Өткен аптада республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан бес аптаға созылады және әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Өткен апта аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен «Менің туған өлкем» акциясы тақырыбында экологиялық акциясы және санитарлық тазалық жұмыстары болып өтті.
Адам – табиғаттың төл перзенті. Халқымыз көктем келісімен ауласын тазалап, үйінің айналасына гүл, жасыл желектер егіп, су ағатын арығы, каналдардың көзін ашқан. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» дейтін дана халқымыздың өсиетін өмірлік ұстаным етіп бекіткен жалағаштықтар «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысты.
Шара барысында «Ақтерек» сауықтыру лагерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 100 дана ясень ағашы, 100 дана терек, 100 дана жеміс ағашы, жалпы саны 300 көшет отырғызылды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына орай кент және ауылдық округтерде 6 сәуірден бастап санитарлық тазарту, көгалдандыру, тал егу акциясы қарқынды жүргізілуде.
Шара келесі күні жаппай сенбілік жұмыстарымен жалғасын тапты. Жалағаш кентінде ғана емес, ауылдық округтерде де жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында тазалық жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы аймақтар бойынша жауаптылар тазалықпен қатар көше тұрғындарына, жалпы халыққа тұрғын үй маңында көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалықты сақтау керек екенін, туған жердің таза болуын тек сенбі күні ғана емес, үздіксіз бақылап, мәдениеттілікті арттыру қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар аяқ су жүретін қарықтарды қазу жұмыстарын жылдамдатып, тұрғындар тарапынанда тазалық жұмыстарына белсенділік болу қажеттігін айтып, қоғамдық жұмыста жүрген қызметкерлермен кездесіп, туған жердің келбетін көркейтуде қосып жатқан үлестеріне өз алғысын білдірді.
Расында ауданның көркеюі мен тазалығында дәл осындай сенбілік-тердің алар орны ерекше. Осындай жұмыстар арқылы көшеде өсіп тұрған тал діңгегі әктеліп, артық шөп тазарып қалады, тазалық сақтауға бір адамдай аудан тұрғындарының атсалысуының арқасында өңір таза қалпын сақтауда. Бұл шара арқылы тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және көшелердегі тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, санитарлық жағдайын жақсартуға болады.
Сенбілік жұмыстарына аудан бойынша меншік нысанына қарамастан барлық 145 мекемеден 1800-ге жуық адам қатысып, 20 дана техника жұмылдырылды. Көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, қураған талдар кесілді. Аяқсу жүретін арықтар қураған жапырақтардан тазартылып, 12 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды. Сондай-ақ сенбілік жұмыстарының аясында көшелер, аллеялар мен саябақтарда 1500 түп ағаш отырғызылды.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!