Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Сенбі, 28 қыркүйек, 00:23

Талай дертке дауа тапқан

16.07.2024

68

0

«Ақхалатты абзал жан, адам жанының арашасы» деп жатамыз. Себебі олар адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалайды. Бүкіл әлемді жаулаған COVID-19 індетімен күресте халыққа алдыңғы легте жүріп қызмет еткен де осы ақхалатты абзал жандар болатын.

– Пандемия кезі. Кезекшілік бойынша әріптестеріммен бірге Мәдениет ауылындағы коронавирус сырқатымен ауырған науқастарға арналған емханаға баратынбыз. Одан бөлек науқастардың ағайын-туыс, отбасына күнде барып, оларды да тексерістен өткізіп тұрдық. Кей науқастың жақындары бізді дұрыс түсінбей, ел арасында тараған өтірік қауесеттерге сеніп, бізді үйінен балта, күрекпен талай қуып шыққан кездер болған, – деп өткен шаққа көз тастады кейіпкеріміз.
Иә, қауіпті індет кімге болсын оңай тиген жоқ. Әсіресе ақхалатты абзал жандарға. Індет жұқтырып алу қаупі жоғары болса да, сырқаттанып жатқан жандармен тығыз байланыста болып, ауру өршіп, індет дендеген уақытта оның айығып кетуі үшін басын қауіпке тікті. Бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз Гүлжайн Әмірбек – пандемия кезінде көпшіліктің көңілін тауып, індеттің бетін қайтару жолында қажырлы еңбек еткен жан.
Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Гүлжайна сол арманына жету үшін 2010-2017 жылдары Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина университетін «Жалпы Меди­цина» факультеті бойынша оқып, 2015-2017 жылдары «Жалпы тәжірибелі дәрігер» саласы бойынша интер­на­турадан өткен. Еңбек жолын ең алғаш 2017 жылдың тамызында Жалағаш аудандық ауруханасында жал­пы тәжі­рибелі дәрігер болып бастаған. Гүлжайна Тұр­ланқызы – қазіргі таңда №3 аймақ тұрғындарының жауапты дәрігері.
– Бала күнімнен дәрігер болуды қатты армандадым. Халыққа адал қызмет етіп, дертіне шипа сұрап келген жанға көмектессем деген ой болды. Бүгінде арманым орындалып, халыққа қалтқысыз қызмет етудемін. Әрине, ақхалатты кірлетпей, дәрігер болу оңай емес, десе де мамандығыма деген құрметім ерекше, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда оның аймағында 1530 тұрғын бар. Ол тұрғындарды жылда скринингтік талдау, флюорографиялық тексеруге ша­қырып, жас ерекшеліктеріне қарай маммографиялық тексеруден өткізіп тұрады.
– Алайда кей тұрғындар денсаулығына немқұрайлы қарап, уақытылы тексерілмейді. Сол үшін көше аралап, тұрғындардың уақытылы тексеруден өтуіне жүйелі түрде жұмыс жасап келеміз. Мұнан бөлек жаңа туған нәрестелер мен егде жастағы қарт кісілерге, диспансерлік есепте тұратын науқастар мен ерекше қолдауды қажет ететін балаларға да арнайы барып хал-жағдайын біліп, тексеріп тұрамыз. Қазір тұрғындардың көбі қанқысымы, қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары, артериальді гипертензиямен ауырады. Осы тұста науқастарға тегін дәрі-дәрмек таратып, аурудың алдын алу шараларын жүргізудеміз. Қазіргі кезде балаларда көбіне жоғары тыныс жолдарының аурулары кездеседі, сонымен қатар қаназдықпен көп ауырады. Басым көпшілігінде бауыр, бүйрек аурулары жиі кездеседі. – дейді Гүлжайна Тұр­лан­қызы.
Онымен бірге №3 аймақта Бибіраба Балханова, Майра Қызбалаева, Самал Қалиянова сын­ды мейірбан мейірбикелер аудан тұрғындарының сау­­лығы үшін күндіз-түні қызмет етуде. Жергілікті тұр­ғындарға дәрігерлік қызмет көрсетуде өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бірнеше мәрте дә­лелдеген кейіпкеріміз – өз учаскесіндегі тұрғындардың риза­шылығына бөленіп, алғыс арқалап жүрген ақхалатты абзал жан.
– Гүлжайна дәрігер – өте мейірімді, жұмысына адал жан. Жақында ғана босанғасын, оның үстіне тұңғыш баламыз болғандықтан балам беймезгіл уақытта жыласа қорқып, бірден Гүлжайнаға хабарласамын. Бір күні түнде балам мазасызданып, жылауын қоймаған соң оған қоңырау шалдым. Ол уақытпен санаспай үйге келіп, баламды тексеріп, оның іші кеуіп қалғанын айтып, маған дұрыс тамақтануға кеңес берді. Біз отбасымызбен таңнан қара кешке дейін әрбір науқасты өз жақынындай көріп, уақытылы емдеп, деніне саулық сыйлап жүрген Гүлжайна дәрігерге ризамыз, – деді кент тұрғыны Айгерім Жоламанқызы.
Саналы ғұмырын денсаулық саласымен ұштастырып, халыққа көмек көрсетуде аудан тұрғындарының ал­ғысына бөленіп жүрген ақхалатты абзал жан алдына келген науқасты тек тексеріп қана қоймай, толық емделіп шығуы үшін қолынан келген көмекті аямайды. Жағдайы ауыр науқастарды қажетті ем алуы үшін күндізгі бөлім немесе арнайы порталмен ауруханаларға жатқызып, аяққа тік тұруын басты назарда ұстайды.
Бүгінге дейін ол жемісті еңбегі үшін облыстық ден­саулық сақтау басқармасы басшысының «Құрмет» гра­мотасымен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Жалын» жастар сыйлығымен де марапатталған.
Бұл сала үлкен білімді, батырлық пен таудай тө­зімділік пен табандылықты қажет етеді. Дәрігерлік ілім­нің атасы Гиппократ айтпақшы, дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болу керек. Осы қасиеттің бәрін бойына жиған кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүріп, тәжірибелік білімін жетілдіруден еш жалықпады. Ол «ақхалатты киіп жүру – екінің бірінің қолынан келетін іс, ал адам өмірінің арашасы екенін сезініп, антына адал болу білікті дәрігердің ғана қолынан келеді» дейді.

А.ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: