Мал бағу жалпы тіршіліктің негізгі көзіне айналдырған шаруаға алдағы қыстың қамы уайым. Соңғы жылдары шабындық жерде шөп бітік шықпай жүргені жасырын емес. Шыққан шөптің өзі қурап кеткен. Иә, еліміздің көптеген өңірінде жем-шөпке қатысты қиындықтар туындауда. Себебі көктем суық, жауын-шашынның аз болуы, егістік жердің аздығы, суару үшін судың жетіспеушілігі және техниканың қымбаттығы әсер етуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың пікірінше, мәселені шешу үшін Үкімет жер мәселесіне қатысты қатаң шаралар қабылдау керек, инфрақұрылым мен технологияларға қаражат салуы қажет. Алайда қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін шабындықтар мен жайылымдарға шөп егіп, егістіктерді суару арқылы түзетуге болады. Сонымен қатар фермерлерді, соның ішінде ұсақ фермерлерді техникамен, тракторлармен, шөп шапқыштармен, пресс-жинағыштармен және басқа да техникалармен жабдықтау міндеті тұр. Сондықтан өңірлерде жем-шөп сапасын жақсарту және егіншілік деңгейін арттыру бойынша қыруар жұмыс тұралаған.
3,4 млн гектар
жем-шөп егілген
Өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми тәсілді қолдана отырып, жем-шөп өндіру саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын өзектендірген. Мақсаты – 2028 жылға қарай жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын 3,6 млн гектарға дейін кеңейту арқылы ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемін екі есеге арттыру. Статистикаға сүйенсек, биыл жем-шөп дақылдарына арналған егіс алқабы 3,4 млн гектардан асқан, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 314 мың гектарға артық.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің пайымдауынша, жем-шөп дақылдары егілген алқаптың 74 пайызы көпжылдық шөптердің үлесіне, 26 пайызы біржылдық дақылдарға тиесілі, олардың көктемгі егісі мал шаруашылығының қажеттілігі үшін пішен мен сүрлем дайындауды қамтамасыз етеді. Өңірлерде шөптерді жаңарту, шабындық пен жайылым жерлерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет, соның салдарынан мал азығында әлі де шөп пен жем-шөп, яғни қарапайым жем басым. Бұл ретте барлық өңірде Үлкен жоба шеңберінде тауарлы-сүт фермаларының құрылысы жүріп жатыр, оларға пішен, жүгері, сүрлем дайындау қажет.
Қазіргі уақытта республика бойынша пішенмен қамтамасыз ету 45 пайыздан, ал сүрлеммен қамтамасыз ету 72 пайыздан аспайды. Жалпы биыл 25,5 млн тонна шөп, 1,6 млн тонна пішен, 4,6 млн тонна сабан, 5,7 млн тонна құнарлы жем және 2 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланған.
Үкіметтің айтуынша, бізде жер жеткілікті, бірақ ұтымды игерілмейтін көрінеді. Сондықтан өңірлердің алдына жем-шөп өндіру бойынша нақты міндеттер қою керек. Жол картасын әр өңір үшін 2-3 жылға арналған жем-шөп дақылдары жөніндегі жоспармен толықтыру қажет. Сондай-ақ өңірлер әкімдіктерінің мал азығы дақылдары үшін суармалы жер көлемін кеңейтуге, жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамытуға, пайдаланылатын жайылымдық жердің өнімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, егіншілікті әртараптандыруы маңызды.
Жоңышқа 625 гектарға артқан
Республикадағы мал азығы бағасын бағамдау қиын емес. ШҚО, БҚО аймақтарында жем-шөп бағасының шарықтағанына 2-3 жылдай болды. Салдарынан ауылдарда төрт түлік қолға қарай бастаған. Өйткені қуаңшылықтан жайылымда да, шабындықта да көк қалмаған. Байқасақ, аудандағы баға шамалас. Мысалы, шөпті шабындық басынан алсаңыз, жоңышқа 600-700 теңге, қамыс пресс 400-450 теңге, бау пішен 150-200 теңгенің айналасында. Бірақ мал баққан шаруалардың айтуынша, қыста мал азығы 2 есеге қымбаттайтын көрінеді.
Жасыратыны жоқ, аяқсу тапшылығы жыл сайын шаруаның ширауына айтарлықтай қолбайлау болуда. Мәселе жыл сайын күрделенбесе, шешімін тапқан емес. Ал жаңадан құрылған жауапты министрлік тек «суды үнемдеу керек» дегеннен әрі аса алмай отыр. Осы ретте су тапшылығын ескере отырып, ауданда күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектарға қысқарған. Есесіне суды аз қажет ететін мал азығы дақылдарына басымдық берілген. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда мақсары 10 гектарға, жоңышқаның көлемі 625 гектарға артқан. Қазіргі таңда 530 гектар мақсары, 4850 гектар жаңа жоңышқа егілген.
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, ауданның мал ұстайтын шаруа қожалықтары мен жеке шаруалары алдағы қысқа түсетін малға қажетті азық дайындауда ширақтық танытуда. Төрт түлігінің жайын ойлаған ауылдағы ағайын шөп қылтия бастағаннан шабындық іздейтіні белгілі. Биыл да аудан шаруалары қыстың қамына ерте кірісіп, ауа райының қолайлылығын пайдаланып, маусым айының басынан шөп жинау науқанына кірісіп кеткен. Айтуларынша, техника барлық жерде жеткілікті.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!