Үлгілі ауыл Аққошқардың теп-тегіс асфальтталған көшелеріне тамсана жүріп, ауыл тұрғыны наубайханашының шаңырағына да келіп қалыппыз. Ыстық нанның жағымды иісі тәбетті ашып барады. Үйге кіргеннен-ақ ауылдың күйбең тіршілігіне көзің түседі. Қора маңында байланған бұзаулы сиыр тұр, жоңышқа мен мал азығы ұқыпты жиналған. Күбімен айран піскен әженің жанында бүлдіршін ойнап жүр. Бір сөзбен айтқанда, тыныштығы бұзылмаған жайбарақат қазақы ауыл өмірі көңілге қуаныш ұялатады.
Наубайханашы Фариза Әбдреева 2022 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында оқытылып, мемлекеттен 6 пайызбен 3 млн теңге несие алған. Тиісті қаражатқа Алматы қаласынан кәсіпке қажетті құрал-саймандарын алдыртады. Осылайша кейіпкеріміз «Әуелі Алла» деп кәсібін бастап кеткен.
Күніне 80 бөлке нан жабатын кәсіпкер тәтті нанымен бүкіл ауылды қамтамасыз етіп отыр. Фаризаның пісірген бөлке нанын Еңбектегі әр шаңырақтың дастарқанынан көруге болады. Оған қоса тәтті тоқаш, шелпек, тауық етін пісіріп, дүкендерге өткізеді. Осындай киелі кәсіпті қолға алған кейіпкеріміз биыл мемлекет тарапынан тағы да қолдау тапты. Нақтырақ айтсақ, Фариза үкіметтен қайтарымсыз грант алып, бүгінде төрт бұзаулы сиырды қораға байлаған. Мақсаты – сүт бағытында кәсіп бастау. Қазіргі таңда сүт, айран, ірімшік, құртын ауыл дүкендеріне өткізіп, кәсібінен береке тауып отыр.
– Нанды арнайы пеште пісіремін. Қауіпсіз әрі экологиялық таза. Мұнда әсіресе тазалыққа көңіл бөлемін. Қыздарыма күніне екі мезгіл тазалауды міндеттегенмін. Өйткені ас пісетін жер таза болуы керек. Кейде тазалықты тексеру мекемесінің өкілдері келіп тұрады. Бәрі талапқа сай. Нан пісіру оңай шаруа емес. Ауыл тұрғындарына ұнамай қалмасын деп барымды саламын. Ұнды ауылдан немесе аудан, облыс орталығынан алдыртамын. Бізде демалыс жоқ. Сенбі, жексенбі күні де істей береміз. Бір күн демалсаң, ауыл нансыз қалады. Кешке қарай нан таусылса, тұрғындар ренішін айтады. Шүкір, өнімге сұраныс жоғары, – дейді наубайханашы.
Кейіпкеріміз келешекте кәсібінің көкжиегін кеңейтуді мақсат еткен. Үлкен цех ашып, тек ауылды ғана емес, тұтас ауданды нанмен қамтамасыз етсем дейді. Сөзінің жаны бар, өйткені бүгінде аудан орталығындағы кейбір дүкендерге нан өнімдері облыс орталығынан немесе көршілес аудандардан жеткізіледі. Сондықтан өзімізді нан өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер қажет-ақ. Сонымен қатар кәсіпкер ауылдың жұмыссыз қыз-келіншектерін жұмыспен қамтығысы келеді. Бүгінде ол жергілікті әкімдікпен ақылдасып, екі азаматшаны жұмысқа алған.
Міне, шағын наубайхананың шарапаты бүкіл ауылдың экономикасына оң әсерін тигізіп отыр. «Еңбектің түбі – береке» деген осы болса керек.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!