Ұлыстың ұлы күнінде «Наурыз мейрамын тойлау» тұжырымдамасы аясында, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып насихаттау мақсатында Еңбек ауылында мекеме ұжымдары «Төрлет, төл мереке – Әз Наурыз!» атты мерекелік шарада әдет-ғұрыптарды сахналау арқылы, түрлі салт-дәстүрлерді дәріптеп, Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Олар шілдехана, тілашар, сүндет той, қыз ұзату, келін күту, беташар рәсімдерін көпшілікке ұсынды.
– Сүйінші! Сүйіншіңді бер, ағайын! Менің жеңгем дүниеге атұстар бала әкелді. Мен інілі болдым, – деп халықтан сүйінші сұраған Нұрдос өмірге келген кішкентай бауырының шілдехана тойына дүйім жұртты шақырып, қуанышымен бөлісті. Еңбек ауылындағы Наурыз мейрамы осындай керемет қойылыммен басталды.
Жалпы шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той. Яғни өмірге адам келгенінің және оған қуанудың бір белгісі.
Әдетте жаңа туған нәрестені шілде суға шомылдырып, судың кішкене бөлігін бір ыдысқа құйып алып қояды. Кейін нәрестенің денесіне жара шыққанда сол сумен шомылдырса, жара бірден кететін көрінеді. Сондай-ақ баланы итаяққа ұсақ тиын, сақина, білезік салып жуындырады. Жуындырып болған соң тиындар мен білезік, сақиналарды келіндерге бөліп береді.
Қойылымда ауыл өнерпаздары баланы бесікке саларда «тыштырма» салтын сахналап, бесікке бөледі. Шілдеханада ән де айтылады. Қойылымда қуанышқа ортақтасып келген ауыл жастары ән салып, домбыра тартып, жыр арнады. Осылайша алғашқы күннен сәби құлағына ән-жыр сіңіріледі. Себебі ән айтып, домбыра тарту арқылы бала жамандықтан қорғалады деген сенім бар.
Таудай болсын талабың,
Ашылсын тілің, қарағым.
Оқу сіңіп санаңа,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Ата менен анаңның!
Иә, бұл бата баланың мектепке баруына орай жасалатын тойда, яғни тілашар салтында айтылатын бата. Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: – Молдеке, сүйегі – біздікі, еті – сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз, – деп тапсырады екен. Бүгінгі шарада «Ақжүніс» балабақшасының ұжымы мектеп табалдырығын аттайтын балаға «тілашар» жасау арқылы бұл салт-дәстүрдің маңыздылығына тоқталды.
Мұнан әрі сүндет той салты сахналанды. Қазақ даласында ежелден сән-салтанатымен ерекше атап өтілетін, өзіндік жөн-жоралғысы бар той – сүндет той. Қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер баланы сүндетке тақ жасында, яғни бес немесе жеті, тоғыз жаста отырғызады. Қазақ халқы сүндетке отырғызылған баланың қамшы ұстар азамат болғанын білдіріп, ұланасыр той жасаған. Бар жақсысын баласына, ұрпағына арнаған қазақ халқы құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін осы сүндет тойды жасаған.
Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылған күннен бастап, ат жалын тартып мініп, азамат атанғанының алғашқы белгісі саналады. Мұндайда бай-қуатты адамдар ат шаптырып, балуан күрестіріп, ұланасыр той жасаған. Баланың сүндетке отыруы оның азаматтық өмірге қадам басуымен тең. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Ауылдағы «Еңбек жер» ЖШС ұжымы шарада сүндетке отырғызу дәстүрін дәріптеді. Қойылымда баланың нағашылары дәстүр бойынша сүндеттелген жиендеріне тай мінгізіп, ата-әжелеріне базарлығын таратып, ақ батасын берді.
Бүгінге дейін береке-бірліктің ұйытқысына айналып отырған дәстүріміздің бірі – қыз ұзату. Ғасырлар бойы мазмұнын жоғалтпаған, қыз бала тұрмысқа шығатын кезде жасалатын дәстүр бүгінде өз маңыздылығын жойған емес. Ертеден келе жатқан салт-дәстүр бойынша екі елдің арасында байланыс орнатқан ауылдық мәдениет үйінің ұжымы қойылымда халықтың батасын алып, отау құруға бастау болған дәстүрді сахналады.
Қойылым келін түсіру салтымен жалғасты. Ақ босаға аттағалы тұрған жас келінді үйге оң аяқпен кіргізіп, отқа май салу рәсімін орындаған емхана ұжымы, жас келінді ешкімге көрсетпей шымылдық ішіне отырғызды.
Қазақта келін түсіргенде жасалатын салттың бірі беташар да бұл шарадан көрініс тапты. Шымылдықтың ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жақтан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды.
Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырып, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем салдырады. Сәлем алған адам жас келінге сый-сияпат табыстайды.
Бір күнде бірнеше дәстүр дәріптелген дүбірлі тойда ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Салт-дәстүрді жаңғыртқан мекеме ұжымдарына мектептің 10 жылдық түлектері қаржылай сыйақы табыстап, ауыл тұрғындары наурыз көжеден дәм татты.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!