Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сейсенбі, 05 қараша, 12:09

Мал азығы шаруаға
оңай болмай тұр

09.07.2024

115

0

Мал бағу жалпы тіршіліктің негізгі көзіне айналдырған шаруаға алдағы қыстың қамы уайым. Соңғы жылдары шабындық жерде шөп бітік шықпай жүргені жасырын емес. Шыққан шөптің өзі қурап кеткен. Иә, еліміздің көптеген өңірінде жем-шөпке қатысты қиындықтар туындауда. Себебі көктем суық, жауын-шашынның аз болуы, егістік жердің аздығы, суару үшін судың жетіспеушілігі және техниканың қымбаттығы әсер етуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың пікірінше, мәселені шешу үшін Үкімет жер мәселесіне қатысты қатаң шаралар қабылдау керек, инфрақұрылым мен технологияларға қаражат салуы қажет. Алайда қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін шабындықтар мен жайылымдарға шөп егіп, егістіктерді суару арқылы түзетуге болады. Сонымен қатар фермерлерді, соның ішінде ұсақ фермерлерді техникамен, тракторлармен, шөп шапқыштармен, пресс-жинағыштармен және басқа да техникалармен жабдықтау міндеті тұр. Сондықтан өңірлерде жем-шөп сапасын жақсарту және егіншілік деңгейін арттыру бойынша қыруар жұмыс тұралаған.

3,4 млн гектар
жем-шөп егілген

Өткен жылы ҚР Ауыл ша­руашылығы министрлігі ғылыми тә­сілді қолдана отырып, жем-шөп өндіру саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын өзектендірген. Мақ­саты – 2028 жылға қарай жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын 3,6 млн гектарға дейін кеңейту арқылы ауыл шаруашылығында жалпы өні­м­нің көлемін екі есеге арттыру. Ста­тис­тикаға сүйенсек, биыл жем-шөп да­қылдарына арналған егіс алқабы 3,4 млн гектардан асқан, бұл көрсеткіш былтырғы­мен салыстырғанда 314 мың гектарға артық.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің пайымдауынша, жем-шөп да­қыл­­дары егілген алқаптың 74 пайызы көпжылдық шөптердің үлесіне, 26 пайы­зы біржылдық дақылдарға тие­сілі, олардың көктемгі егісі мал шаруа­шы­лығының қажеттілігі үшін пішен мен сүрлем дайындауды қамтамасыз етеді. Өңірлерде шөптерді жаңарту, шабындық пен жайылым жерлерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет, соның салдарынан мал азы­ғында әлі де шөп пен жем-шөп, яғни қарапайым жем басым. Бұл ретте барлық өңірде Үлкен жоба шеңберінде тауарлы-сүт фермаларының құры­лысы жүріп жатыр, оларға пішен, жүгері, сүрлем дайындау қажет.
Қазіргі уақытта республика бойын­ша пішенмен қамтамасыз ету 45 пайыз­дан, ал сүрлеммен қамтамасыз ету 72 пайыздан аспайды. Жалпы биыл 25,5 млн тонна шөп, 1,6 млн тонна пішен, 4,6 млн тонна сабан, 5,7 млн тонна құнарлы жем және 2 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланған.
Үкіметтің айтуынша, бізде жер жет­кілікті, бірақ ұтымды игерілмейтін көрінеді. Сондықтан өңірлердің ал­дына жем-шөп өндіру бойынша нақты міндеттер қою керек. Жол картасын әр өңір үшін 2-3 жылға арналған жем-шөп дақылдары жөніндегі жос­пар­мен толықтыру қажет. Сондай-ақ өңірлер әкімдіктерінің мал азығы дақылдары үшін суармалы жер көлемін кеңейтуге, жем-шөп дақылдарының тұ­қым ша­руашылығын дамытуға, пай­­­да­ла­­нылатын жайылымдық жер­дің өнім­ділігін арттыруға баса назар ау­дара отырып, егіншілікті әртарап­тандыруы маңызды.

Жоңышқа 625 гектарға артқан

Республикадағы мал азығы баға­сын бағамдау қиын емес. ШҚО, БҚО аймақтарында жем-шөп бағасының шарықтағанына 2-3 жылдай болды. Салдарынан ауыл­дарда төрт түлік қол­ға қарай бастаған. Өйткені қуаң­шылықтан жайылымда да, шабын­дықта да көк қалмаған. Байқасақ, ау­дандағы баға шамалас. Мысалы, шөпті шабындық басынан алсаңыз, жоңышқа 600-700 теңге, қамыс пресс 400-450 теңге, бау пішен 150-200 тең­генің айналасында. Бірақ мал баққан шаруалардың айтуынша, қыста мал азығы 2 есеге қымбаттайтын көрінеді.
Жасыратыны жоқ, аяқсу тапшылығы жыл сайын шаруаның ширауына айтар­лықтай қолбайлау болуда. Мә­селе жыл сайын күрделенбесе, ше­шімін тап­қан емес. Ал жаңадан құ­рылған жауапты министрлік тек «су­ды үнемдеу керек» дегеннен әрі аса алмай отыр. Осы ретте су тапшылығын ес­кере отырып, ауданда күріш дақы­лы­ның көлемі өткен жылдан 1300 гектарға қысқарған. Есесіне суды аз қажет ететін мал азығы дақылдарына басымдық берілген. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда мақсары 10 гектарға, жоңышқаның кө­лемі 625 гектарға артқан. Қазіргі таңда 530 гектар мақсары, 4850 гек­­тар жаңа жоңышқа егілген.
«Қыстың қамын жаз ойла» де­мекші, ауданның мал ұстайтын шаруа қожа­лықтары мен жеке шаруалары алдағы қысқа түсетін малға қажетті азық дайындауда ширақтық танытуда. Төрт түлігінің жайын ойлаған ауылдағы ағайын шөп қылтия бастағаннан шабындық із­дейтіні белгілі. Биыл да аудан ша­руалары қыстың қамына ерте кірісіп, ауа райының қолайлылығын пай­даланып, маусым айының басынан шөп жинау науқанына кірісіп кеткен. Айтуларынша, техника барлық жерде жеткілікті.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: