, Ақсу ауылдық клубы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны ғимараттары орналасқандықтан, Көлік қызметі мен құтқару командасы бірлесе отырып, тұрғындарды эвакуациялады.
Аудандағы №123, №31, №116 орта мектеп және Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері эвакуацияланған адамдарды қабылдап, тиісті қызмет көрсетті. Төтенше жағдай аймағына 244 жеке құрам, 93 бірлік техника жұмылдырылды.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!