Барша мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесінің бірінші күні аудандық «Иманқұл» мешітінде Құрбан айт намазы оқылып, жамағат жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді. Одан әрі елді бірлікке бастайтын Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, жиылған жұрт өзара мықтыны анықтады. Алдымен «Иманқұл» мешітінің бас имамы Жақсылық қажы Әбиұлы жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, игі шараның маңызына тоқталды.
– Қасиетті Құрбан айт – Алла Тағалаға жақындататын, мұсылман жұртының берекесі мен бірлігін паш ететін ұлық мейрам. Шариғатта құрбандық деп арнайы шарттармен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздауды айтады. Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп. Қасиетті Құрбан айтта Алла Тағаланың бұйрығын дұрыс орындап, құрбандығымыз қабыл болуы үшін құрбандыққа қатысты мына мәселелерді білуіміз қажет. Құрбан шалу уәжіп болу үшін мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы қажет. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек етін пайдалану үшін де союға болады. Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді. Қой, ешкі, сиыр және түйені ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді. Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем, құлағы, құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, емшектерінің басы жұлынып қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады. Бұл ұлық мерекеде осыларды ескеру керек. Баршаңызға құрбан айт қабыл болсын, отбастарыңызда береке, бірлік болсын. Бүгін ауданда ұлық мерекеде өз деңгейінде атап өтілуде. Ұлттық спортымыз насихатталып, онда жастарымыз белсенділік танытуда, – деді ауданның бас имамы.
Айта кетейік, аудан спортшылары арасында өткен тартысты бәсекеге кент және ауылдық округтерден 16 команда қатысты. Жүлделі орын иеленген спортшылар мен сайысқа белсенді қатысқандарға аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында қаржылай сыйлықтар табысталды.
Барлық спорт түрінен оқ бойы оза шапқан Жалағаш кентіндегі «Иманқұл» мешiтi І орынды иеленіп, 100 мың теңгелік қаржылай сыйлықпен марапатталды. ІІ орынды иеленген Мәдениет ауылындағы «Дәулетназар» мешiтi командасына 70 теңге, ІІІ орынды жеңіп алған Дәуімбай елдi мекенiндегі «Әр-Рахим» мешiті командасына 50 мың теңге табысталды. Ал басқа да қатысқан командаларға 15 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.
– Ауданда ұлттық спортты дамытуға жан-жақты қолдау бар, нәтиже де жоқ емес. Құрбан айт мерекесі қарсаңында жалағаштықтар гір тасын көтеруден, қазақ күресінен, арқан тартыстан және қол күрестен өзара мықтыны анықтады. Дәстүрлі шарада жекелеген осындай спорт түрлерінен рекорд жаңарды, ел соның куәсі болды, жаңа чемпиондар пайда болды. Бұл да спорттың дамуына көрсетілген қолдаудың жеңісі деп ойлаймын. Құрбан айт баршаңызға қабыл болсын, елде ынтымақ, бірлік болсын, – деді аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Нұрлан Бектібаев.
Құрбан айттың алғашқы күні ұйымдастырылған спорттық шаралар жоғары деңгейде өтті. Жарысқа қатысушылар қатарында гір спортынан Әлем және Азия чемпиондары, қазақ күресінен ел чемпиондары болды. Бұл жарыста саңлақтарымыздың алдағы дүбірлі додаларға тыңғылықты дайын екені анық байқалды.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!