Арал аудандық білім бөлімі мамандары Қазалыдағы теміржол бекетінен Батыс Қазақстан облысынан келген 103 баланы қарсы алып, «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығына орналастырды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарованың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен өңірден келген 5-9 сынып оқушылары 10 күн бойы орталықта білім алып, демалады. Оларды ауданның тарихи мәдени орындарымен таныстыру да жоспарланып отыр. Оқушыларды 10 жетекші, 1 медбике бастап келіпті.
«Бұл Оқу-ағарту министрлігінің жобасы аясында жүзеге асып, жергілікті кәсіпкерлер демеушілік танытып отыр. Балалар үшін барлық жағдай жасалды. Күніне 5 мезгіл тамақтанады. Он күнде оқумен қатар олардың бос уақытында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады», дейді білім бөлімінің басшысы.
Сауықтыру орталығы оқушыларға бірден ұнапты. Оларға аудан мектептерінен арнайы дайындалған мұғалімдер сабақ береді. Ал бағаны «күнделік.кз» платформасына балалармен бірге келген жетекшілері қояды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!