Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 14 қараша, 05:07

Дәстүр дәріптелген той

23.03.2024

471

0

Ұлыстың ұлы күнінде «Наурыз мейрамын тойлау» тұжырымдамасы аясында, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып насихаттау мақсатында Еңбек ауылында мекеме ұжымдары «Төрлет, төл мереке – Әз Наурыз!» атты мерекелік шарада әдет-ғұрыптарды сахналау арқылы, түрлі салт-дәстүрлерді дәріптеп, Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Олар шілдехана, тілашар, сүндет той, қыз ұзату, келін күту, беташар рәсімдерін көпшілікке ұсынды.

– Сүйінші! Сүйіншіңді бер, ағайын! Менің жеңгем дүниеге атұстар бала әкелді. Мен інілі болдым, – деп ха­лық­тан сүйінші сұраған Нұрдос өмірге келген кішкентай бауырының шіл­де­хана тойына дүйім жұртты ша­қырып, қуанышымен бөлісті. Еңбек ауылын­­дағы Наурыз мейрамы осындай ке­ремет қойылыммен басталды.
Жалпы шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той. Яғни өмірге адам келгенінің және оған қуанудың бір белгісі.
Әдетте жаңа туған нәрестені шіл­де суға шомылдырып, судың кіш­кене бөлігін бір ыдысқа құйып алып қояды. Кейін нәрестенің денесіне жара шыққанда сол сумен шомылдырса, жара бірден кететін көрінеді. Сондай-ақ баланы итаяққа ұсақ тиын, са­қина, білезік салып жуындырады. Жуын­дырып болған соң тиындар мен білезік, сақиналарды келіндерге бөліп береді.
Қойылымда ауыл өнерпаз­дары баланы бесікке саларда «тыш­тырма» салтын сахналап, бесікке бө­леді. Шілдеханада ән де айтылады. Қойы­лымда қуанышқа ор­тақтасып кел­ген ауыл жастары ән салып, дом­быра тартып, жыр арнады. Осылайша алғашқы күннен сәби құ­лағына ән-жыр сіңіріледі. Себебі ән ай­тып, домбыра тарту арқылы бала жамандықтан қорғалады деген сенім бар.
Таудай болсын талабың,
Ашылсын тілің, қарағым.
Оқу сіңіп санаңа,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Ата менен анаңның!
Иә, бұл бата баланың мектепке ба­руына орай жасалатын тойда, яғни тілашар салтында айтылатын бата. Ата-аналары баласын молдаға же­телеп апарып: – Молдеке, сүйегі – біз­дікі, еті – сіздікі. Осы балаға қара та­нытып, тілін ашып беріңіз, – деп тап­сырады екен. Бүгінгі шарада «Ақжүніс» балабақшасының ұжымы мектеп та­бал­дырығын аттайтын балаға «тіл­ашар» жасау арқылы бұл салт-дәстүр­дің маңыздылығына тоқталды.
Мұнан әрі сүндет той салты сах­наланды. Қазақ даласында ежел­ден сән-салтанатымен ерекше атап өтілетін, өзіндік жөн-жоралғысы бар той – сүндет той. Қалыптасқан дәс­түр бойынша ата-бабаларымыз ер баланы сүндетке тақ жасында, яғни бес немесе жеті, тоғыз жаста отыр­ғызады. Қазақ халқы сүндетке отыр­ғы­зылған баланың қамшы ұстар аза­мат болғанын білдіріп, ұланасыр той жасаған. Бар жақсысын баласына, ұрпағына арнаған қазақ халқы құр­сақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін осы сүн­дет тойды жасаған.
Сүндет той жасау бала қара­құ­лақ­­танып қатарға қосылған күннен бас­тап, ат жалын тартып мініп, аза­мат атанғанының алғашқы белгісі са­на­лады. Мұндайда бай-қуатты адам­дар ат шаптырып, балуан кү­рес­тіріп, ұланасыр той жасаған. Ба­ла­ның сүндетке отыруы оның азамат­тық өмірге қадам басуымен тең. Сүн­детке отырғызу – тазалықтың, мұ­сыл­­мандықтың белгісі. Ауылдағы «Ең­бек жер» ЖШС ұжымы шарада сүн­детке отырғызу дәстүрін дәріптеді. Қойылымда баланың нағашылары дәстүр бойынша сүндеттелген жиен­деріне тай мінгізіп, ата-әжелеріне ба­зар­лығын таратып, ақ батасын берді.
Бүгінге дейін береке-бірліктің ұйыт­қысына айналып отырған дәстүріміздің бірі – қыз ұзату. Ғасырлар бойы маз­мұнын жоғалтпаған, қыз бала тұрмысқа шығатын кезде жасалатын дәстүр бүгінде өз маңыздылығын жойған емес. Ертеден келе жатқан салт-дәс­түр бойынша екі елдің арасында бай­ланыс орнатқан ауылдық мәдениет үйінің ұжымы қойылымда халықтың батасын алып, отау құруға бастау болған дәстүрді сахналады.
Қойылым келін түсіру сал­тымен жалғасты. Ақ босаға ат­тағалы тұрған жас келінді үйге оң аяқпен кіргізіп, отқа май салу рәсімін орындаған емхана ұжымы, жас келінді ешкімге көрсетпей шымылдық ішіне отырғызды.
Қазақта келін түсіргенде жасалатын салттың бірі беташар да бұл шарадан көрініс тапты. Шымылдықтың ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жақтан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды.
Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырып, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем салдырады. Сәлем алған адам жас келінге сый-сияпат табыстайды.
Бір күнде бірнеше дәстүр дәріп­телген дүбірлі тойда ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Салт-дәстүрді жаңғыртқан ме­кеме ұжымдарына мектептің 10 жыл­дық түлектері қаржылай сыйақы та­быстап, ауыл тұрғындары наурыз кө­жеден дәм татты.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: