Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 06:12

Рахмет саған, дәрігер!

21.06.2022

784

0

«Балалы үй базар» деп жатамыз. Сәбидің күлкісі естілген шаңырақта әрдайым береке орнап, босағаға бақыт ұялайды. Сол кішкентай көз қуанышын өмірге әкеліп, ұрпақты көбейтетін аналар өмірі бәрінен қымбат. Ана мен бала сау-саламатта өмір сүру үшін, олардың денсаулығын қорғау үшін мемлекет қаншама бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Соның игілігін Жалағаш ауданы орталығында орналасқан аудандық аурухананың перзентхана бөлімі де көріп, су жаңа ғимаратта ауыл мен аудандағы босану жасындағы аналарға көмек қолын созып, керекті кеңестерін беріп, олардың өмірге сәби әкелуіне жәрдемдесіп, кәсіби мамандар күні-түні атсалысуда.

Бөлім меңгерушісі Ләйла Елібаева­ның айтуынша, барлық за­ма­науи құрылғылармен жабдық­тал­ған қолай­лы ғимарат 25 төсекке арналған. Әр палатада 2 әйелден орналасқан. Көптеген керекті ота­лар осы жерде жасалып, олар сауы­ғып кеткенше ақ халаттылардың қамқорлығында болады. Ги­­не­­кологтардан, тіпті басқа да дә­­рігер мамандардан қосымша пато­логиялық ауруы болса, кеңес алуға мүмкіндік берілген.


– Мұнда 4 дәрігер, 3 акушер-гине­­колог, 1 неанотолог бар. Олар­дың бар­лығы жоғары санатты. Кіші қыз­мет­­кер­­лерден 5 акушерка, 12 медбике ана мен бала денсаулығын жіті қадағалайды. Олар да жоғары санатты өз ісінің шеберлері. Барлық оталар Аманкүл Махамбетова, Әсел Жүсіпова, неанотолог Сандуғаш Мол­дыбаева сынды алтын қолды дәрігерлердің қатысуымен жасалады.
Қаншама жылдан бері бөлімде қалтқысыз қызмет жасап жүрген акушерлер қатарында Нәзира Оңалбаева, Гүлмира Дауылбаева, Алма Жәмиева, Мархабат Әжім­бекова, Мөлдір Баймаханова, Қал­дыгүл Есназарова бар. Тыным­­сыз еңбек майданын қыз­дырып жүрген медбикелер Зина Қонды­баева, аға медбике Эльмира Қалыбекова, Лаура Сариева, Иска­кова, Майра Махамбетова, Жарас­хан Әленова, Замира Тобжа­нова, Ғай­ша Баймаханова – біздің мақ­таныштарымыз, – дейді бөлім бас­шысы.
Ал ақ халаттыларға алғыс білдірген аналар да бар.
Айгүл Әлібаева,
Еңбек ауылының тұрғыны:
– Мен жасым қырыққа келіп бо­са­­нып отырмын. Аллаға шүкір, қыз­ды болдым. Жасым ұлғайғанда босанған әрине оңай емес. Егіз ұлым, 3 қызым бар болатын. Міне, шаңыраққа 1 перзент қосылды. Со­нымен алтыншы баламды сүйіп, бақытты ана болып отырмын. Бұл жердегі дәрігер, медбике, кіші қыз­мет­керлерге ризамын. Олар жа­ның қысылып келгенде жылы сөзі­мен, дәрі-дәрмегімен емдеп, жан мен тәніңді сауықтырады. Бөбегіміз құшағымызда, өзіміз аманбыз. Бұдан артық әйел үшін бақыт бола ма? Алғыс білдіремін, – дейді күлімдеп.
Айда Әзмаханова,
Аққұм ауылының тұрғыны:
– Менің алтыншы перзентім дү­ниеге келді. Акушер Қалдыгүл Есназа­рованың жәрдемімен 34 жа­сымда ұлымды босандым. Бөлме­міз демалуға өте ыңғайлы. Бұрын аналарымыз мұндай жерде босанып көрген жоқ. Шынында біз бақытты ұрпақпыз. Дәрігерлердің бәрі – өз ісінің шебері. Қамқорлық мол. Нәрестеміз бауырымызда, ұйқысы тыныш болса, еш жері ауырмаса, біздей аналарға сол жеткілікті деп ойлаймын. Өмірге перзент әкелу оңай емес. Сол қиындықта бізбен бірге ұйқы көрмей ем-домын жасап, керек кеңесін беріп жүрген дәрігерлерге мың алғыс!
Рахмет саған, дәрігер!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: