Қазақстанның барлық аймағында ауа райының қолайсыздығы байқалады. Соның әсерінен 7 облыстағы республикалық маңызы бар 8 автожолда қолданылатын көлік қозғалысына шектеу енгізілді, сонымен қатар оқушылар қашықтан оқу режиміне көшті.
Өткен аптаның жұмасынан бастап 112-ден келетін хабарламалардың саны артты. Оның барлығы дерлік Қызылорда облысында күтілетін желдің жылдамдығы мен қатты аязға қатысты. Енді ғана күн жылып, көктем жақындады-ау дегенде аяз күшіне мінді. Тіпті синоптиктердің болжауынша, Қазақстанның кейбір аумағында алдағы 3 күнде -45 градусқа дейін күн суытады.
Алдағы күндері еліміздің солтүстік және шығыс облыстарында ауа температурасы түнде -30-38, күндіз -20-28-қа дейін суытады. Республиканың оңтүстік-шығысында түнде -15-25, тауларда -30-35, күндіз -10-25 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.
Жұма күні ауа райы -20 градусқа дейін төмендегесін мектеп оқушыларының барлығы қашықтан оқуға көшті. Аяқасты айтылған бұл хабарға оқушылардың да еті үйреніп кеткендей. Себебі бұндай хабарлар мектеп тарапынан кешке ғана ескертілетін көрінеді. Ал кешеден бері тек бастауыш сынып оқушылары ғана қашықтан оқып жатыр, ертең қалай болатыны әзірге беймәлім. Себебі ауа райының күрт өзгеруі нақты шешімге жауап болмай тұр.
Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты облыста бірінші ауысымдағы 1-4 сыныптар қашықтан оқуға ауысты. Олай болатындай реті бар. Себебі ауа температурасы -20 градустан төмен және желдің жылдамдығы секундына 20 метр немесе одан қатты болған жағдайда бастауыш сыныптар онлайн білім алу режиміне көшеді. Сондай-ақ ауа температурасының -25 градусқа дейін төмендеуіне байланысты екінші ауысымдағы 1-9 сынып оқушылары да қашықтан оқуға ауысады.
Жалпы ауданда 428 сынып, 7063 оқушы бар. Оның 160-ы – бастауыш сынып, 208-і – ортаңғы буын және 60-ы – 10-11 сыныптар. Олардың барлығы бір мезетте онлайн режимге өткенде кенттегі интернет желісінің ахуалы қандай болмақ?
Иә, қашықтан оқыту кімге болса да оңай емес. Оның мәнісін карантин уақытында ұққанбыз. Интернеттен бөлек оқушының тақырыпты түсінуі, арнайы платформаға кіру жағдайы қарастырылмаған. Мектеп мұғалімдері қашықтан оқыту мүлде ұнамайтындығын, бірақ күн суықтығына байланысты онлайн режимге көшу тиімді шешім екенін айтады.
Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығына байланысты 8 облыстағы республикалық маңызға ие 9 тас жолда көлік қозғалысы шектелді. Атап айтқанда, Абай облысында «Омбы-Майқапшағай» учаскесі барлық көлік түрі үшін жабық. «Алматы-Ташкент-Термез» тасжолының Жамбыл және Алматы облысындағы, «Жезқазған-Петропавл» учаскесінің Ұлытау мен Қостанай өңіріндегі жол бөлігінде көлік қозғалысы шектелді. Сонымен қатар Жетісу облысындағы «Үшарал-Достық» жолы да жабылды. Ал Алматы өңірінде «Алма-Тау» туристік базасына апарар жолда жүк және қоғамдық көліктердің қатынауына уақытша тыйым салынған. Тас жолдарды қардан тазартуға 287 техника мен 500-ге жуық адам жұмылдырылған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты құтқарушылар қазақстандықтарға алыс сапарға шықпауға кеңес береді.
Айта кетейік, 9 ақпан күні ауа райы қолайсыздығына байланысты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы жабылып, үлкен жолдың аудан аумағындағы тұсында орналасқан «Достық» кешенінде 600-ге жуық жолаушы тұрақтады. Оларға аудан әкімдігі мен жақын орналасқан ауыл тұрғындары, аудан кәсіпкерлері тарапынан қажетті сусындар мен азық-түлік таратылды.
Аяздың күшіне мінуі халықты да әбігерге салды. Алайда бастысы, ауа райына қатысты үсік шалғандар, зардап шеккендер, жалпы адам шығыны анықталмады. Десе де сақтансақ, сақтайтыны қаперде болсын.
Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!