Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 15:11

Утилизация алымы:
халыққа қолжетімді баға керек

18.06.2024

553

0

Бүгінде қазақстандықтар шетелден, яғни Ресей, Қырғызстан, Армения, Грузия секілді елдерден жиі көлік сатып алатын болды. Себебі көлік жүргізушілердің айтуынша, шетелден жеткен көліктердің техникалық жағдайы жақсы, бағасы да қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды. Алайда сатып алғың келген автокөлігіңнің құнына қосылатын утилизациялық алым көлік тізгіндегісі келетіндердің қалтасын екі еселеп қағып жатқандай. Импорттық кедендік баж салығы, яғни тауарды сырттан әкелу немесе сыртқа шығару кезінде мемлекет алатын міндетті төлем құны мен кәдеге жарату ақысы сатып алған көлігіңнен асып түседі. Сонымен қатар бұл экологтардың да бас ауруына айналған мәселе болып отыр. Себебі істен шыққан көлікті кәдеге жарату үшін алынатын төлемақы экологияны қорғауға да септігін тигізе алмауда.

Нарықтағы көліктердің 65 пайызы – отандық машиналар

Қазіргі таңда елімізде 20 млн тұр­ғынға шаққанда 5 млн-дан астам ав­то­көлік бар. Статистикаға сәйкес, был­­тыр нарықта сатылған көліктердің 65 пайызы отандық машиналарды құ­ра­ған. Қалған 35 пайызы – импорттық көлік сатып алғандар. Олардың басым бөлігі – премиум класстағы машиналар. Он­­дай көліктер утилизациялық алым төлеген.

Бұл ретте көліктердің бағасына тоқ­талсақ, халық арасында сұранысқа ие көліктердің барлығы өзімізде өнді­ріледі, ал импорттық машиналар өнді­рілмейді, бірақ олардың бағасы да жо­ғары, кейбірінің құны 50-60 млн теңгеге дейін жетеді. Утилизациялық алым кө­лемі – 1-1,5 млн теңге.
Алайда барлық төлемдерді, соның ішінде 3 жылдан асқан автокөліктерге тіркеу алымын алып тастау ескі маши­налардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашар­лауына әкеліп соғады. Бұл туралы бі­рін­ші вице-премьер Роман Скляр Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

– Адамдардан «Сіз осындай ескі кө­ліктерден бөлінетін зиянды газбен демалғыңыз келе ме?» деп сұрау керек. Барлық пікір ескерілуі қажет. Сондай-ақ біздің зауыттарға барып, онда жұ­мыс істейтін адамдармен сөйлесуге ке­ңес берер едім. Кәсіпорындарда ло­­ка­лизация өте жоғары, оның ішінде бұл ауыл шаруашылық техникасына қа­тысты. Барлық қондырмалар, тір­ке­ме жабдықтары, кабиналар дәне­кер­леу, бояу, кесу, иілдіру бойынша тех­никалық операциялар жүзеге асы­ры­лады. Біздің басты міндетіміз – локализацияны арттыруға ұмтылу. Үкі­­­меттің қазіргі алға қойған мақсаты – елі­мізге мүмкіндігінше көп пайда әкелу үшін ілеспе өндірістерді құру, – деді Ро­ман Скляр.

Айта кетейік, өткен жылы отандық ав­тоөндірушілер 142 мың автокөлік шы­ғарған. Ал осы жаңа көліктерді са­тып алғандар утилизациялық алым тө­лемеген. Мұны Үкімет әрбір азамат өсу бенефициары болып табылатын өз өндірісіміз бен өнеркәсібіміздің дамуын ынталандырудамыз деп түсіндіруде.

Ескі көліктер
10-15 пайызға қымбаттаған

Ескі көліктер «Колеса» және өзге де сайттарда былтырғымен салыстыр­­ғанда 10-15 пайызға қымбат­ ба­ғада сатылуда. Ең өкініштісі, қымбат­шы­лықтың әлі де тоқтайтын түрі жоқ.

«Автосалондарда машинаның құ­ны 15 пайызға өсті. 5-6 млн теңгенің көлігі 7-8 млн теңгеге қым­баттаған. Дист­рибьюторлар жа­қында бағаны арзан­да­тамыз дейді. Бірақ нәтиже жоқ. Бұған мемлекет шек­теу қоюы тиіс» дейді көлік тізгіндегісі келген азаматтар.

Алайда елдегі көліктер салонының қызметкерлері «бағаны аспаннан алып қой­маймыз, барлығын нарық реттейді» деп ақталуда. Олардың айтуынша, кө­лік құнының динамикасын ба­қылау мүм­­­кін емес. Бірақ өсім бар. Баға кө­лік­­тің техникалық жағ­дайына қарап қойылады.

Шыны керек, дистрибьюторлар үшін көлік­тердің тез сатылғаны ма­ңыз­ды. Сон­дықтан олар ең өтімді ав­то­кө­лік­­­тер­мен жұмыс істегенді тиімді кө­реді. Бұл – бизнес. Нарықта жа­­пон­­дық авто­мобильдердің өтім­ділігі жо­­ғары, одан кейін Оңтүстік Корея кө­­лікте­рі­не сұраныс күшті. Жұрт 5 жыл­дан аспаған кө­ліктерді жақ­сы ала­ды, баға да соған сай жо­ғары бо­лады. Ескі көліктердің ішінде 2013-2014 жыл­да­ры шық­қан­да­ры айтар­лық­тай қым­баттаған.

2 автозауыт
салынып жатыр

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қазір утилизациялық алым құны бойынша ешқандай өзгеріс болмайды. Сондай-ақ елде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін протекционизм қажет еке­нін ай­тады. Оның пікірінше, елде авто­көлік­тер­дің бағасы басқа елдерден сәл жоғары немесе тең.

– Бүгінде министрліктің ең басты жұмысы – кәсіпорындарды дамыту, олардың қуаттылығын арттыру. Нақ­тырақ айтсақ, қазір елде 2 автозауыт салынып жатыр. Онда қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім ескеріп жат­қан жоқ. Барлық текетірес неге байланысты? «Киа» зауыты 2025 жыл­дың ортасында аяқталады. Екінші зауыт Алматы облысында салынады. Онда 90 мың көлік шығарылады. Жұ­мыс орындарын кім сақтайды? Мен де­путаттарға осы сұрақты қойғым келеді, – дейді министр Шарлапаев.

Утильалымнан келетін пайда көп

Иә, халық амал жоқ, сатып алған көлігі үшін бұл міндетті төлемді өтеп жатыр. Бірақ қоғамда «Бұл қыруар қа­ражат қайда бағытталуда, бір дө­кейдің қалтасына кетіп жатқан жоқ па?» деген күмәнді сұрақ туындағаны рас. Алайда Үкімет мұнан түскен қаражат еліміздің дамуына жұмыс істеп жатыр деп сендіруде.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, жанама салық түрінде түсетін қара­жат ашық түрде мемлекет пен азамат­тардың қажеттіліктеріне жұмсалуда. «Жасыл даму» АҚ мұны жыл сайын өз есептерінде көрсетеді. Сонымен бірге түскен қаражат арқылы отандық автопаркті жаңарту, қалдықтарды қайта өңдеу саласын қалыптастыру және өз өндірісін дамыту бойынша басқа да міндеттер шешілуде. Мәселен, 2022 жылы жеңілдетілген автонесие беруге 100 млрд теңге, автобус лизингіне 30 млрд теңге бағытталған. Тракторлар мен комбайндардың лизингіне былтыр 50 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар өңдеу саласын қар­­жыландыруға 265 млрд теңге қа­рас­­тырылған, оның ішінде 185 млрд теңге қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға, 50 млрд теңге ҚР ТЖМ негізгі құралдарын жаңартуға, 15 млрд теңге ав­то­бус лизингіне, 10 млрд теңге орман ме­ке­ме­лері мен табиғат қорғау ұйым­дары үшін өртке қарсы техниканы сатып алуға жұмсалған.

Соңғы жылдары елімізде ауыл ша­руашылығы техникасы мен автомо­биль­дерді ірі тораптық және шағын то­раптық құрастыру саласы дамып, көлемі артып келе жатыр. Оған қоса утиль­алымы және басқа да төлем­дер еліміздің тарифтік саясатын қалып­тас­тырып, жаңа инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беруде.

Мәселен, ауыл шаруашылығы тех­ни­касына утилизациялық алым енгізіл­геннен кейін 1,5 жылдан соң елімізге белгілі неміс бренді келіп, Солтүстік Қазақстан облысында зауыт салған. Шыны керек, бұл кәсіпорын бізге өн­дірісті жүзеге асыруға ешқашан кел­мес еді, бірақ Үкімет локализацияға қол жеткізу үшін кейбір түзетулер жасап, заң­намаға өзгерістер енгізген. Қос­та­найдағы «Kia» автомобиль өндіретін зауыты осының мысалы деп айтуға бо­лады, оңтүстік кореялық серіктестер өз елінен тыс жерде кәсіпорын салуға және жаб­дықтар сатып алуға алғаш рет өз қаражатын салған. Айта кету керек, халықаралық тәжірибеде өндіруші ел­дер өз өнеркәсібін ынталандырудың тарифтік және тарифтік емес ша­ра­ларын белсенді қолданатын көрінеді.

Үкіметтің сөзіне құлақ түрсек, елімізге утильалымнан келетін пайда көп. Алайда қарапайым халық утиль­алымға қарсы петиция жариялап, бұл бойынша күмән білдіретіндерін анық көрсетті. Бұл мәселе бойынша Үкіметтің айтуынша, утильалым жанама салық ретінде қарастырылған. Жоғарыда айт­қандай, одан түскен қаржы «Жасыл даму» АҚ арқылы жұмсалады. Бұл са­лық болмаса, экологияға бюджет қар­жысын жұмсауға тура келеді. Сон­дықтан утильалым салық болып есеп­теледі. Әрине, ешкім салық төле­генді ұнатпайды. Бірақ оны төлеу ке­рек. Жұмсартып айтсақ, «утильалым есе­бінен олигархтар байып жатыр» деген теріс пікір екен.

Еске салайық, Өнеркәсіп және құ­ры­­лыс министрлігі утилизациялық алым­ға қарсы петицияны қарау үшін жұ­мыс тобының құрамын бе­кітті. Жұ­мыс тобына Парламент депутат­тары, Өнер­кәсіп жә­не құрылыс, Эколо­гия жә­не табиғи ре­сурстар, Қаржы, Ауыл ша­руашылығы, Ци­фрлық даму, инно­ва­циялар және аэро­ғарыш өнеркә­сібі, Мәдениет және ақпарат вице-ми­нис­тр­лері, Сыртқы іс­тер министрінің орын­ба­сары, басқа да мүдделі мемлекеттік ор­ган­дардың өкіл­дері енген.

Кедендік баж салығы
2 есе төмендеген

Үкіметтің мәліметінше, еліміз ДСҰ-ға кіргенге дейін кедендік баж салығы автокөліктерге 30 пайызды құрап, қа­ражат бюджетке түскен. Ал бүгінде Қазақстан ДСҰ-ға кіру арқылы өзіне міндеттемелер алып, өз нарығын ашқан. Нәтижесінде кедендік баж салығы 2 есеге, яғни 15 пайызға төмендеген. Де­генмен көлік шығаратын және кә­деге жарату алымын енгізген Ресей Фе­де­рациясымен және Беларусьпен бір­­тұтас экономикалық кеңістіктегі Қа­зақ­стан бұл елдерден қалыс қала ал­майтын көрінеді. Олар утилалымын енгізсе, жауап ретінде біздің Үкімет те бұл төлемді енгізді. Бірақ Экологиялық ко­дексте жеке ӨКМ операторы осы жанама салықтан келетін қаражатты басқаратын норма болды. Жағдай 2022 жылы түзеліп, қазір экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жасыл даму» АҚ атынан мемлекет тіке­лей бенефициар болып табылады.

Жапонияда утильалым
90 долларды құрайды

Көлік саласы дамыған Еуропа одағы елдерінің утилизациялық алымы бәріне ортақ. Шамамен жаңадан сатып алған көлікті тіркеуге 100 еуро төлеуі керек. Нидерландыда 45 еуро ғана. Жапонияда утилизациялық алым импорт және экс­порт болып бөлінеді. Күншығыс елінің өзінде өндірілген көліктерге алым бір-ақ рет төленеді. Құны көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты. Бірақ 130 дол­лардан аспайды. Кейбір көліктерге 90 доллар төлейді. Ал импорттық кө­лік­тер 190 доллардай. Импорттық көлік­тердің басым бөлігінің салмағы ауыр болғандықтан көбірек төлейді. АҚШ-та шағын көліктердің ути­лизациялық алы­мы 100-200, толық көле­мді көліктердікі 150-300 доллардың ара­сы. Ал жүк көлік­тер мен ауыр тех­никалардікі 300-500 дол­лардың шама­сы.

Түйін: Жасыратыны жоқ, Үкімет «отан­дық автокөлік өндірісін» дамытуға жүздеген млрд теңге бағыттайды. Ал белсенділер «бізде автоөндіріс сол кү­йі қалыпты дамыған жоқ» дейді. Тіп­ті біз­дегі автоқұрастырушыларды «ав­­­­то­­­өндірушілер» деп айту қате екенін, олар­­дың локализациялау деңгейін өсіру, яғ­­ни қазақстандық өнімдерден құрас­ты­рылатын бөлшектердің деңгейін арттыру қажеттігін алға тартуда. Иә, «жел тұр­маса, шөптің басы қимылдамайды» де­мекші, мемлекет утильалым көлемін қай­­­та қарау керек секілді. Себебі алым бағасы әлемдік деңгейден жоғары бол­ма­уы керек. Жапондықтар 90 мың теңге тө­­­леп, сапалы көлік тізгіндесе, өз қа­за­ғымыздың көлік мінуі үшін мил­лион­дап ша­­шылғаны қынжылтады.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: