Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Нақтырақ айтсақ, ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселесі. Жақында әлеуметтік желіден филология ғылымының докторы, профессор Алма Қыраубаеваның ілгеріректе ұрпақ тәрбиесіне һәм білім саласына қатысты білдірген пікірін көзім шалып қалды. Онда: «…Бізде қазақ мектебі бар, бірақ ұлттық мектеп жоқ. Ең бастысы, қазақ баласын жасықтықтан құтқару керек. Оны құтқаратын кез – мектеп жасы. Ұлттық мектепке «рухтандырушы» мұғалім қажет. Қазіргі оқу жүйесі талантты мұғалімдердің ашқан жаңалықтарын қажет ете бермейді. Тек жүйе іштен, сырттан келетін тексеруге «оқушыны дұрыс көрсете білетін» мұғалімді жақсы көреді. Мұндағы барлық шаруа – көзбояушылықтың үлгісі. Шындығында, бала (оқушы) үшін емес, тексеретін комиссия үшін жасалады. Сол арқылы осылай тәртіп қалыптасқан мектеп бала үшін емес, бала мектеп үшін жұмыс істейді. Сондықтан да қазіргі мұғалімдер – сол мектептердің «жалған» абыройы үшін жүргендер. Бұл үшін оларды кінәлау да қиын. Осының бәрін жүйелейтін, жаңаша білім беретін, тәрбие беретін мектеп керек», – депті.
Әдебиеттанушы ғалымның айтып отырған мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ, сол көзбояушылық әлі бар. Алайда біздің ауданымыздың білім беру саласы өзге аудандармен салыстырғанда көш ілгері алда келеді. Тіпті ауданымызда республикадағы үздік білім беру ошақтарының қатарына енген үлгілі де озат мектептер бар. Десе де ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін мектептердің саны артса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені дәл қазіргідей алмағайып заманда бүлдіршіндер мен жасөспірімдеріміз, жастарымыз ақпараттық насихаттың жетегінде кетіп, одан да басқа түрлі азғындыққа азғырушылардың жымысқы әрекеттерінің құрығына ілініп, өзге елдің аранына жұтылып кетпеу үшін бізге ұлттық рух керек.
Ұлттың қорғаны – рухы. Ұлттық рухы мықты елді жау алмайды. Сол ұлттық рух адам бойына ана тілімен бірге сіңіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен күшейе бермек. Әрбір қазақ ұл-қызын орыс мектебіне немесе аралас мектепке бермес бұрын ойлануы тиіс. Бұл ешқандай да ата-ана құқығын шектеу немесе ұлтаралық араздық тудыруға себепші болатын арандату сөз емес, жай ғана бір-біріміздің бойымыздағы ұлтжандылық сезімімізді ояту үшін қажет. Әрине әр адамның, соның ішінде бүгінгі жастардың бірнеше тілді үйренгенін ата-ана ретінде, қазақ қоғамының бір мүшесі ретінде құптаймыз. Алайда ең алдымен бала ана тілінің уызын арда емуі керек. Бұл орайда біз жапондардың ұстанымын ескерсек, ұтылмаймыз. Яғни баланы есі кіргенше тек ана тілінде тәрбиелеп, мектеп бағдарламасына сәйкес барлық пәндер 12 жасқа дейін ана тілінде оқытылуы тиіс. Тек ана тілінде оқыту аздық етеді, әрине. Оқушы өз ұлтының салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен ұстанымдарынан мектеп қабырғасынан таныс болғанда ғана ұлттық сана қалыптасады. Ал ұлттық сана толыққанда, бала бойынан ұлттық рух жасындай ойнап шыға келеді. Кешегі Алаш қайраткерлерінің ұлт дегенде еміреніп, қанын төгіп, жанын беруге даярлығынан, тіпті қазақ халқының келешегі жолында бастарын құрбандыққа тіккенінен – олардың түпсанасында еркін далада тіршілік кешкен бабалардың алдаспандай рухы жаңғырып тұрғанын көреміз.
…Жақында шаштаразға бардым. Кезек көп. Бір келіншек екі кішкентай баласын алып келіп отыр екен. Төрт-бес жасар шамасындағы тете өсіп келе жатқан балалар бір-бірімен орысша шүлдірлесіп отыр. Анасы ана тілдеріңде сөйлеңдер демеді. Керісінше, балаларының өзге тілде сөйлегеніне сүйсініп, мақтаныш көріп отырған сыңайлы. Жас ұрпақ өз ұлтына, бабалар аманатына қиянат жасап жатқандай жаным шырқырап кетті. Шыдамай, көз алдымда шүлдірлесіп отырған екі баланың мән-жайын сұрадым. Шешелерінің айтуынша, ауданымыздың орталығындағы қазақ мектебінде оқиды екен. Отбасында барлығы қазақша сөйлеседі, көршілерінде де бір орыс жоқ. «Бақсам, бақа екен» демекші, бәріне кінәлі «Балапан» болып шықты. Таңнан кешке дейін «Балапан» арнасын көретін бүлдіршіндердің тілі «орысша» шыққан. Мен көріп жүрген «Балапан» арнасы қазақша сөйлейтінін айттым.
«Білмеймін, әйтеуір сол арнаны көреді ғой», – деді толық сары келіншек. Екі бүлдіршін «Тик-токтан» үйрендік» деп түзетті аналарының сөзін. Түсінікті болды. Демек ата-анасы балалармен бірге теледидар көрмейтін болып тұр. Баланы еркіне жіберсең, әсіресе ғаламтор алдындағы уақытын шектемесең, ұлттық рух былай тұрсын, бала өзінің ұлтын да ұмытып қалады ғой және оған бала кінәлі емес.
Жасыратыны жоқ, көбіміз жұмыстан шаршап келгенде өзіміздің жан тыныштығымызды ойлап, балаларымыз үйде оңаша қалғанда ғаламтордан не көріп жүргенін қадағаламаймыз. Олармен бірге отырып, ұлттық танымын кеңейтетін кітап оқымаймыз, мультфильм көрмейміз. Әйтпесе «Балапанда» балалар өнеге алатын тағылымды, тарихи дүниелер көп.
Қырғызстан Республикасы Парламентінің депутаты мәжіліс мінберінен «Балаларымыз «Балапан» көреміз деп өз ана тілін ұмыта бастады» деп дабыл қағуы да балаларға арналған қазақстандық арнаның идеологиялық қуатын көрсетіп тұр емес пе?!.
Сөз басында айтқан ұлттық тәрбие бізге дәл қазір ауадай қажет және оның жауапкершілігін тек мектептерге артып қойып, қарап отыруға тағы болмайды. Не істемек керек? Ұрпағымыз ұлтжанды болуы үшін, мемлекет, қоғам болып балаларға назар аударғаны жөн. Баланың тілі, ақыл-ой, санасы, таным-түсінігі ұлттық құндылықтардан нәр алуы үшін олардың жасына қарай халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі, тұтас тарихи жолы суреттелген қызықты, тартымды, тағылымды ертегілер, әдеби туындылар, мультфильмдер, тіпті кинолар түсіру керек және ондай жобалардан қаржымызды да, қажыр-қайратымызды да аяп қалмауымыз керек. Сонда ғана ұлт зиялыларының жоғарыда айтып жүрген «ұлттық мектептің» қабырғасы қаланбақ.
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!