Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 14 қараша, 06:10

Ұлттық спорт ұлықталды

17.06.2024

286

0

Барша мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесінің бірінші күні аудандық «Иманқұл» мешітінде Құрбан айт намазы оқылып, жамағат жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді. Одан әрі елді бірлікке бастайтын Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, жиылған жұрт өзара мықтыны анықтады. Алдымен «Иманқұл» мешітінің бас имамы Жақсылық қажы Әбиұлы жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, игі шараның маңызына тоқталды.

– Қасиетті Құрбан айт – Алла Тағалаға жақындататын, мұсылман жұр­­ты­ның берекесі мен бірлігін паш ете­­тін ұлық мейрам. Шариғатта құр­бан­дық деп арнайы шарттармен са­наса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздауды айтады. Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп. Қасиетті Құрбан айтта Алла Тағала­ның бұйрығын дұрыс орындап, құр­бан­дығымыз қабыл болуы үшін құр­бандыққа қатысты мына мәселе­лерді білуіміз қажет. Құрбан шалу уәжіп болу үшін мұсылман болу, Құр­бан айт уақытында жолаушы бол­мау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы қажет. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек етін пайдалану үшін де союға болады. Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады. Құрбан ша­лудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қал­ғанға дейін жалғасады. Маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт на­мазын оқымаған кісі намаз оқып бола­тындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық бо­лып есептелмейді. Қой, ешкі, сиыр және түйені ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ние­тімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді. Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете ал­май­тын дәрежеде көтерем, құлағы, құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қал­ған, емшектерінің басы жұлынып қал­ған, бір мүйізі немесе екеуі де тү­бінен сынған малдар құрбандыққа жа­рамсыз болып саналады. Бұл ұлық мерекеде осыларды ескеру керек. Бар­шаңызға құрбан айт қабыл болсын, отбастарыңызда береке, бірлік бол­сын. Бүгін ауданда ұлық мерекеде өз деңгейінде атап өтілуде. Ұлттық спор­тымыз насихатталып, онда жаста­ры­мыз белсенділік танытуда, – деді ау­дан­ның бас имамы.
Айта кетейік, аудан спортшылары арасында өткен тартысты бәсекеге кент және ауылдық округтерден 16 ко­­­манда қатысты. Жүлделі орын ие­лен­ген спортшылар мен сайысқа бел­сенді қатысқандарға аудандық қо­ғам­дық даму бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында қаржылай сыйлықтар табысталды.

Барлық спорт түрінен оқ бойы оза шапқан Жалағаш кентіндегі «Иманқұл» мешiтi І орынды иеленіп, 100 мың тең­гелік қаржылай сыйлықпен мара­патталды. ІІ орынды иеленген Мәдениет ауылындағы «Дәулетназар» мешiтi ко­мандасына 70 теңге, ІІІ орынды жеңіп алған Дәуімбай елдi мекенiндегі «Әр-Рахим» мешiті командасына 50 мың теңге табысталды. Ал басқа да қатысқан командаларға 15 мың тең­ге­­ден ынталандыру сыйлықтары берілді.
– Ауданда ұлттық спортты дамы­туға жан-жақты қолдау бар, нәтиже де жоқ емес. Құрбан айт мерекесі қарсаңында жалағаштықтар гір тасын көтеруден, қазақ күресінен, ар­қан тар­тыстан және қол күрестен өзара мық­тыны анықтады. Дәстүрлі ша­рада жекелеген осындай спорт түрле­рінен рекорд жаңарды, ел соның куәсі болды, жаңа чемпиондар пайда бол­ды. Бұл да спорттың дамуына көр­сетілген қолдаудың жеңісі деп ой­лаймын. Құрбан айт баршаңызға қа­­был болсын, елде ынтымақ, бірлік бол­­сын, – деді аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Нұрлан Бектібаев.
Құрбан айттың алғашқы күні ұйым­дастырылған спорттық шара­лар жоғары деңгейде өтті. Жарысқа қатысушылар қатарында гір спортынан Әлем және Азия чемпиондары, қазақ күресінен ел чемпиондары болды. Бұл жарыста саң­лақтарымыздың алдағы дүбірлі до­да­ларға тыңғылықты дайын екені анық байқалды.


Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: