Өткен сенбіде аудан орталығы мен ауылдық округтерде жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылды. Оған аудан бойынша меншік нысанына қарамастан 71 мекемеден 800-ге жуық адам қатысып, 15 техника жұмылдырылды.
Сенбілікте көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, 10 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды. Сондай-ақ көшелер, аллеялар мен саябақтарда жабайы шөптер шабылып, тазартылды.
– Шыны керек, сенбілікке шығу мен үшін ешқандай қиындық туғызбайды. Себебі сенбілік – бұл ұжымдық рухты, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Сенбілікте өзіміз тұратын үйдің маңайын және жұмыс істейтін іргелес аумақтарды тазартамыз. Өйткені өмір сүретін мекеніміз таза және жайлы болуы керек. Сондықтан ауданымыздың жайлы болуы өз қолымызда, – дейді кент тұрғыны Сырым Жұбанияз.
Айта кетейік, жиналған қоқыстарды шығаруға «Жалағаш қызмет» мекемесінің, сондай-ақ ауылдық округтер бойынша шаруа қожалықтардың техникалары жұмылдырылған. Міне, аудан тұрғындарының экологиялық мәдениеті едәуір көтерілгенін осындай игі істерден анық байқауға болады.
Иә, аудан тазалығына тек жергілікті билік қана жауапты деу – теріс пікір. Өйткені өзің тұратын жерге жаның ашып, оның тазалығына көңіл бөлу – азаматтық парыз. Әр адам сенбілікке кішкене болса да атсалысып, үлес қосса, қоғамның тазалыққа деген жауапкершілігі арта түсері анық.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!