Барлық мектеп оқушыларды жазғы демалысқа шығарып салды. Енді балалардың үш ай уақыты ата-аналарының жауапкершілігінде болады. Жазғы демалысты тиімді пайдаланып, отбасындағы сенімді адамдармен басқа қалаларға қыдырып келетіндер де көп. Алайда балалар үшін жазғы тынығу лагерлері жұмысын бастады. Лагерь – тек балалардың тынығып, сауық құратын мекені ғана емес, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор тәрбие ошағы. Тоғыз ай бойы мектеп бағдарламасын оқыған оқушының лагерде танымы кеңейіп, ойы бір адым болса да өрістейді. Жаңа достар табады, жаңа ортамен тіл табысып, қарым-қатынас жасауды үйренеді, бойында көпшіл мінез қалыптасады. Сондықтан ата-аналар балаларын жазғы демалысында лагерге жібергені жөн.
Жалағаш кентінің іргесіндегі «Ақтерек» сауықтыру лагері жиырма жылдан астам уақыт бойы мектеп оқушыларына қызмет көрсетіп келеді. Орналасқан жері де көрікті, табиғаты әсем. «Ақтерек» биыл да балаларға құшағын айқара ашты. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов «Ақтерек» сауықтыру лагеріндегі алғашқы маусымның ашылу салтанатына қатысты.
– Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесін бір сәт назардан тыс қалдырмауға тиіспіз және мемлекет оған жан-жақты мүмкіндіктер жасап келеді. Әрине ең алдымен баланың тәрбиесіне ата-анасы жауапты. Осы орайда біз отбасы институттарын қайта қалыптастыруымыз керек. Оның бір тетігі – ата-әже тәрбиесі. Атасының өсиетін құлағына сіңіріп, батасын алып, әжесінің қызықты ертегісін, тағылымды әңгімелерін тыңдап өскен баланың есейгенде өз жолынан қиыс кетуі мүмкін емес. Ал балалардың лагерде өтетін уақытының қызықты, тағылымды болуы тәрбиешілердің педагогикалық біліктілігіне және әрбір сәтті қызықты етіп ұйымдастыру шеберлігіне тікелей байланысты. Өйткені балалардың лагерден тек бойы ғана өспей, ойы да өсіп, есейіп қайтуы керек.
Бар жақсылық – балаларға. Біз балалардың бүгінгі нұрлы өмірі үшін, ертеңгі жарқын болашағы үшін қолымыздан келген жақсылықтардың барлығын да жасаймыз. Өйткені балалардың болашағы жарқын болса, мемлекеттің де келешегі кемелдене түседі, – деді аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы.
Биылғы жазғы демалыстағы 6 ауысымда «Ақтерек» лагері 452 баланы қабылдайды. Яғни кент орталығындағы және ауылдық округтердегі мектептерден жиылған оқушылар жазғы демалысын аудан орталығындағы лагерде өткізеді және тынығушылардың уақытын қызықты әрі мағыналы өткізуге лагердің толық мүмкіндігі бар.
Расында «Ақтеректің» орналасқан жері жақсы. Айналасын ақ теректер көмкерген айна көлдің айналасы. Көлге келетін құстың түрі көп. Одан бөлек алуан түрлі өсімдіктер бар. Бұл да асфальтта өскен баланың табиғи танымын арттырады, қоршаған ортаға деген қызығушылығын оятады.
– «Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған. Содан бері 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс істеп келе жатыр. Қазірде лагерде 4 жатын ғимарат, 1 асхана, 1 медициналық бөлімше, 1 спорт алаңы және 1 бассейн бар. Мұнда оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы тынығу лагерлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушылар мұндағы әр күнін сол тәртіпке сәйкес өткізеді. Танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өтіп тұрады. Одан бөлек бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырылады. Сонымен бірге лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді. Биылғы жаңа маусымда міндетті оқу қоры есебінен 402 бала және аудандық білім саласы кәсіподағының демеушілігімен 50 бала демалады. Тынығушыларды белгіленген күні бойынша Дәуімбай елді мекеніндегі орталық бассейнге апарамыз. Сонымен бірге балалардың тарихи танымын кеңейту мақсатында Қорқыт ата мемориалдық кешеніне апаруды жоспарлап отырмыз.
Лагерь 2013 жылы күрделі жөндеуден өтті. Енді келер жылы күрделі жөндеу жүргізіледі, – дейді «Ақтерек» сауықтыру лагерінің директоры Рустам Ідірісов.
Салтанатты шараға жиылған жұртшылық және тынығушыларға арнап аудандық Әуез мектебінің өнерпаздары ән айтып, күй төкті. Сонымен бірге бүлдіршіндер ертегі қойылымдарын қойды.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!