Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 17:48

Астанада қызылша жұқтырғандар саны 12 есе өскен

19.07.2024

347

0

Астана тұрғындары арасында вакцинамен басқарылатын инфекцияларды жұқтыру деректері көбейген. Мұның басты себебі – тұрғындардың балаларға екпе салудан бас тартуы. Бұл туралы елорданың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Сархат Бейсенованың мәліметінше, Астанада биылғы 6 ай ішінде 1 жасқа дейінгі балаларды дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, гемофильді инфекцияға, полиомиелитке, пневмококкты инфекцияға, 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің дифтериясына және сіреспеге қарсы екпелермен қамту жоспарлы жүзеге асырылып жатыр. 

«Нәтижесінде биылғы жарты жылда көкжөтелдің 435 расталған жағдайы тіркелді, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 417 (көрсеткіш – 100 мың тұрғынға шаққанда 30,5), 2023 жылы көкжөтелдің 5 жағдайы тіркелді, өсім 82 есе. Аурудың негізгі себебі 54% немесе 234 жағдайда ата-аналардың көкжөтелге қарсы профилактикалық егуден бас тартуы болып саналады», деді елорданың бас санитарлық дәрігері

Оған қоса астаналықтар арасында қызылша жұқтыру дерегі де едәуір артқан.
«Өткен жылдың наурыз айынан бастап елордада қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі байқалды. Биылғы 6 айда қызылшаның 1541 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1059 жағдай, өсім 12 есе, сырқаттанғандардың ішінен қызылшаға қарсы 1069 адам егілмеген», деді Сархат Бейсенова.
Денсаулық сақтау департаменті әлеуметтік желіде екпенің әсері туралы көрінеу жалған ақпаратқа бақылау жүргізілетінін де хабарлады. Департамент тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін 2472 ата-ана вакцинацияның маңыздылығын түсініп, балаларын ектірген, оның ішінде 623-і бұрын вакцинациядан бас тартқандар. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 7 есе жоғары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: