Денсаулық – кез келген адам үшін баға жетпес байлық. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Сол мықтылардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Айжан Алтынбекқызы.
Кішкентайынан фонендоскоппен жүрегін тыңдап, хирургиялық ойыншықтармен ойнап өскен Айжан қазір өзінің бала кездегі арманын орындап, ауданның белгілі жас медбикелерінің қатарында. Еңбек еткеніне небәрі 6 жыл болса да емханаға барған науқастардың іздеп тұратыны әрдайым алғыс арқалап жүретін ақ халаттылардың қатарынан екенін аңғартты. Оны біз бүгін медбикемен сұхбаттасу барысында байқадық. Шұғыл түрде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген науқастардың біразы Айжан Алтынбекқызын танып, соның тексеруін өтінгені де болды. Бұл жас та болса беделінің жоғары екенін аңғартты.
– Кішкентайымнан әпкеммен бірге көптеген медициналық кітаптарды қызық көріп қарайтынбыз. Терапия, микробиология, медициналық энциклопедия кітаптарын ашып қойып, жазуларын түсінбесек те, суреттерінің өзі мен қатты еліктіріп, қызықтыратын. Кейін мектепке барып оқи бастағаннан дәрігер боламын деп шешім қабылдадым. Бұл ойыма ата-анам да қуанды. Маған ауырып тұрған науқастарға көмек беріп, олардың көз алдымда жазылып кеткені қуаныш сыйлайды. Бұл мамандықтың иесі болу – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ол үшін адамда өзінің бойында осы мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен өзіне деген сенімділігі болуы қажет. Ең бастысы, еңбекке қабілетті, зейінді болуы тиіс. Адам өмірімен тікелей байланысты болғандықтан, медицина қызметкері болу үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік деп білемін, – дейді кейіпкеріміз.
Расымен ақхалатты абзал жан болу үшін адамға ең әуелі өз-өзіне деген сенімділік керек. Кейіпкеріміз Айжан ханымнан міне, осы қасиетті байқадық. Кішкентайынан дәрігер боламын деп нақты мақсатқа ұмтылған ол қазір өзіне сенімді, ортасында сыйлы.
Қандай мамандық иесі болсаң да, өзіңнің өскен ортаңа үлес қоса алатындай болуың шарт. Медбике ханым да өзінің өскен ортасына көмек беріп, әрбір науқастың жазылуына үлес қосып жатқанына қуанатынын айтады.
Қазіргі таңда қабылдау бөлімінде медбике болып қызмет атқаратын кейіпкеріміз жан-жақты көрінеді. Kyzylorda Busness HUB жобасына қатысып, облыстық деңгейден ІІІ орын иеленіп, облыс әкімінің марапатына ие болған. Одан бөлек аудан әкімінің, бас дәрігердеің, «Аmanat» партиясының алғыс хатымен марапатталған.
– Медицина саласын таңдамас бұрын медицинаның барлық қырын ой елегінен өткізіп, осы мамандықтың оң, теріс жақтарын қарастырған дұрыс. Мейіргерлерге қойылатын жауапкершілік өте көп. Айтар едім, жақсы дәрігер болу үшін ең алдымен жауапкершілік болу керек. Медицинаның атасы Гиппократтың айтқанындай, мейіргердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолы жұмсақ, жағымды болуы керек. Мейіргер болу оқумен ғана шектелмейді, мейіргер болу – өнер, – дейді Айжан Елеусінова.
Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өміріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын ақжелеңді абзал жандардың жұмысы осындай. Олар – денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленген мейірімді жандар.
Шынында дәрігер болу – үлкен мәртебе. Бүгінгі кейіпкерімізбен сұхбат барыснда қандай мәртебелі мамандық екенін түсіндік. Бір дәрігер шұғыл түскен науқастың дем алуына көмектесуде, бірі отаға дайындауда, енді бірі қан алып, анализ қорытындысын дайындауда. Әрине, мамандықтың бәрі жақсы, дегенмен дәрігер болу қиын болса да, абыройлы да қастерлі жағы көп.
Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!