Қыс қаһарына мінген шақта қызмет бабымен омбы қарды кешіп жүрген абзал жандардың видеосы елдің жүрегін елжіретті. Олардың сол күні жүрек талмасынан құлаған науқасқа бет алғаны белгілі болды. Видео авторы Сая Рысбай Ақтөбе облысында жедел жәрдем бригадасының аға фельдшері екен.
Иә, абзал жандардың аязды күндері де антына адалдығына тәнті болған отандастар алғыс жаудырды. Белден қар кешіп, діттеген жеріне дейін еңбектеп барған олар осылайша көпшіліктің ықыласына бөленді. Кейін әріптестерінің ерлігіне тәнті болған сала министрі Ақмарал Әлназарова да Ақтөбедегі ақхалаттыларға өзі де арнайы алғыс айтты.
Боранды күні халыққа көмек көрсетуге асыққандар мемлекеттік наградаға ұсынылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Жуырда еліміздің бірқатар өңірінде табиғат тосын мінез танытып, жағдай қиындаған кезде жергілікті атқарушы биліктің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина мамандары, коммуналдық қызмет пен автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету саласының өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар халықтың қамы үшін жанқиярлықпен еңбек етті» делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың бәріне шын жүректен алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылды. Дәл осы жазбаны ақпараттық агенттікте оқырманмен бөліскеніміз сол еді, әлеуметтік желіде олардың бұл марапатқа әбден лайық екенін жарыса жазғандар көп болды.
Бір қызығы, қызмет бабынан бейнетүсірілімді желіге жүктеген Сая Рысбай Қызылорда облысының тумасы екен. Ақтөбе облысында туысқандарының үйінде тұратын жерлесіміз бұған дейін де бірнеше науқастың дертіне дауа тапқан. Бүгінгі таңда әлгі туыстарының басқа өңірге қоныс аударуына байланысты інісі екеуі сол қалада пәтер жалдап тұрады екен.
Біз көріп отырған бір ғана жағдай, негізінен олардың кадр сыртында қаншама еңбегі ескерусіз жатқанын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Бұған дейін әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан азаматтың теріс әрекеті үшін өзін қайдам, біз ұялдық.
Естеріңізде болса, шет елдердің бірінде шақыртуға асығып бара жатқан жолдағы жедел жәрдем көлігі әлеуметтік желіде тараған болатын. Әлгі бейнетүсірілімде кептелісте тұрған қаншама көлік ауызбіршілікпен оған жол ашады. Міне, бізде де осындай мәдениет болуы керек. Бір ғана оң әрекетің бір адамды ажалдан арашалауға үлкен үлес болуы мүмкін, бір ғана теріс қылығың үлкен мәселеге айналуы тағы ғажап емес. Осы қаперде болса дейсің ғой.
Кеше ресми ақпараттық-агенттіктердің бірінде «Енді жедел жәрдем қызметкерлерін соққыға жыққандар қатаң жазаланады» деген ақпаратқа көз түсті. Естеріңізде болса, бұған дейін елімізде қаскөй орманшының өмірін қиғанда да осындай мәселе көтерілген. Одан кейін орман өрті орын алғанда ТЖД мамандарына қатысты осындай мәселе тағы айтылды. Бұл біздің әлі де себеппен емес, салдармен күресіп жатқанымызды және сол әдетімізден таймайтынымызды аңғартса керек. Олай емес десеңіз, әр сала маманының мәртебесін белгілеп алатын уақыт әлдеқашан жетті емес пе?
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!