Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 19:55

Жұмысы жүйелі, ісі тиянақты

10.07.2024

119

0

Қазақ төрт түлікті қадірлеген. Халқымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғаны белгілі. Мал ауырса, баласындай күтіп, ем-дом жасап жазған. Ал қазіргі уақытта сол күтімді жасап, түрлі аурулардың алдын алуда, әрине, ветеринария қызметкелерінің алатын орны ерекше. Бүгінгі кейіпкеріміз Жеткерген Таймбетовтің осы салада қызмет етіп жатқанына 20 жылдан асқан. Осынша уақытта көптеген үй жануарын түрлі кеселден айықтырып, әлі де осы мақсатта еткен еңбегінің арқасында халықтың алғысына бөленіп келеді.

Мал да ауырады, оларда да аурудың түрі көп. Мысалы, ежелден қазақ халқы үшін қасиетті болып келген жылқы іш кебумен ауырғанда оның ас қорыту жолын тазалау үшін ащы айранға ас тұзын езіп ішкізген немесе қанжылым суды тікішек арқылы айдап, қартасын шайған, тіпті желдіріп ішін айдатқан. Сондай-ақ жөтел ауруымен ауырған жылқыға киіз жауып, басына дорба толы қайнатылған арпа суымен буласа, маңқаға шалдыққан жылқының ауру жайлаған жерінің терісін ортасынан тіліп, оны екі жағына қарай тігіп, маңқасын сылып алып тастау арқылы ем жасаған. Ал мішаяқ сырқатына шалдыққан жылқының безін сығып, арнаулы аспаппен қан шығарса, зорыққан жылқының танауының екі жағындағы шеміршегін алып, қан шығару арқылы емдеген.
Мал дәрігері болуды кейбіреулер сұраныстан қалған ма­ман­дық деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, мал дәрігері – сұ­ранысқа ие мамандықтың бірі. Мал дәрігерлері жан-жа­нуарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың ал­дын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота да жасайды, мал­д­ан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерге бақылау жүргізіп, осы өнімдердің жарамды-жарамсызын айырады.
Иә, ветеринария – маңызды сала. Дегенмен жан-жануарларға қамқорлық жасау ұнайтын жан болса ғана бұл мамандықты таңдай алады. Яғни аяғынан тік тұрып қызмет қылу, ұзақ жүріс-тұрысқа шыдамды болу, әрбір жануардың өзіне тән исіне төзу екінің бірінің қолынан келмейді.
– Біздің кезімізде ветеринар стансасы емес, кәсіпкерлік жүйеде құрылған. Сөйтіп 2004 жылы кәсіпкерлік бөлімге қабылданып, ол қызметім 2010 жылға дейін жалғасты. Одан кейін 2015 жылдан бастап ветеринарлық станса құрылғалы бері осында дәрігер болып келдім. Негізінде біздің жұмыстың қызатын уақыты көктем мен күз деуге болады. Себебі сол мезгілдерде экзотикалық және эпизотиялық аурулар көбейеді. Күресудің басты жолы – вакцина салу, яғни сол аурулардың алдын алу болып табылады. Мәселен, 1 айда 300 бас малға аусыл ауруына қарсы вакцина саламыз, келесі айда жылқының сақауына қарсы деген секілді. Дәл қазіргі уақытта жануарлардың арасында жұқпалы емес аурулар көп кездеседі, – дейді мал дәрігері Жеткерген Таймбетов.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазақ халқы дәстүрінде ер­теден-ақ жануарларды, оның ішінде үй жануарларын емдеу жолдары тереңде жатыр. Ерте заманда малды емдеу әдісі қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған тәжірбиесінің ар­қасында жинақталған. Жалпы малды емдеу жолын қазіргі ветеринария саласындағы емдеу әдісі секілді сыртқы және ішкі ауруларға жіктей білген. Сондай-ақ ауруларды жұқпалы және жұқпалы емес деп бөлуінің өзі қазақ даласында дәстүрлі емдеудің шарықтап дамығанын көрсетеді.
Ата кәсібіміз төрт түлік асырау болғандықтан, әрбіріміз үшін мал басының амандығы және өнімділігі маңызды. Ал ол әрине, жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына бай­ланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы төрт-түлік асы­райтын әрбір отбасының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан әуелі осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс.
Кейіпкеріміз – қазіргі таңда Аламесек ауылдық округінде ветеринариялық пунктің меңгерушісі. Жергілікті тұрғындар да Жеткерген ағамыздың жұмысына жауапты екенін айтады. Оның бұл салаға сарп еткен саналы ғұмыры жастарға үлгі болары анық.

Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: