Бүгінде қазақстандықтар шетелден, яғни Ресей, Қырғызстан, Армения, Грузия секілді елдерден жиі көлік сатып алатын болды. Себебі көлік жүргізушілердің айтуынша, шетелден жеткен көліктердің техникалық жағдайы жақсы, бағасы да қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды. Алайда сатып алғың келген автокөлігіңнің құнына қосылатын утилизациялық алым көлік тізгіндегісі келетіндердің қалтасын екі еселеп қағып жатқандай. Импорттық кедендік баж салығы, яғни тауарды сырттан әкелу немесе сыртқа шығару кезінде мемлекет алатын міндетті төлем құны мен кәдеге жарату ақысы сатып алған көлігіңнен асып түседі. Сонымен қатар бұл экологтардың да бас ауруына айналған мәселе болып отыр. Себебі істен шыққан көлікті кәдеге жарату үшін алынатын төлемақы экологияны қорғауға да септігін тигізе алмауда.
Нарықтағы көліктердің 65 пайызы – отандық машиналар
Қазіргі таңда елімізде 20 млн тұрғынға шаққанда 5 млн-дан астам автокөлік бар. Статистикаға сәйкес, былтыр нарықта сатылған көліктердің 65 пайызы отандық машиналарды құраған. Қалған 35 пайызы – импорттық көлік сатып алғандар. Олардың басым бөлігі – премиум класстағы машиналар. Ондай көліктер утилизациялық алым төлеген.
Бұл ретте көліктердің бағасына тоқталсақ, халық арасында сұранысқа ие көліктердің барлығы өзімізде өндіріледі, ал импорттық машиналар өндірілмейді, бірақ олардың бағасы да жоғары, кейбірінің құны 50-60 млн теңгеге дейін жетеді. Утилизациялық алым көлемі – 1-1,5 млн теңге.
Алайда барлық төлемдерді, соның ішінде 3 жылдан асқан автокөліктерге тіркеу алымын алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеліп соғады. Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Скляр Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
– Адамдардан «Сіз осындай ескі көліктерден бөлінетін зиянды газбен демалғыңыз келе ме?» деп сұрау керек. Барлық пікір ескерілуі қажет. Сондай-ақ біздің зауыттарға барып, онда жұмыс істейтін адамдармен сөйлесуге кеңес берер едім. Кәсіпорындарда локализация өте жоғары, оның ішінде бұл ауыл шаруашылық техникасына қатысты. Барлық қондырмалар, тіркеме жабдықтары, кабиналар дәнекерлеу, бояу, кесу, иілдіру бойынша техникалық операциялар жүзеге асырылады. Біздің басты міндетіміз – локализацияны арттыруға ұмтылу. Үкіметтің қазіргі алға қойған мақсаты – елімізге мүмкіндігінше көп пайда әкелу үшін ілеспе өндірістерді құру, – деді Роман Скляр.
Айта кетейік, өткен жылы отандық автоөндірушілер 142 мың автокөлік шығарған. Ал осы жаңа көліктерді сатып алғандар утилизациялық алым төлемеген. Мұны Үкімет әрбір азамат өсу бенефициары болып табылатын өз өндірісіміз бен өнеркәсібіміздің дамуын ынталандырудамыз деп түсіндіруде.
Ескі көліктер
10-15 пайызға қымбаттаған
Ескі көліктер «Колеса» және өзге де сайттарда былтырғымен салыстырғанда 10-15 пайызға қымбат бағада сатылуда. Ең өкініштісі, қымбатшылықтың әлі де тоқтайтын түрі жоқ.
«Автосалондарда машинаның құны 15 пайызға өсті. 5-6 млн теңгенің көлігі 7-8 млн теңгеге қымбаттаған. Дистрибьюторлар жақында бағаны арзандатамыз дейді. Бірақ нәтиже жоқ. Бұған мемлекет шектеу қоюы тиіс» дейді көлік тізгіндегісі келген азаматтар.
Алайда елдегі көліктер салонының қызметкерлері «бағаны аспаннан алып қоймаймыз, барлығын нарық реттейді» деп ақталуда. Олардың айтуынша, көлік құнының динамикасын бақылау мүмкін емес. Бірақ өсім бар. Баға көліктің техникалық жағдайына қарап қойылады.
Шыны керек, дистрибьюторлар үшін көліктердің тез сатылғаны маңызды. Сондықтан олар ең өтімді автокөліктермен жұмыс істегенді тиімді көреді. Бұл – бизнес. Нарықта жапондық автомобильдердің өтімділігі жоғары, одан кейін Оңтүстік Корея көліктеріне сұраныс күшті. Жұрт 5 жылдан аспаған көліктерді жақсы алады, баға да соған сай жоғары болады. Ескі көліктердің ішінде 2013-2014 жылдары шыққандары айтарлықтай қымбаттаған.
2 автозауыт
салынып жатыр
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қазір утилизациялық алым құны бойынша ешқандай өзгеріс болмайды. Сондай-ақ елде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін протекционизм қажет екенін айтады. Оның пікірінше, елде автокөліктердің бағасы басқа елдерден сәл жоғары немесе тең.
– Бүгінде министрліктің ең басты жұмысы – кәсіпорындарды дамыту, олардың қуаттылығын арттыру. Нақтырақ айтсақ, қазір елде 2 автозауыт салынып жатыр. Онда қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Барлық текетірес неге байланысты? «Киа» зауыты 2025 жылдың ортасында аяқталады. Екінші зауыт Алматы облысында салынады. Онда 90 мың көлік шығарылады. Жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осы сұрақты қойғым келеді, – дейді министр Шарлапаев.
Утильалымнан келетін пайда көп
Иә, халық амал жоқ, сатып алған көлігі үшін бұл міндетті төлемді өтеп жатыр. Бірақ қоғамда «Бұл қыруар қаражат қайда бағытталуда, бір дөкейдің қалтасына кетіп жатқан жоқ па?» деген күмәнді сұрақ туындағаны рас. Алайда Үкімет мұнан түскен қаражат еліміздің дамуына жұмыс істеп жатыр деп сендіруде.
Бірінші вице-премьердің айтуынша, жанама салық түрінде түсетін қаражат ашық түрде мемлекет пен азаматтардың қажеттіліктеріне жұмсалуда. «Жасыл даму» АҚ мұны жыл сайын өз есептерінде көрсетеді. Сонымен бірге түскен қаражат арқылы отандық автопаркті жаңарту, қалдықтарды қайта өңдеу саласын қалыптастыру және өз өндірісін дамыту бойынша басқа да міндеттер шешілуде. Мәселен, 2022 жылы жеңілдетілген автонесие беруге 100 млрд теңге, автобус лизингіне 30 млрд теңге бағытталған. Тракторлар мен комбайндардың лизингіне былтыр 50 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар өңдеу саласын қаржыландыруға 265 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 185 млрд теңге қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға, 50 млрд теңге ҚР ТЖМ негізгі құралдарын жаңартуға, 15 млрд теңге автобус лизингіне, 10 млрд теңге орман мекемелері мен табиғат қорғау ұйымдары үшін өртке қарсы техниканы сатып алуға жұмсалған.
Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерді ірі тораптық және шағын тораптық құрастыру саласы дамып, көлемі артып келе жатыр. Оған қоса утильалымы және басқа да төлемдер еліміздің тарифтік саясатын қалыптастырып, жаңа инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беруде.
Мәселен, ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алым енгізілгеннен кейін 1,5 жылдан соң елімізге белгілі неміс бренді келіп, Солтүстік Қазақстан облысында зауыт салған. Шыны керек, бұл кәсіпорын бізге өндірісті жүзеге асыруға ешқашан келмес еді, бірақ Үкімет локализацияға қол жеткізу үшін кейбір түзетулер жасап, заңнамаға өзгерістер енгізген. Қостанайдағы «Kia» автомобиль өндіретін зауыты осының мысалы деп айтуға болады, оңтүстік кореялық серіктестер өз елінен тыс жерде кәсіпорын салуға және жабдықтар сатып алуға алғаш рет өз қаражатын салған. Айта кету керек, халықаралық тәжірибеде өндіруші елдер өз өнеркәсібін ынталандырудың тарифтік және тарифтік емес шараларын белсенді қолданатын көрінеді.
Үкіметтің сөзіне құлақ түрсек, елімізге утильалымнан келетін пайда көп. Алайда қарапайым халық утильалымға қарсы петиция жариялап, бұл бойынша күмән білдіретіндерін анық көрсетті. Бұл мәселе бойынша Үкіметтің айтуынша, утильалым жанама салық ретінде қарастырылған. Жоғарыда айтқандай, одан түскен қаржы «Жасыл даму» АҚ арқылы жұмсалады. Бұл салық болмаса, экологияға бюджет қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан утильалым салық болып есептеледі. Әрине, ешкім салық төлегенді ұнатпайды. Бірақ оны төлеу керек. Жұмсартып айтсақ, «утильалым есебінен олигархтар байып жатыр» деген теріс пікір екен.
Еске салайық, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизациялық алымға қарсы петицияны қарау үшін жұмыс тобының құрамын бекітті. Жұмыс тобына Парламент депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген.
Кедендік баж салығы
2 есе төмендеген
Үкіметтің мәліметінше, еліміз ДСҰ-ға кіргенге дейін кедендік баж салығы автокөліктерге 30 пайызды құрап, қаражат бюджетке түскен. Ал бүгінде Қазақстан ДСҰ-ға кіру арқылы өзіне міндеттемелер алып, өз нарығын ашқан. Нәтижесінде кедендік баж салығы 2 есеге, яғни 15 пайызға төмендеген. Дегенмен көлік шығаратын және кәдеге жарату алымын енгізген Ресей Федерациясымен және Беларусьпен біртұтас экономикалық кеңістіктегі Қазақстан бұл елдерден қалыс қала алмайтын көрінеді. Олар утилалымын енгізсе, жауап ретінде біздің Үкімет те бұл төлемді енгізді. Бірақ Экологиялық кодексте жеке ӨКМ операторы осы жанама салықтан келетін қаражатты басқаратын норма болды. Жағдай 2022 жылы түзеліп, қазір экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жасыл даму» АҚ атынан мемлекет тікелей бенефициар болып табылады.
Жапонияда утильалым
90 долларды құрайды
Көлік саласы дамыған Еуропа одағы елдерінің утилизациялық алымы бәріне ортақ. Шамамен жаңадан сатып алған көлікті тіркеуге 100 еуро төлеуі керек. Нидерландыда 45 еуро ғана. Жапонияда утилизациялық алым импорт және экспорт болып бөлінеді. Күншығыс елінің өзінде өндірілген көліктерге алым бір-ақ рет төленеді. Құны көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты. Бірақ 130 доллардан аспайды. Кейбір көліктерге 90 доллар төлейді. Ал импорттық көліктер 190 доллардай. Импорттық көліктердің басым бөлігінің салмағы ауыр болғандықтан көбірек төлейді. АҚШ-та шағын көліктердің утилизациялық алымы 100-200, толық көлемді көліктердікі 150-300 доллардың арасы. Ал жүк көліктер мен ауыр техникалардікі 300-500 доллардың шамасы.
Түйін: Жасыратыны жоқ, Үкімет «отандық автокөлік өндірісін» дамытуға жүздеген млрд теңге бағыттайды. Ал белсенділер «бізде автоөндіріс сол күйі қалыпты дамыған жоқ» дейді. Тіпті біздегі автоқұрастырушыларды «автоөндірушілер» деп айту қате екенін, олардың локализациялау деңгейін өсіру, яғни қазақстандық өнімдерден құрастырылатын бөлшектердің деңгейін арттыру қажеттігін алға тартуда. Иә, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, мемлекет утильалым көлемін қайта қарау керек секілді. Себебі алым бағасы әлемдік деңгейден жоғары болмауы керек. Жапондықтар 90 мың теңге төлеп, сапалы көлік тізгіндесе, өз қазағымыздың көлік мінуі үшін миллиондап шашылғаны қынжылтады.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!