Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 11:21

Өнімі өтімді жылыжай

23.04.2024

483

0

Көктем ортасынан ауа бере қарапайым жұрт ауласындағы жерін дайындап, көкөніс баптап, бақша салудың қамына кіріседі. Бұл уақытта жұрт көшетті таласып алып жатады. Әрине ерте көктемде, яки қыс аяғында үйіне арнайы ыдыстарға тұқым тастап, оны осындай уақытта сыртқа шығаратын пысықайлар да жоқ емес. Бірақ ондайлар көп те емес, реті келсе, дайын көшетті ұяшықтарға орналастырып, өнімінің ертерек өскенін қалайды.

Дәл осы уақытты үй аула­сынан жылыжай ашып, көшет дайын­да­ғандар тиімді пайдаланады. Се­бебі сәуір айында түрлі көшет­тердің ба­ғасы да жоғары, оған сұраныс та көп. Бірақ ауданда кәсіптің бұл түрін қолға алғандар саусақпен санар­лық. Шыны керек, аудан бойынша жылыжай ісін қолға алғандар онға да жетпейді. Қарап отырсаң, қарапайым жұмыс, бірақ ақталамын деген адамға сылтау көп қой, бірі онық қыр-сырына қанық еместігін алға тартса, енді біріміздің жалқаулығымыз та­ғы бар. Кешегі Мөрәлі Шәменов ауылына барған сапарымызда кә­сіптің бұл түрінде табыс мол бола­тынын түсіндік.
Ауылдағы Пұсырмановтар отба­сының жылыжай ісімен айналысып жатқанына биыл екінші жыл. Был­тыр ауладан шағын жылыжай ашып, онда көкөністің бірнеше түрін бап­таған. Отағасы Бағдат Пұсыр­манов был­тыр көктемде көшет алуға жұрт­тың кезекте тұрғанын айтады. Оның өтімділігі соншалық, бір жылға әзірлеген көшеттер бір жетіде өтіп кетіпті. Мұнан кейін де тапсырыс көп болған, бірақ оның бәрін қамта­масыз етейін десе, жылыжай көлемі кіші.
Не керек, кәсіптің бұл түрінде мол пайда барын түсіне қойған Бәкең отбасымен ақылдасып, кәсібінің көк­жиегін кеңейтуді мақсат етеді. Қолда бар қаражатты осыған дейінгі жылы­жайдың құрылысына жұмсаған. Осы ретте кәсіпкерлікті қолдайтын мем­лекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінуді көздейді. Былтыр бұл отбасы қайтармсыз грантқа құжат тапсырып, дәл осы жобаны қорғауға бел буған. Абырой болғанда комиссия мүшелері Пұсырмановтар отбасының жарқын жобасын қолдап, «қайтарымсыз қа­ражат беруге лайық» деген бір ше­шімге келген. Ал нәтижесін кеше көзімізбен көрдік.
Қай көкөніске қандай күтім керек, бұл жағы Бәкеңнің жары Айымкүл апа­мызға таңсық емес. Себебі бү­гінгі бағбанның әкесі ертеректе ауылға мә­лім диқан болған деседі. Әке­сінің қасында жүріп, бала кезінде мұның бәрін зердесіне құйған Айым­күл апамыз бүгінде көрген-білге­нін балаларына үйретіп келеді. «Егін­шінің баласы арық қазып ойнайды» деген осы шығар сірә, «алма аға­шынан алысқа түспейді» деген тағы бар. Бүгінде аналары бастаған игі істі балалары өрістетіп отыр.
Былтыр шағын жылыжайда қыза­нақ, қырыққабат, қияр, ащы бұрыш, тұщы бұрыш, баклажан сынды кө­кө­ністің онға жуық түрі егілген. Жо­ға­рыда айтқанымыздай, мұның бар­лығы 7-8 күнде өтіп кетіпті. «Өзімізге ау­лаға орналастыратын көшет те қал­мады ғой» деп күледі Бағдат ағамыз.
Зер салсақ, жылыжай құрылы­сына айтарлықтай көп қаражат кет­пеген. Айналдыра қоршау те­мірлерді тапсырыспен жасатқан де­­­­­­ме­­сеңіз, сырты толықтай кәнігі са­­­­ла­фанмен қаптаған. Қыстың орта­сында тастаған тұқымы бүгінде көктеп тұр. Арнайы ыдыстарға орна­лас­тырылған көшеттердің алды са­тылымға шығып жатыр. Біз барған күні аудан орталығынан келген жы­­лыжай өнімінің тұтынушылары қы­занақ пен қиярдың көшеттерін көп­­теп алып кетті. Бәкең олардың осы­дан бір жеті бұрын тапсырыс беріп қойғанын айтады.
– «Еңбек етіп, табыс табамын» деген адамға тіршілік көп, тек әрекет ету керек. Негізі бұл жобаның авторы – үйдегі апаң. Біз бастапқыда тек көмекші болып жүрдік. Кейін балам анасынан көкөніс баптаудың, жалпы жылыжай ісінің қыр-сырын жетік үй­реніп алды. Өзі ауладан ашқан жылыжайдың күтіміне жауапты болды. Мына жердің барлығы бақ­ша салуға қолайсыз болды, се­бебі құмы құнарсыз еді. Біз оны өңдеп, жылыжайға дайындадық. Оған да қан­шама уақыт кетті. Ал қазір қарап отырсаңыз, ауладағы дайын тың жерге бақша салуға құлықсыз адамдар да жоқ емес. Тағы да қай­талап айтамын, еңбек ете білсең, табысқа жетудің жолы көп. Тек кер­жалқаулықтан ада болсақ жеткілікті. Мына көшеттердің көптігіне таң қалып тұрған шығарсыздар, негізінен мұның барлығына алдын ала тапсырыс беріп қойған. Қазір жылыжай ішін­дегі өнімдерім толық бой алмай тап­сырыс қабылдамай отырмын. Ертең осы жаққа көшіріп, арнайы ыдыс­тарға орналастырғаннан кейін оларды да сатылымға шығарамын, – дейді Бағдат Пұсырманов.
Міне, осындай уақытта өнімнің бұл түріне қаншалықты сұраныс бола­тынын Бәкеңнің сөзінен-ақ бағамдай беріңіз. Иә, оның бізге қалай ақыл айтса да жөні бар. Әрекет етті, соның жемісін көріп отыр, «әрекет түбі – берекет» деген осы шығар, сірә.
Қазір дайын өнімдерді сақтайтын шағын жылыжайда баклажан, ащы бұрыш, тұщы бұрыш, қызанақ, қияр сынды көкөністің 7-8 түрі бар. Ал үлкен жылыжайда қызанақтар бой алып, қияры құлақтап жатыр. Бұ­йырт­са, Бәкең оларды да алдағы апта сатылымға шығармақ. Мұның бәрін бағбан тамшылатып сурау әдісімен шығарып отыр.
Айта кетейік, соңғы жылдары М.Шәменов ауылында кәсіп­керлік саласы қарқынды дамып ке­леді. Был­тырдың өзінде ауылдағы 7 аза­мат қайтарымсыз қаражатқа ие бол­ған. Олардың қатарында Бағдат ағамыз да бар. Ал енді бірі конди­терлік өнімдер әзірлеуді қолға алса, қалғаны мал шаруашылығында та­бысқа кенеліп отыр.
Ауыл аудан орталығына ең жа­қын орналасқан елді мекендер қатарында. Бұл да жергілікті жұрттың кәсіп бастауына үлкен көмек болып отыр. Себебі ауылда өндірілген өнім­дерге Жалағаш кентінен де көптеп сұраныс түсіп жатыр. Бір бай­қағанымыз, ауыл тұрғындарының бұл мүмкіндікті құр жібергісі жоқ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: